Ислам және қоғам

ПАРАНЫҢ АҚЫРЫ АУЫР

Бүгінгі қоғамда кеңінен етек алып бара жатқан күнәлардың бірі – пара. Шариғатта пара деп біреудің ақысын жеу үшін немесе бір істі заңсыз, әділетсіз жолмен жүзеке асыру үшін тиісті адамдарға берілген дүниені айтамыз. Исламда тыйым салынған мал  табу жолдарының бірі – пара.  Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пара беруші де, пара алушы да тозақтың отында», — деп өте қатаң ескерту жасаған. «Пара берушіні де, пара алушыны да Алла лағынет етті» деген хадистер де белгілі. Пара сеніп тапсырылған қызметті, өзіне жүктелген міндетті күнә жолында пайдалану дегенмен парапар түсінік.

Негізінде, көп адам параның жаман іс екенін біледі. Алайда бала-шаға асырау деген желеумен осындай іске барып жүргендерді көп кездестіреміз. Енді ақиқат көзімен өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды бір қарап шығайықшы. Қай жерлерде пара беріліп жүр немесе берілмей жүр. Қызметін жоғарылату, қосымша ақша табу, үй-жай алу,  жақын адамдарын емдету,  перзенттерін оқуға  орналастыру, кез келген қызмет түрін оңай әрі жылдам жолмен жасату, қылмысы үшін берілген жазадан құтылып кету секілді мақсаттарда пара беріліп жүргенін көріп жүрміз. Ал елімізде түрлі салада жүріп жатқан конкурстар мен тендерлерге мұндай күнәның араласып-араласпайтынын сол саладағы адамдардың өздері ойлансын.

Ардақты Пайғамбарымыздың қатал ескертулері анық айтылып тұр, сонда да Құдайдан қорықпағанымыз ба деген ой келеді.  Тіпті Құдайдан қорқамыз, мұсылманбыз деп жүргендердің өзі осындай жиіркенішті іске барып қалуының себебі неде деген сұрақ туады. Күнә екенін біліп тұрып неге жасаймыз. Мұның әрине, бірнеше жауабы бар.

  1. Аллаға және ақиретке лайықты түрде сенбеуіміз. Ащы да болса шындық. Егер шын илансақ, мәңгі бақи азап деген сөзден қорқуымыз керек еді. Бәлкім, мәңгі деген сөзді дүрыс ұғынбайтын шығармыз. Мысалы, сахара толы құм болса, соның әрбір түйіршігін мың жыл деп елестетіп көріңіз. Құм бітеді, бірақ мәңгілік деген мерзім бітпейді. Оның соңы жоқ. Міне, енді осындай ұзақ мерзімге тісіңіздің ауырғанын немесе миыңыздың солқылдағанын елестетіп көріңіз. Мысалы, түнде басымыз ауырса, ертең немесе арғы күні жазылар деген үсітіміз болады. Сол ой көңілге аз да болса демеу болады. Ал сол ауру мәңгі бақи бітпесе не болады.Ал ақиреттің азабын бұл жақтың тіс ауруы немесе бас ауруымен салыстыруға келмейді.
  2. Алладан лайықты түрде қорықпаймыз. Бұрынғы сахабалдардың Алладан қорқуын еске алсақ та жеткілікті. Бір күні қасиетті Құранның: «Уа, иман келтіргендер! Алла тағаладан лайықты түрде қорқыңдар!»  деген аяты түсті. Сол кезде сахабалар өте қатты уайымға салынды. Түні бойы көз ілмей шықты. «Бұл мүмкін емес қой, Алладан лайықты түрде қорқу мүмкін ба?» деген жандарын жегідей жеді. Ертесіне, Пайғамбарымызға осы уайымдарын жеткізгенде Алладан тағы бір аят түсті. «Алладан күш-қуаттарың жеткенше қорқыңдар», делінген еді. Дегенмен бұл да оңай міндет емес еді. Әрбір сөзінде, әрбір ісінде күш-қайратының жеткенінше Алладан қорқу деген талап бар еді. Сахабалар осы аяттың үдесінен шықты. Бір-біріне үнемі «Алладан қорық! Алладан қорық!» деп осы міндетті толық атқаруға тырысатын. Ал бүгінде осындай ескертулер азайып барады.
  3. Күнәларға немқұрайлы қарауымыздың тағы бір себебі ақирет жұртын өте алыс деп ойлаймыз. Мысалы, бір бастық қызметшісіне қарап: «Пәленше, осы тапсырманы орындамасаң, мен сені елу жылдан кейін қатты жазалаймын. Тірідей теріңді сыпырамын» деп қатаң ескерту жасаса, бұл қорқытудың әсері әлсіз болып көрінуі мүмкін. Себебі, айтылып отырған мерзім ұзақ. Елу жылға дейін кім бар, кім жоқ деп қоя салуымыз мүмкін. Біздің Алладан қорқуымыз да кейде осыған ұқсайды. Алланың құзырына ешқашан бармайтын секілдіміз. «Адамдар қайтыс болады» деген сөзді естісек, жан-жағымызға қараймыз. Ойымызға кемпір-шалдар мен қатты ауырып жатқандар түседі. Өзіміз өлмейтін сияқтымыз. Шындығында, солай ма? Әрине, жоқ. Қазір ол жаққа үлкендерден гөрі жастар көбірек кетіп жатыр. Аурулар ғана емес, сап-сау жүрген адамдар айы жеткен айында, күні жеткен күнінде кетіп жатыр. Ажал шіркін ешкімнің байлығына, атағына, мансабына қарап жатқан жоқ. Ендеше, Алланың алдына баратын күн алыс емес. Бұрынғылар барған жаққа ерте ме, кеш пе бәріміз барамыз. Міне, сол кезде параны неге алдың, неге бердің деген сұрақ көлденең тартылатыны анық.  Сол күннен қорқу керек. Алла Тағала Құранда: «Алланың құзырына қайарылатын күндеріңнен қорқыңдар» деген («Бақара» сүресі, 281-аят)

Пара күнәсынан, әсіресе, жауапты басшылық қызметіндегілер абай болғандары жөн. Себебі, кейде сыйлық деп берілген нәрсе параға айналып кетуі ықтимал.  Сондықтан болса керек, бесінші халифа саналған Омар ибн Абдулазиз сыйлықты да қабыл алмайды екен. Сонда біреулер айтыпты: «Сенен бұрынғы Әбу Бәкір, Омарлар сыйлықты алатын. Сен неге алмайсың?». Сонда Омар ибн Абдулазиз: «Ол кезде сыйлық сыйлық болатын, қазір сыйлық параға айналды» деп жауап қайырады. Сондықтан бүгін де басшылар осыдан сақтанғаны дұрыс.

Тағы бір мәселе, кейде бір адамдар өзінің заңды ақысына қол жеткізу үшін пара беруге мәжбүр болады. Бұл кезде күнә параны алған адамның мойнына артылады. Бірақ пара беруге мәжбүр адамның өзге бір де бір шарасы қалмауы шарт. Мысалы, бір ата-ана өзінің хал үстінде жатқан баласы үшін  пара беруге мәжбүр болса, «Ақша бермесең, қарамаймын» деген дәрігер Алланың алдында жауап береді.

Сөз соңында Алладан тілеріміз, ішкен-жегеніміздің, тапқан табысымыздың адал болуын нәсіп етсін. Баршамыздың ақиреттің ауыр азабынан сақтасын.

Дайындаған А.Алтынбекұлы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close