Псевдосәләфизм ағымының өкілдері есірткімен әуестене ме?

    574

    «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді. Қасқырдың терісін жамылған қой секілді Ислам дінінің атын жамылып, елдің іргесін сөгуге ұмтылып жүргендер қатарының көбейгеніне алаңдамасқа болмас. Бұл ретте әңгіменің бір тармағы дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысты екені белгілі. Қайсысын айтсақ та, радикалды және діни фанатизмге қатысты жайттардың барлығы дерлік қоғамның өзегін жұлуға әзір тұр.

    Әсіресе, соңғы жылдары сәләфизмнің зияндылығына қатысты материалдар БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде көптеп жазылды. Біреулер теріс ағымның қауіптілігін айтып пікір қалдырса, ал кейбіреулері орынсыз айыптау екенін жазды.

    Сәләфилер «нағыз мұсылманбыз» деген ой жетегінде жүргенмен, адасушы һәм адастырушы бағыт екенін анық білмейтін секілді. Олар көптеген отбасын ойрандады. Дәстүрлі дінді аяқасты етіп, имандылардың атына ұят келтірді.

    Тіпті әлеуметтік желілерде бұқара халықтың бұларға жаза берілу керек емес пе деген уәждерін де оқисың?!

    Жаза алып, айыппұл төлеп жатқардары да жеткілікті. Тіпті, жекелеген азаматтарға заң аясында уағыз айтылуына тыйым салынып, кейбір азаматтардың жасаған заңға қайшы әрекеттері үшін жазаланып та жатыр. Теріс ағым өкілдері тек радикалды уағыз айтқаны үшін ғана жазаланып жатқан жоқ. Олар дін ұстана отырып, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіріп, ар-ұят дегеннен аттап, ақылды, діндар адамға жараспайтын теріс қылық жасап жүр.

    Мәселен, өткен жылы діни алауыздық тудырғандар кімдер?

    Телефон арқылы экстремистік сипаттағы материалдарды таратқандар кімдер?

    Экстремистік деп танылған Д.Махаматовтың аудио және бейне уағыздарын өздерінің сатылымындағы смартфондарына жүктеп сатқан кімдер?

    Азаматтардан ақша бопсалағандар мен мұнай ұрлығына қатысы барлар ше?

    Әйелін ұрып, балаларын зар еңіреткен кімдер?

    Әйел-қыз зорлағандар кімдер?

    Әрине тізбектей берсек мұндай үрейлі кемшіліктер көп-ақ. Бұлардың барлығын жасаушылар сәләфизм ағымын ұстанушылар екенін дөп басып айтуға болады. Дегенмен мұндай қылмыстарды жасап жатқан басқа да азаматтар бар. Айтайын дегенім, сәләфизм ағымын ұстанушылар дәстүрлі болмаса да дін ұстанушылар екені анық.

    Енді тақырыпқа қарай ойыссақ. Жақында Ермек Құрманғалитегі деген азамат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Сәләфилік ағымды ұстанатындардың кейбірі марихуана шөп шегеді. Көздері қызарып, «ерекше кайфпен» намаз оқып тұрады. Құранда арақ харам, ал шөп туралы жазылмаған дейді. Ал денсаулықтың Алланың адамға берген аманаты екенін айтсаң, Құран хадистен дәлел сұрап шыға келеді» деп пікір қалдырыпты.

    Кейбіреулер бұл пікірге қосылса, ал бұл мәселеге қатысты нақты дәлел сұрап жазған блогер Жолымбет Мәкіш: «Фактімен сөйлеу керек, Ереке. Оларды жақтағаным емес, бірақ солар біз сияқты дінде солқылдақ емес. Арақ ішіп, темекі шегіп, зина жасап жүрген жоқ. Олар да біреудің ағасы, інісі, баласы, әкесі. Өз ішімізден шыққан. Кінә оларда емес, осындай ұсақ-түйек әңгімеден басқасын білмейтін, арам мен адалды, әурет деген нәрсенің не екенін білмейтін сауатсыз халықтың өзінде кінә! Дінде үлгі көрсететін адам жоқ» дейді.

    Ал белгілі дінтанушы ғалым Мұхан Исахан: «Сәләфилердің бәрін сөге жамандауға болмайды, әрине. Бірақ, теологиялық оңалту жұмысын жасап жүрген мамандар шөп шегетін дінпаздарды жақсы біледі. ШҚО-ға қарасты бір қаланың сәләфилерінің көбісі солай» деп пікір қалдырған.

    Сөзіміз дәлелді болуы үшін өткен жылдың қараша айында Түркістан облысында намаз оқып, діни білім алатын бөлмесін есірткі қоймасына айналдырған азамат сотталды. Бұрын да төрт рет түрмеде отырып шыққан сәләфизм бағытының өкілі былтыр жыл басында ұсталған. Жат ағымның жетегінде жүрген жетісайлық көпбалалы әке өзінің ілім үйренетін бөлмесінде есірткі дайындап, оны сақтап келген. Ұсталған азамат тергеу мен сот кезінде есірткіні үйде сақтау дінмен тыйым салынбаған деп түсіндіріпті. Кәмелетке толмаған бес баласы мен мүгедектігі барын ескерген оны Жетісай аудандық соты 1,5 жылға бас бостандығын ғана шектеді.

    Күллі адамзат баласын адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам дінінде еш кемшілік жоқ. Кемшілік тек сол дінді дұрыс түсіне алмаған пендеде. Осындай келеңсіз ақпараттарды оқығанда тегінде тектілік пен даналық, қанында намыс пен жігері бар қазақ жастарының ұсақталып бара жатқаны жаныңды ауыртады екен…

    Мұхаммед пайғамбар «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді» деген екен. Біз тілге тиек еткен теріс әрекеттер шектен шығушылықтың салдарынан орын алып отыр.

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

    Пікір жазу