Қазіргі күнде қоғамдық ортада ислам атын жамылған радикалды ағымдардың қаупі туралы әңгімелер жиі көтерілетіндіктен, біз осы шағын мақала шеңберінде салафизмнің идеялық тұстарына аз-кем тоқтала кетуді жөн көрдік.

Осы орайда, ислам дінінің пайда болып, қанат жайған алғашқы дәуірлеріндегі кезеңде өмір сүрген дін қайраткерлері болған тұлғаларды идеалдандырудан және дінді қайта өрлету арманынан туындаған салаф ұғымы мен бүгінгі әлемде бой көрсетіп жүрген салафизм ағымы ұғымы бір еместігін айта кеткен жөн.

Сондықтан елімізде көрініс беріп отырған салафизм идеясын ұстанушыларды белгілі бір түрде саяси  идеология ретінде көрініс беретін уаххабизм идеясын ілгерілетушілер деуге болатын тәрізді.

Тақырып аясында көтеріліп отырған уаххабизм туралы айтқанда, оның бүгінгі Сауд Арабиясындағы түсінігі мен басқа елдерде, оның ішінде біздің елімізде, көрініс беруі бөлек екенін ескеру керек.

Уаххабизм ұғымы сонау орта ғасырдағы Ахмед ибн-Ханбал мен салафизмнің негізін салушы Ибн Таймийя ілімдерінен бастау алады.

Кейін ислам дінінің дамуының стадиялық, кезеңдік түрі ретінде саналатын, ең бастысы, арабтардың діни түсініктері мен ұстанымдарына сәйкес келетін Мұхаммед  бен Абд-ал Уаххаб ілімі жалғастырып, таратты. Дегенмен ол ұғым біздің қоғамымызда, басқа да посткеңестік елдердегі тәрізді, негізінен осы ортадағы дәстүрлі ислам діні түсінігіне сәйкес келмейтін идеялар мен ұстанушыларға қатысты теңеу ретінде қолданылады.

Қазіргі таңдағы салафизм бүгінгі мұсылман қоғамдарында бірден-бір жаратушы болып табылатын Алла Тағалаға сыйынуда бірқұдайлық қағидаттарға сыйыспайтын көптеген ақаулықтар бар деген пікірді ұстана отырып, исламды барлық жаңалықтан (бидғат) тазарту керек деген ойды алға тартады.

Оған сәйкес, Алла Тағалаға сенетін адам өз ойы мен әрекетінде жаратушыдан басқа қандай да бір субъектіні ойға алатын болса, ол белгілі бір түрде пұтқа табынуға (ширк) түсіп кетеді.

Салафизм пұтқа табынушылар да жалғыз Жаратушының бар екенін біледі, алайда олар оған басқа субъектілер арқылы (құдайлар, әулиелер) сыйынады дей отырып, осыдан көпқұдайлықты көреді.

Салафизм «дінге жаңашылдық енгізу» түсінігін жиі қолдана отырып,  дінге қайшы жаңашылдыққа «туған күнді тойлау, қандай да бір сыйыну әдет-ғұрыптары үшін ерекше бір күнді немесе аптаны белгілеу, әртүрлі сипаттағы діни мерекелерді, мерейтойларды атап өту, атақты адамдарға ескерткіштер орнату, бақилық болған адамды шығарып салу жиналыстарын өткізу, қаралы іс-шараларда бақи болған адамға жоқтау айту, бейіт басына құрылыс салу» тәрізді басқа да көптеген әрекеттер мен әдет-ғұрыптарды жатқызады.

Осы орайда, олардың көңіл толмаушылықтары осы айтылғандармен шектеліп қалмайтынын да айта кету қажет. Бір сөзбен айтқанда, олардың жаңашылдыққа қарсы сыни пікірлері мен ұстанымдарының кеңістік пен уақытқа байланысты  көбейе беретін заңдылығы бар.

Жалпы, салафизмнің араб түбегінен тыс жатқан мұсылман аймақтарында жергілікті әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді мансұқтайтын теріс идеологиясы ел азаматтарының бойында өзінің және ата-бабаларының тарихына «ұялатын» сезім тудырып, азаматтық пен отанға деген сүйіспеншілікті елемейтін ислам космополитизмін сіңіруді мақсат ететіндігімен қауіпті.

Діни радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің туындауына идеялық түрткі болатын салафизм ағымы ұлттық құндылықтарды, зайырлы қағидаттарды және демократиялық дамуды мақсат ететін мемлекеттік құрылысты мүлдем қабылдамайтын және өз түсініктеріне сай ислам мемлекетін орнатуға ұмтылатын қауіпті идея деуге болады.

Дәл осылай басталған процестердің қаншалықты теріс салдарларға алып келгенін бүгінгі күндегі Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы бірқатар елдердің мысалдарынан анық көруге болады.

Өкінішке орай, тарихи сананың таяздығы мен діни сауатсыздықтан туындайтын  өз тарихын жоққа шығару, ата-бабалардан жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды мансұқтау, зайырлы мемлекеттің саясатын радикалдандыруға талпыну және осы қатардағы басқа да  келеңсіз көріністер біздің қоғамды да айналып өткен жоқ. Және мұның салдарын біздің қоғамымыз өз басынан өткізіп те жатыр – оған діни радикализмге бой алдырып, теріс діни идеяны тарату бабымен жазаға кесілген, өз елін тастап, алыстағы Сириядағы соғыс қимылдарында опат болған және бүгінде «Жусан» операциясы арқылы соғыс аймағынан елге қайтарылған азаматтарымыздың күрделі тағдыры дәлел бола алады.

Жалпы, еліміздің азаматтары өздерінің дінге сену-сенбеу құқығына тәуелсіз мынадай қағиданы түсініп алғандары жөн: ислам діні —  қазақ халқының мыңдаған жылдардан бері ұстанып келе жатқан діни сенімі, ал зайырлы мемлекет — еліміздің заманауи дамуын айқындайтын маңызды қағидат.

Сондықтан радикалдық исламдық идеяларға тойтарыс беру бағытында мемлекет тарапынан іске асырылатын шаралармен қатар қазақ топырағына тән қалыптасқан дәстүрлі ислам түсінігі, онымен байланыста көрініс табатын ұлтымыздың тарихи-мәдени мұралары мен салт-дәстүрлері, демократиялық құндылықтар мен зайырлы қағидаттарға негізделген өмір сүру үлгілері заманауи қазақ қоғамын тұтастыққа ұйыстырып отырған рухани тұғыр ретінде кеңінен насихатталуы керек.

Осы ретте елімізде радикалдық идеяларға тойтарыс беру мәселесінде  фундаментализмге негізделген діннің саясилануы қысқа уақыттық құбылыс еместігін, оның мұсылмандар өмір сүретін қоғамдарда тұрақты құбылыс екенін ескеру қажет.

Демек діни радикализмді белгілі бір уақыт ішінде жүз пайыз толық еңсереміз деуден аулақ болып, оны қоғамдық санада қазақ ортасы қабылдамайтын аутсайдерлік құбылысқа айналдыруды мақсат ететін тұрақты жұмыстарға басымдық берген жөн.

Осы мәселеде қазіргіден бөлек қосымша қолға алынуы тиіс басқа да кешенді істермен қатар, дін саласындағы орталық уәкілетті органды және жергілікті атқарушы органдардың осы саламен айналысатын құрылымдарын бітпейтін ауыс-түйістерге сала бермей, оларға тұрақты жұмыс істейтін сенім бергенде ғана пәрменді нәтижелерге қол жеткізуге болатыны сөзсіз.

Мейрам ИМАНБАЕВ,
сарапшы