Сауабы қиямет күніне дейін жазылатын амал

    854

    Мұсылман баласының жаны қайырымдылыққа жақын. Әр адам өзінің шама-шарқына қарай жақсылық жасап, қайырымдылық қылады. Дәулетті адам зекетін беріп, қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жәрдем қылса, қарапайым шаруа Құдай жолына ниет қылған садақасын қайырымдылыққа жұмсайды. Мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Өйткені Жаратушы Алла былай деп хабар береді:

    «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла толық біледі». (Әли Имран: 92)

    Аятта айтылғандай, адамның қайырымлыдық үшін жұмсайтын малы өзіне қымбат, бағалы әрі құнды саналатын дүние болуы қажет. Мысалы, егер қайырымдылық ретінде жоқ-жетімге үй салып беретін болса, онда салатын үйі сапалы, қыста жылы болуы тиіс. Сол сияқты мешіт салса, мешіттің іргесі мен негізі де берік әрі көркем болмақ керек.

    Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі үмбетіне көрсетіп кеткендей, сауабы үзілмейтін қайырымдылық амалына не жатады деген сұраққа келейік. Мұны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Егер дін исламдағы қайырымдылыққа жігерлендіру турасында айтылған аят пен хадистерді көптеу білсек, онда сөзсіз, ізгілік жолында бір-бірімізбен жарысқан болар едік. Себебі, адам қайырымдылықты басқасына емес, өзі үшін жасайды. Әбу Һурайрадан жеткен хадис құдсидің риуаятында Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай дегені айтылады:

    «Алла Тағала: Басқаға қайырымдылық қыл, өзіңе қайырымдылық жасалады – деп айтқан» (Бұхари, Муслим).

    Бірде Әли ибн Әбу Талибтің (р.а.) есігінің алдына бір қайыршы келеді. Әли өзінің ұлы Хасанға:

    – Анаңа барып: Әкем сізге алты дирһам берген екен. Соның бір дирһамын берсін – деп айта ғой, — дейді.

    Хасан анасына барып келеді де Әлиге:

    – Анам сіз ол дирһамдарды ұн сатып алу үшін берген деп айтты, – дейді.

    Әли (р.а.) күлімсіреп:

    – Пенденің қолындағы мал, Алланың сенімді қолына өтпейінше иманы расталмайды. Құлыным, анаңа маған алты дирһамды беріп жіберсін деп айта ғой, – дейді.

    Фатима анамыз (р.а.) Әлидің айтқанындай қолындағы алты дирһамды қайыршыға береді. Қайыршы кеткен соң, артынша Әлидің ауласына түйесін сатқалы жүрген бір адам келеді.

    Әли (р.а.) оған:

    – Ей, достым! Түйені қаншаға сатқалы жүрсін? – деп сұрақ қояды.

    Түйенің иесі:

    – Жүз қырық дирһамға сатамын – дейді.

    Әли (р.а.):

    – Түйені маған сат, бірақ ақшасын сегіз күннен кейін алып кетсең бола ма, – деп өтініш білдіреді. Түйенің иесі бұған келіседі. Әли түйені алып, ауласына байлап қояды.

    Арада біраз уақыт өтпей-ақ, бір адам байлаулы тұрған түйеге қызығып:

    – Мына түйе кімдікі? – деп сұрайды.

    Әли (р.а.):

    – Бұл – менің түйем – дейді.

    Түйге қызыққан кісі:

    – Сатасың ба? – деп сұрайды.

    Әли (р.а.):

    – Иә.

    – Қаншаға бересің? 

    – Екі жүз дирһамға сатамын – деді.

    Әлгі кісі:

    – Олай болса түйеңді мен аламын, – деп Әлиге екі жүз дирһам ұстатып, түйені алып кетеді.

    Әли (р.а.) жүз қырық дирһамды түйенің иесіне, ал қалған алпыс дирһамды Фатима анамызға беріп жатып:

    – Фатима, бұл Алла тағаланың: «Кімде-кім бір жақсылық істесе, оған он есе болып қайтарылады», – деп пайғамбарға (с.ғ.с.) айтқызып, берген уәдесінің орындалуы – дейді.

    Демек, басқа біреуге қайырымдылық қылсақ, өзімізге оралады. Расында да қайырымдылық қылған адам, зекет берсе де, жәшікке садақасын салса да «Құдайдан қайтады», «сауабы тиіп қалар», «басыма төнетін пәле аулақ кетсін» деген ниетпен береді.

    Ал енді сауабы мол және ол ақырет күніне дейін үздіксіз жүріп тұратын ізгілік амал бар десек, не айтар едіңіз? Әрине, бұған адамның қызығушылығы туады. Өзіңіз тірі кезіңізде жасаған ізгі амалдың сауабы бақилық болған соң да жазылып тұратын амалға кім қызықпас?

    Дәл сол сияқты бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабалармен отырған уақытта:

    – Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады, — дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап:

    – Уа, Аланың елшісі! Ажалдың өзі тоқтата алмайтын ол не қылған үш амал? — деп сұрайды.  Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

    – Біріншісі, жүріп тұратын садақасы; екіншісі, тастап кеткен пайдалы білімі; үшіншісі, өзіне дұға етіп отыратын тұяқ қалдырып кетсін, — деп айтады (Мүслим).

    Хадисте айтылып отырған «жүріп тұратын садақа» – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу. Адамдар бұл ғимараттарды пайдаланған сайын, сауабы солардың көтерілуіне демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларға, жалпы соған себепші болған кісілерге жетіп отырады.

    Бұлардың сауабы мен марапаты бұл дүниеде һәм ақыретте беріледі. Бұл дүниеде адамдар олар үшін рақмет айтып, БАҚ құраларында аттары атталып, алғыс хаттар берілсе, ақыретте сауабы Жаратушының құзырында. Сонымен қатар, сауап еш азаймайды.

    Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқан мәшһүр хадисы бар:

    «дәлун ғалал хаир ка фағилиһи» (Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең).

    Сол сияқты дін исламда жамандыққа себепші болсаңыз, сіздің артыңыздан жамандық жасаған барлық адамдардың күнәсі сізге жазылады. Өйткені, сол нәрсеге себепші болған өзіңіз. 

    Сонымен, халықтың жақсы өмір сүруі үшін су құбырын жүргізу, балаларға жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, оқып, жазу сауатын үйрететін білім ордаларын салу, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылары үшін жеңілдетілген немесе қайырымдылық емхана, асхана, дүкен салу, тіпті, ағаш отырғызу, көгалдандыру сияқты т.б. жұмыстар жасау – сауабы ақыретке дейін жетіп тұратын амалдарға жатады. Бастысы – ниеттің шынайы болуы.

    Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай: «Шын мәнінде амалдар ниетке қарай болады». Кімнің ниеті ақырет үшін, Раббысының разылығы үшін болса, Алла қаласа солай болмақ. Ал енді кімнің ниеті атақ пен абырой үшін болса, онда ниетіне сәйкес бұл өмірде қоғамдық атағы мен мансабына қол жеткізеді. Жаратушы бізді ниеті шынайы пенделерінің қатарына жазғай.

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

    дінтанушы