Дін саласындағы тұрақтылықты сақтаудың мемлекетіміз үшін маңызы 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы алғашқы жолдауында қоғамдық келісімді нығайтудың өзектілігіне тоқтала отырып, қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра берудің маңызы туралы айтқан болатын.

Қоғамда этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайту саясаты ұлттық араздық пен дінді желеу ететін экстремистік идеяларға нақты тосқауыл бола алатын маңызды тетік. 

Сондықтан да мемлекетіміз осы бағыттағы өз саясатын тәуелсіздігіміздің 28 жылының  өн бойында бірізді және кешенді түрде іске асырып келеді.

Жалпы, қазақстандық бірегейлік туралы айтқанда сан ғасырлардан бері халқымыздың діни-рухани тұтастығын қамтамасыз етіп келе жатқан қазақтың дәстүрлі дінінің қоғамымызда ерекше рөлге ие.

Халқымыздың тарихи дамуына үлес қосып келе жатқан өзіндік ерекшелікке ие діни дүниетаным бүгінгі күні де ұлтымыздың рухани жаңғыруына септігін тигізіп, еліміздің бірлігі мен ұлтымыздың тұтастығының сақталуында жасампаздық рөл атқарып отыр.

Дінаралық келісімді сақтау мен нығайту еліміздің бүгінгі және болашақтағы дамуының басты кепілдіктерінің қатарында тұрақты өлшем ретінде қала береді.

Мемлекетіміздің конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, діни сенімді құрметтеу арқылы қоғамдағы өзара сенімге негізделген  ауызбіршілікті сақтауға тек билік ғана емес, азаматтар да шынайы мүдделі болуы тиіс. Біз сонда ғана ертеңімізге сеніммен қарай алатын іргесі берік жұрт бола аламыз.

 Қоғамда салтанат құрып отырған дін саласындағы тұрақтылыққа теріс ықпал ететін факторлар

Еліміздегі діни ахуалдың бүгінгі тұрақты жағдайы туралы айтқанда кез-келген басқа салалар тәрізді дін саласына да келеңсіз әсер ететін факторлар бар екені анық. Әрине, бұл қатарда ислам дінінің халқымызда жоқ бірбеткей түсініктерін алға тартып, қазақ қоғамының тұтастығына сына қағып жүрген радикалдық ағымдарды айтпай айналып өте алмаймыз.

Осы орайда, дінмен байланысты көрініс табатын ойлар мен әрекеттердің барлығы оңды сипатқа ие бола бермейтінін өмір шынайылығы көрсетіп отыр. Өкінішке орай, діннің қоғам өміріндегі орнының өсе түсуімен тұрғындардың діни өмірінде теріс сипаттағы көріністер де бой көрсетіп отыр.

Елімізде сан ғасырлар бойы халқымызда қалыптасқан діни түсініктерге қырын қарайтын, өз ұстанымдарын  мемлекеттің дін саласындағы талаптарына қарсы қоятын  азаматтар пайда болып, тіпті дінді саясиландыруға талпыныстар жасалды.

Мұндай үдерістердің бой көрсетуіне қоғамдағы діндарлықтың өсуімен қатар деструктивті әлеуетке ие шеттен келген діни-саяси идеологиялардың таралуы да үлкен ықпал еткені айтпаса да түсінікті.

Нәтижесінде, өткен ғасырдың 90-жылдарынан қоғамымызға сыналап кірген жат діни идеялар 2010 жылға таман қоғамда діни идеологиялық текетірестерді тудырып, мұның аяғы террорлық әрекеттерге ұласқанын да білеміз.

Десек те, мемлекет тарапынан дер кезінде қабылданған пәрменді шаралардың арқасында діни радикализмнің тым шеткері көрінісі болып табылатын экстремизм мен терроризм лаңы уақытында тоқтатылды.

Діни радикализм идеяларына елітіп мемлекетімізге тәкфір жариялаған, елімізді «діни бостандық жоқ ел» деп айыптап, шетелдерге қоныс аударған азаматтарымыздың бүгінгі тағдырын «Жусан» операциясы арқылы елге оралып отырған қаракөздерімізден көріп отырмыз.

Исламдағы тәкфір және жихадшылық идеясын басшылыққа алатын ағымдардың идеологиясы

Исламдағы «тәкфір», «жихад» мәселелерінің теологиялық тұстарын және діни мәселеде адасып жүрген азаматтардың қателігі туралы ислам теологтары айта жатар, ал мен осы ұғымдардың қоғамдық-саяси көрініс беруіне қысқаша тоқтала кетейін.

Қазіргі таңда қоғамдық санада аталған екі ұғым саяси және конфессияаралық зорлық-зомбылықпен байланысты көрініс табатындықтан, олар көп жағдайда ислам дінімен бір деп қарастырылады.

Бүгінде бұл ұғымдардың қате түсінігін еңсеріп, тәкфір мен жихадтың экстремистік түсінігін басшылыққа алатын діни ағымдардың мақсатты әрекеттеріне тосқауыл қоя білу аса маңызды.

Бұл жерде барлық әлемдік діндердің, оның ішінде ислам дінінің гуманизм мен ізгілікті басшылыққа алатынын және насихаттайтынын айтып жату артық болар.

Исламды мұсылмандар мақтаса өз діні болғанынан деп қабылданар десек, ислам дінінің гуманистік мәні туралы «ислам – ең біріншіден, басқа діндерге төзімділік танытатын дін.

Сондықтан оны өзіне қарсы ойларды қылыш пен отпен жоюға ұмтылатын дін ретінде қарастыру барып отырған өтірік» деп айтқан француз ғалымы Лев Поляковтың сөзі дәлел бола алады.

Әрине,  исламды бетперде еткен лаңкестердің өткен ғасырдың орта кезінен бастау алған қанды әрекеттері ислам діні мен осы дінді ұстанатын мұсылмандарға жақсы ат бермегеніне бүгінгі күні бәріміз куә болып отырмыз.

Осы кезеңнен бастап бірқатар ислам елдерінде исламның бүкіл мәнін қарулы жихадқа апарып тіреген радикалдық сектанттық ұйымдар мен идеологтар бас көтерді. Олар үшін зорлық-зомбылыққа жүгіну мақсатты түрдегі діни-құқықтық дәйекке ие болып, билік үшін күрес құралына  айналды.

Сәйкесінше, осындай теріс ағымдар исламдағы қарулы жихад пен радикалдық тәкфір ұғымдарын, яғни дін үшін соғысу мен дінсіздікпен айыптауды өздерінің негізгі идеологиясына айналдырды. Саясаттануда жихадшылар деп аталатын осы топтардың мысалы ретінде теріс атымен әлемге танылған, біздің еліміздегі қызметіне заңмен тыйым салынған «Әл-Каида», «Ат-тәкфір уал-хижра» ұйымдарын айтуға болады.

Осы орайда, радикалдық сипаттағы жихадшыл және тәкфіршіл ағымдардың пайда болуы дін ретіндегі исламмен байланысты емес екендігін, олардың нақты әлеуметтік себептерден туындайтынын айта кету керек.

Әдетте мұндай ағымдардың белсенділігі саяси биліктен ұзақ уақыт бойы береке кеткен, соның нәтижесінде қақтығыстар орын алып отырған, әкімшілік басқару жүйесі қираған және модернизациялану үдерісінен шеттеп қалған аймақтар мен елдерде белең алады.

Осы тұрғыдан алар болсақ, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың Қазақстанда орын тебуіне еш орын жоқ.

Елімізде саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани даму мен жаңаруға бағытталған реформалар сәтті жүзеге асырылуда және ол алдағы уақытта одан әрі қарқын алатыны анық.

Діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауда және діни радикализм мәселесін еңсерудегі жұмыстардың ортақ идеологиялық негіздері

Мемлекеттің дін саласын күн тәртібінен түсірмей, осы салада орын алып отыратын өзекті мәселелерді жүйелі шеше алатын әлеуетінің нәтижесі екені анық.

Мемлекет тәуелсіздік алған кезден бастап дін саласында қордаланып қалған бірқатар мәселелерді 2011 жылы дін саласында арнайы уәкілетті орган құрып, дін саласын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдау арқылы шешімін таба алған болса, діни радикализмнен туындайтын экстремизм және терроризм көріністеріне дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнамалармен қатар 2013 жылдан бері іске асырылып отырған кешенді мемлекеттік бағдарлама арқылы лайықты жауап беруде.

Бәрімізге мәлім, бүгінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда.

Сонымен қатар, дін саласындағы жұмыстарды пәрменді іске асыру мақсатында 2017 жылы уәкілетті органмен әзірленген және сол жылы Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Дін саласындағы  мемлекеттік  саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы де өзінің оң әсерін тигізуде.

Қазіргі күнде мүдделі мемлекеттік органдармен радикалды діни ағымдардың идеяларының таралуына жол бермеу, заңсыз діни уағыз жүргізу, жасырын діни жиындар мен радикалды діни әдебиеттерді таратудың жолын кесуге бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізілуде.

Нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде дәстүрлі емес радикалдық ағымдардың белсенділігі күрт төмендеп, теріс ағымда жүрген азаматтарымыздың өз қателіктерін түсініп, дәстүрлі рухани құндылықтарға бет бұруы анық байқалуда.

Жалпы, дін саласында қолға алынып, іске асырылып отырған кешенді жұмыстардың арқасында біздің қоғамымызда жат діни ағымдардың ұстанымдарын жақтырмайтын көзқарас толыққанды қалыптасты деуге болады.

Мұны мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен, діни бірлестіктермен және қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын белсенді азаматтармен бірлесіп, іске асырып отырған жұмыстарының нәтижесі деп түсінуіміз керек.

Осы жұмыстардың алдағы уақытта да толастамай іске асырыла беруі қоғамдағы діни ахуалдың оңды бағытта дамуына жағымды ықпал ете беретін болады.

Мейрам ИМАНБАЕВ,
Дінтанушылар конгресінің сарапшысы

Пікір жазу