Медресе ашуға деген қажеттілік

САДУМ 1943 жылы құрылғаннан кейін Орталық Азияда Хақ дінді қайта өрістету үшін қал-қадерінше діни қызметтерді ұйымдастыруды қолға алды. Қоғамда қордаланып көптеген мәселелерді шама-шарқынша шешуге ат салыса бастады. Басқарманың күн тәртібінде – мешіт істері, уағыз-насихат, зекет пен садақа жинау, діни мерекелер мен атаулы күндер, жаназа шығару, жерлеу рәсімдері және т.б. мұсылман үмбетіне тән маңызды мәселелер тұрды. Соның ішінде ең өзекті тақырыптың бірі – мұсылмандар үшін діни білім беру ісі еді.

Кеңес үкіметі дінді қудалауды бастағанға дейін Орталық Азияда жүздеген медреселер жұмыс істеді. Коммунистік идеологияны түпкілікті орнықтыру үшін Кеңес үкіметі 1930-шы жылдары жаппай діни оқу орындарын жапқан болатын.

Ғасырларға жалғасқан діни білім беру дәстүрі осылайша пышақ кесті үзілген еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында САДУМ өзінің 1945 жылы өткен жалпы жиналысында медресе ашу туралы арнайы қарар қабылдады. Діни оқу орнын Ташкенттен ашу жоспарланып, таңдау тарихи негізі бар «Барақ хан медресесіне» түсті. Алайда, «Барақ хан медресесін» жұмыс істетуге сол кездегі САДУМ-ның қаржылық жағдайы мүмкіндік бермеді. САДУМ-ды қолдауға үкіметтің де әлеуеті бола қойған жоқ. Кеңес үкіметінің ІІ Дүниежүзілік соғыстың зардаптарын қалпына келтіруді қолға алуына байланысты, «Барақ хан медресесін» жандандыру кейінгі ысырылды.

Барақ хан кім?

Задында, Барақ хан көшпелі өзбек мемлекетінің билеушісі Әбілқайыр ханның (1428-1468 жж) тоғызыншы ұлы Сүйініш ханның бел баласы еді. Шайбанилер мен Темір әулеті қырқысқанда, Сүйініш ханның немере інісі Мұхаммед Шайбани ханның негізгі жақтаушыларының бірі болды. Мұхаммед Шайбани хан өлгеннен соң (1509 ж) Сүйініш хан Ташкент уәлаятын жеке-дара биледі. Ол 1525 жылы қайтыс болғаннан кейін Ташкент билігін оның ұлы Наурыз Ахмет хан қолына алды. Оны жұрт Барақ хан деп те атайтын.

ХVI ғасырдың орта шенінде Мәураннахрды жаулап алған шайбани әулетінің ауызбіршілігі ыдырап, Самарқанға – Абдуләтип хан, Бұқараға – Абдулазиз хан, Ташкентке – Наурыз Ахмет хан иелік етті. Ішкі талас-тартыстарда жолы болған Наурыз Ахмет хан 1551 жылы Самарқанды басып алып, тұтас Шайбани билігіне қол жеткізді.

Оның дұшпандарына деген қаталдығымен, Хақ дінге деген махаббатымен аты шықты. Көзі тірісінде өзінің атынан Ташкентте «Барақ хан» атты зәулім медересе салдырды. Ташкент қаласына тарихтың әр кезеңінде Бұқар, Қазақ, Қоқан хандықтары иелік еткен тұста, сондай-ақ, Ресей патшалығының колониясына айналған кезде де, «Барақ хан медресесі» тиісінше жұмыс істеп тұрды.

    Діни оқу орнының ашылуы және медреселердің біріктірілуі

Соғыстан кейінгі жылдардағы әлеуметтік ахуалдың түзелуіне САДУМ-да өз үлесін қосты. Сол жылдары «Барақ хан медресесінде» үй-күйі жоқ жиырма төрт отбасы тұратын. Кеңес үкіметі оларды баспанамен қамтамасыз еткенге дейін САДУМ діни білім беруді бастамады. Медресе ғимараты босағаннан соң халықтан жылу жиналып, 1946 жылы «Барақ хан медресесіне» күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Оқу орнының дайындығына Қарақалпақстандағы «Султан Баба», Бұхарадағы «Қожа Бахауддин», Самарқандағы «Шахи-Зинда» және өзгеде зиярат орындарынан айтарлықтай көмек көрсетілді.

«Барақ хан медресесі» бірнеше рет қайта жөндеуден өткеніне қарамастан, Кеңес үкіметінің дінге деген керітартпа саясатының нәтижесінде діни білім беру тым кешеуілдетті. Ақыры 1956 жылы Ишан Бабаханов муфтидің басшылығымен медресенің ашылу салтанаты өтті.

Осы жылдан бастап «Барақ хан медресесіне» жапсарлас орналасқан «Тіллә Қари» мешітінде діни білім беріле бастады. Алғашқыда 1-ші және 2-шы сыныпқа 35 шәкірт қабылданды. Жатақхана ретінде «Барақ хан медресесінің» қарсысындағы Хамза көшесінен жеке үй жалға алынды.

САДУМ 1957 жылы діни білім берудің жаңа жоспарын жасады. Бұл жаңа жаспар бойынша діни орталау білім берудің 1-ші сыныптан 5-ші сыныпқа дейінгі бөлігі Бұқарадағы «Мір-Араб медресесінде», 5-ші сыныптан 9-шы сынып аралығы Ташкентте «Барақ хан медресесінде» оқытылатын болды. Барақ хан медресесінің райсы болып білікті маман – Сиражиддин Зияуддинов тағайындалды.

Ал, ұстаздар құрамында Фазылқожа Садыққожаев, Мухиддин Бабақожаев, Сулейман Қары Хамидов, Мұхаммед Амин Абдурахманов және т.б. мамандар жұмыс істеді.

САДУМ-ғы ең көп жиі өзгеріске ұшыраған салалардың бірі, ол – діни білім беру іс еді. Басқарма 1961 жылы діни білім беру орындарын қысқартуды қолға алды. Әлбетте, оған Мәскеудің де ықпалы болғаны анық.

«Мір-Араб» пен «Барақ хан медресесі» біріктіріліп, 1961 жылдан бастап «Мір-Арабқа» талапкер қабылдау тоқтатылды. Екі медресе қосылғаннан кейін ұстаздар арасында да қысқартулар орын алды. Мысалы, «Барақ хан медресесінің» ұстаздары Шах Исламов пен Фазылқожа Садыққожаев жұмыстын шығарылды. Олардың орнына Абдуллажан Каланов, Мұхаммед Зияев, Нұғман Қажы (тәпсірмен хадис), Абдулатиф Султанмурадов (Құран) және Мұхтаржан Абдуллаев (сарф, наху) жұмысқа қабылданды.

Алайда, 1963 жылы Нұғман Қажы мен Мұхаммед Зияев та жұмыстан босатылды.

Қызметтен босаған ұстаздардың негізгі дені Кеңес үкіметі құрылғанға дейінгі уақытта діни білім алған азаматтар еді. Ал, ұстаздық қызметін жалғастырушылардың көпшілігі САДУМ құрылғаннан кейін діни білім алған шәкірттер болатын. Яғни, Хрушевтің кезіндегі дінге қарсы күрес күшейтілген тұста, САДУМ Хақ діннің қас жанашырларынан тазаланып, олардың орнына КГБ-мен байланысы бар Кеңес үкіметі кезінде діни тәрбиеленген мамандар жұмысқа тартылды. Мысалы, «Барақ хан медресесінде» ұстаздық қызметін жалғастырған Абдуллажане Каланов, Мұхтаржан Абдуллаев, Абдулатиф Султанмурадовтар Кеңес үкіметі тұсында діни білім алған азаматтар еді.

               «Барақ хан медресесінің» жұмысын тоқтатуы

Брежнев дәуірінде Кеңес үкіметі «Варшава фактісіне» мүшелікке мұсылман мемлекеттерін де тартуға ұмтылды. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы мұсылман мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнату үшін өз қақпасын айқара ашты. Әсіресе, Мысыр, Сирия, Ирак, Ливия, Алжир, Ауғанстан елдерімен барыс-келіс күшейді. Осы тұста, Кеңес үкіметі мұсылман әлемімен жақындасу үшін өз ішінде ислам дінін ұстануға еркіндік берілгенін көрсетуі қажет еді. Сондай-ақ, ислами оқу орындарын ашық қолдайтынын да білдіруі шарт болатын. Кеңес үкіметі осы саясаттың негізінде институт деңгейіндегі исламдық білім беретін оқу ордасын ашқысы келді.

Сөйтіп, 1971 жылы «Барақ хан медресесі» жабылып, оның орнына «Имам Бухари атындағы Ислам институтын» ашты. Аталған институт та Кеңес үкіметінің соңғы кезеңінде заман талабына сай жоғары діни білімді мамандар даярлайтын бірегей оқу ордасына айналды.

Түйін

Хақ дін мұқым ғаламға түсірілгеннен бері қаншама ислами білім беретін оқу орындары жұмыс істеді. Әрбір оқу орны қараңғылықтың пердесін серпіп, надандықтың көбесінің сөгілуіне мейлінше өз үлестерін қосты.

Сондай білім ошақтарының бірі – «Барақ хан медресесі» еді. Медресе бес ғасырға жуық уақыт Хақ діннің шамшырағы болып, Орталық Азия мұсылмандарына білім нәрін төкті. Барақ хан медресесінде қаншама жастың буыны бекіп, қанаты қатайды.

Ал, олар болса, қалың бұқараға қалтықсыз қызмет етіп, Хақ діннің өрісін кеңейтті. Яғни, біз бүгінгі рухани бигімізге «Барақ хан медресесі» секілді  іргелі оқу орындарының арқасында қол жеткізгенімізді ұмытауымыз керек.

Мұхан ИСАХАН

Пікір жазу