«Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген рас па?

    698

    Сұрақ: «Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген хадис бар ма?

    Жауап: Осы мағынаны беретін бірнеше хадис-шарифтың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, аталмыш хадис-шарифтердің иснадына (жеткізілу дәрежесі) қатысты хадис мамандарының арасында әртүрлі (тәуатир, ахад, дағиф) тұжырым қалыптасқан. Тіпті, жаңаша көзқарастағы базбір ғұламалар хадисті жалған (маузу) деп қарастырады. Десе де, бірнеше хадистанушылар риуаят еткендіктен, хадис әлсіздігіне қарамастан хасан (жақсы) дәрежесіне көтерілген.

    Хадисті мәтіндік тұрғыдан қарастырар болсақ, мухаддистердің еңбектерінде бұл хадис сөзбе-сөз бір-бірін қайталамайды. Әрбір риуаятта әртүрлі сөйлем құрлысымен берілген. Бірақ, хадистердегі сөйлем құрылысы әртүрлі болса да, жалпы бір мағынаны баяндайды. Енді, хадистердің мәтініне назар салсақ:

    «Патша (сұлтан) Алланың жер бетіндегі көлеңкесі, әрбір құл (Алланың) оған мойынсұнады. Егер, әділетті болса (сұлтан) оның сауабын алады. Халық мұндай басшының болғанына шүкір етуі керек. Керісінше, қиянатшыл басшы болса, обалы оған тиесілі. Халық сабыр етуге тиісті» (Баззар, 12\17; Байқаһи, Шуабу-л Иман, 9\475).

    «Тақуа әрі әділ билеуші Алланың жер бетіндегі көлеңкесі және найзасы. Оған жетпіс мың сыддықтың сауабы беріледі» (Ажлуни, 1\521, Канзул-Уммал, 14598).

    «Патша Алланың жер бетіндегі көлеңкесі. Оған бағынған ақиқатпен қауышады» (Силсилатул-ахадисиз-зайфа, І, 687).

    «Патша әрбір құл мойынсұнған Алланың жердегі көлеңкесі» (Хаким әт-Тирмизи, Науадирул-усул, ІІ, 125).

    «Патша Алланың жер бетіндегі көлеңкесі. Кімде-кім оған сый-сияпат жасаса, Алла оған сый-сияпат жасайды. Кімде-кім оған қиянат жасаса, Алла одан теріс айналады» (Байқаһи, Шуабу-л Иман, VI, 17).

    Жалпы, осы тақылеттес тағы да бірнеше хадис-шарифер бар. Аталмыш хадистерді ғұламалар әртүрлі мағынада түсіндіреді.

    Кейбір ғұламалар хадистердің тікелей мағынасын алып, ол күпірлікке итермелемейтін мұсылман патша болса, оның қалай ел билегеніне қарамастан, оған мойынсұнуға шақырған.

    Ал, келесі бір ғұламалар патшаның әділетті болуы, оның билігін мемлекеттік кеңестің (шура) мақұлдауы және халықтың басым көпшілігінің оған сенім білдіруі міндетті екенін алға тартқан.

    Жаңа хадистанушы ғұламалар бұл хадис-шарифтің исламның алғашқы кезеңінде тәжірибе жүзінде іске асқанын алға тартады. Яғни, хадистің Хақ діннің үстемдігін мұрат етіп, бар ғұмырын сол жолда сарп еткен кемеңгер халифалар және халаф (кейінгі) дәуіріндегі өзгеде әділетті патшаларға қатысты болғанын тілге тиек етеді. Ал, кейін осы хадис-шариф көбіне-көп бұқара халыққа уағыз ретінде айтылып, патшалардың билігін нығайтуға пайдаланылған.

    Мұхан Исахан

    1 Пікір

    1. Осы сұрақты жолдастарым жиі айтатын, анық қанығын өздеріңіз түсіндіріп бергендеріңіз үшін көп рахмет!

    Comments are closed.