«Рухани-адамгершілік құндылықтар» пәні қажет пе?

    769

    Елімізге белгілі дінтанушы, философия ғылымының кандидаты – Кеңшілік Тышқанұлы Қазақстандағы дін саясатына жаңа өзгерістер қажет екенін айтып, дін саласының маманы ретінде әлеуметтік желідегі парақшасында өз тарапынан нақты төрт ұсыныс жазды.

    Кеңшілік Тышқанұлы ең алдымен радикалды ислам бағыттарына қатаң тыйым салу керек дейді.

    «Радикалды ислам бағыттарына (сəлəпшылық, Құраншылық т.б) қатаң тиым салу керек. Райларынан қайтпаған жағдайда мәжбүрлі бейімдеу лагерлеріне орналастырып мамандардың көмегімен көзқарастарына ықпал ету керек.

    Қазір елімізде ондаған мың өкілдері бар діни ағымдардың үйінде жүздеген мың балалары өсіп келеді. Бұл болашақ үлкен ұлтішілік қақтығыстардың себепшілері. Бұл пікірім бір айлық Сириядан оралғандармен жұмыс барысында нақты дәйектелді. Мен де, бұл салаға қыруар қаржы бөлініп жатыр, бұлар ауыздықталса қаржы бөлінбейтін болады, көптеген мекемелер қаржысыз қалады, осылай жүре берсін деп ойлауыма болар, бірақ елдің рухани тұтастығынан қымбат ештеңе жоқ! Сондықтан елдің жаңа басшылығынан дін саясатына қатысты жаңа, нақты шешім күтемін!»,-деп жазды ол.

    Дінтанушы еліміздің мектептерінде «рухани-адамгершілік құндылықтар» атты жаңа пән енгізу қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ «тарихта болмаған деңгейде қазақтар шоқынып жатыр» деді ол.

    «Мектептен ақша аяған ел түрме салады демекші, қазақ мектептерінде ұлт руханиятын балалардың бойына сіңіретін «рухани-адамгершілік құндылықтар» пəнін тез арада енгізу керек! Өз ұлтының өткенін, руханиятын, тұлғаларын олардың құнды ойларын түсінбеген, көкейіне тоқымаған ұрпақ ұлтқа қызмет етпейді, керісінше өзгенің қаңсығын таңсық көреді.

    Тарихта теңдесі болмаған деңгейде қазақты шоқындыру жүріп жатыр. Прозелитистік ұйымдардың қызметін қатаң шектеу керек. Дін саласын еркіне жіберіп əлемдік имидж іздеудің қажеті жоқ. Бұдан былайғы ұлтқа келетін қауіп дін жамылып келеді»,-деді ол екінші және үшінші ұсынысында.

    Ал төртінші ұсынысында маман діни некеге заңдық анықтама қажеттігін, ол саланы қатаң реттемегендіктен елімізде ажырасу, жетім мен жесірлер санының артып жатқанын айтқан.

    «Жалпы дін атынан неке, талақ түсінігі ұлттың құндылығы мен дәстүрін жоюда. Ажырасу, жетімдер мен жесірлер мәселесі ұлттық проблема деңгейіне жетті. Бұл саланы қатаң реттейтін уақыт болған сияқты. Жауапкершілік тетіктерін қарастырып діни некеге заңдық анықтама беру керек…» — деді ол.

    Бұл ұсыныстар көпшілік пікірін екіге жарды. Бірі – қолдаса, бірі қарсы пікір айтып отыр. Осы ұсынысқа қарсы пікір білдірген саясаттанушы Жанбота Қарашолақовтан пікірін сұраған едік. Өз ойын кеңірек жеткізіп, талдап айтып берді.

    «Қазіргі ашық ақпараттық толқын заманында рухани мәселеге шынында назар аудару керек. Әсіресе жастарымыздың арасында мұндай жалпы адамзатқа тән құндылықтарды, оның ішінде қазақы болмысқа тән, имани құндылықтарды, тәрбиелеуіміз керек. Бірақ ол үшін арнайы бір пән бөлу керек дегенмен  келіспеймін. Ол тәрбиені жаңағы мектептегі «Өзін-өзі тану», «Тарих» пен «Дінтану» осы үш пәннің аясында рухани адамгершілікті мектепте жастардың арасында тәрбиелеуге болады. Екінші, мектептерде тек қана теориялық тұрғыда емес, сонымен қатар еліміздегі орта білім беретін мекемелер, оның ішінде лицейлер, Назарбаев инттелектуалдық мектептері, Білім-Инновация лицейі сынды білім ордаларында практикалық бағдарлама ретінде сондағы жастарымызды руханилыққа, Кеңшілік мырза атап өткен тақырыпқа тәрбиелейтін бөлек бағдарлама керек. Мысалы «Ұлтаралық келісім» тақырыбын алсақ, жергілікті аймақтағы оқушылар мұражайға барып, аймақтанумен айналысатын лекторлар мен эксперттерден дәріс алса,  «Достық үйіне» барса, «Дінтану» пәнінің аясында мешіттер мен шіркеулерге барса.

    Мектептегі пәндерге жастарды практикалық тұрғыдан тәрбиелейтін формаларды енгізу керек деп ойлаймын. Сонда жастарымыз әр түрлі ұйымдарды, конвенцияларды көздерімен көріп, жақын танысады.

    Тіпті ересектерін түрмелерге апарып көрсету керек. Бұрындары «Валеология» деген пәннен бізді мектепте наркодиспансерге апарған. Сонда біз нашақор адамдардың қалай қиналып жатқанын, оларды қалай емдеп жатқанын көзімізбен көріп қайтқанбыз. Қазіргі жастарға да осындай практикалық дәрістер қажет. Осы арқылы жастарымыздың рухани-адамгершілік құндылықтары дамып, беки түседі.

    Радикалдарға арнап лагерь салу туралы ұсынысқа келсек, бір ғана жолмен жат ағымдағы азаматтармен күресе алмаймыз. Кешенді түрде күрес жүруі тиіс.

    Бірінші, мешіттердің жанында діни білім беретін орталықтар ашылуы керек. Кезінде Қызылордада Діни кеңес беру орталығы жұмыс жасады. Орталық мешітке барып жүрген жастар білім беретін мекемеге барып, сондағы теологтар мен дінтанушылардан өздеріне қажет ақпараттарын алып, диалогқа түсе алатын. Себебі арнайы сұрақтармен келген адамдардың әрқайсысымен отыруға имамдардың уақыты жетпейді. Күнделікті рәсімдері бар, жаназаға барады, жұмалары бар дегендей.

    Ал жүздеген келіп жатқан жастармен күнделікті қарым-қатынас жасауға үлгере алмайды.  Сондықтан мешіт маңында Нұр-Мүбаракты бітірген, шетелде діни білім алып келген мамандар отырса, осы арқылы радикалдардың базасы азаяды. Бұл бірінші әдіс, ал енді райынан қайтпайтын, өзінің жат ағымда жүргенін түсінбейтіндермен туыстарының келісімімен, Кеңшілік мырза айтып отырған оңалту лагерьлеріне апаруға болады. Бірақ ондай лагерьлерді құру үшін өте үлкен қаражат кетеді. Екіншіден, шетелдер тарапынан көптеген сындар айтылады. Үшіншіден, жастардың өздері бейімделгісі келмесе, ол өте қиын нәрсе. Әрине біз бейімделгісі келмейтін жастардың іс-әрекеттерінің соңы неге әкелетінін көріп отырмыз.

    Сондықтан бұл ұсынысты жақсылап талқыға салу керек. Сосын мемлекеттік ұйымдардың іс-жұмысына қатысты болмақ. Кезінде біз детструктивті ағымдағы адамдарға қатысты заң қабылдаймыз дедік. Өкінішке орай ол заң қабылданбай қалды.

    Бірақ қоғам детструктивті ағымдардың идеяларының таралуын шектейтін, олардың үгіт-насихат жүргізуіне қатаң тыйым салатын заңды күтіп отыр.

    Төртінші мәселе, құқық қорғау ұйымдарының іс-әрекеттері. Осындай ағымда жүрген азаматтар заңды бұзбаса, әрине оларға тікелей құқықтық ұйымдар ештеңе дей алмайды. Себебі олардың кейбірі күнделікті саудаларын жасап, өздері жамағат болып жиналып, білімдерін алып, отбасыларын асырап жүр.

    Сондықтан осы жағына келгенде құқықтық органдардың мүмкіндіктері шектеулі. Радикалдар қандай да бір қылмысты жасағанда ғана оларды жазалауға болады. Бірақ бейбітшіл бола тұра, жат ағымда жүрсе оларға ештеңе істей алмайды.

    Радикалды ағымдағылар өз әрекеттерін көбінше жасырын түрде жасайды. Бұл философия қай уақытқа дейін қолданылатыны белгісіз. Бірақ олардың әрқайсысының отбасыларында екі-үштен балалары ержетіп келе жатыр. Сол балаларды да олар өздері кірген діни ағымның аясында тәрбиелеп жатыр.

    Ертең қақтығыс болмау үшін, Кеңшілік ағаның ұсынып отырған бейімдеу мәселесі болашақ үшін қажет. Ол кісі бүгінмен ғана емес, ар жағын, болашақты болжай айтып отыр.

    Көбісі бұл ұсыныспен келіседі. Ал оның саяси зардабы тимес үшін билік қаржыландыру мәселесін, оларды құқықтық тұрғыда оңалту орталығына жатқызу мәселесін, шыққанан кейін райларынан қайтқандарын тексеру механизмдерін ойластыру қажет. Мұнымен тек дінтанушылар ғана емес, мемлекеттік органдар, құқық саласының мамандары, саясаттанушылар, осы проблеманы шешудегі мүдделі топтар бірігіп, бір бағдарлама құру қажет.

    Шоқыну туралы мәселені айтар болсам,  қазір елімізде шоқынып кеткен 100 мыңдай қазақ бар. Оның ішінде әртүрлі жаңа христиандық бағыттағы ағымдар бар. Шоқынып кеткендердің де отбасылары бар, олар да өз дінін насихаттап, өз қауымдарының ішінде араласып жүр.

    Біздің заңымыз 2012 жылдан бастап далада, көшеде діни насихат жүргізуге тыйым салған. Мемлекет заңсыз миссионерлік бағыттағы топтарға дәл осылай бақылауды күшейту керек. Кейбір азаматтар жаңа дінді қабылдасам жағдайым түзеледі, шетелге шығуға мүмкіндік аламын, жаңа таныстар пайда болады деп ойлайды. Салдарынан білместікке ұрынып, денсаулығынан, мүлкінен айырылып рухани күйзеліске ұшырайды.

    Енді біреулерді жақындары мәжбүрлеп жатады. Мұның факторлары әртүрлі. Жалпы бұл өте қызық тақырып. Өзге діндегі қазақтардың мотивтарын түсіну үшін арнайы зерттеулер жүргізілуі қажет деп ойлаймын.

    Айжан Бақдаулетқызы,

    журналист