Пайғамбар отбасында тәрбие алған тұлғалар кімдер?

    0
    539

    Мұсылман үмбеті әрбір ісін қолға алып кірісуден бұрын, оның әдемі үлгісін Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінен іздейтіні анық.

    Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген. Яғни, отбасындағы бала тәрбиесінде де, олар ертең халықтың қалаулы азаматы болып шығуы жолында да Алла елшісі (с.ғ.с.) үлгі боларлық ең лайықты тұлға болып табылады.

    Алла елшісі (с.ғ.с.) күллі жаратылысқа сүйіспеншілікпен қарап, мейірім танытқаны сияқты балаларға да ерекше сүйіспеншілік пен мейірімін төге білді. Соның нәтижесінде, оның (с.ғ.с.) отбасында тәрбие алып, ержеткен балалар қоғамда саусақпен санарлық ұлы тұлғалардың қатарынан орын иеленді.

    Алла елшісі (с.ғ.с.) 38 жылдық отбасылық өмірінің 25 жылын Хадиша (р.ғ.) анамызбен өткізген болатын. Ол өмірдегі алғашқы әрі онымен пайғамбарлық және пайғамбарлықтан бұрынғы уақытын бірге өткізген бірден-бір жары болып табылады. Қалған жұбайларын пайғамбарлық кезеңін де ғана жар етіп алған белгілі.

    Алла елшісінің (с.ғ.с.) ұрпақтары осы Хадиша (р.ғ.) анамыздан тарайды. Бір риуаятта Хадиша (р.ғ.) анамыздан үш ұл, төрт қызы болғаны айтылса, енді бір риуаятта екі ұл, төрт қызы болғаны айтылады. Яғни, Таһир (Абдулла), Қасым, Зейнеп, Үмму-Кулсім, Руқия және Фатима деген алты баласы болған.

    Ал, Мәрия (р.ғ.) анамыздан Ибраһим деген бір баласы болған. Ұл балалары кішкентай кезінде шетінеп кетеді, қыздары ғана күйеуге шыққан соң үшеуі Алла елшісінен (с.ғ.с.) бұрын қайтыс болса, Фатима (р.ғ.) ғана Алла елшісі (с.ғ.с.) дүниеден озған соң алты айдан кейін қайтыс болады.

    Міне, осы Фатима (р.ғ.) анамыз Әлиге (р.ғ.) ұзатылып, олардан Хасан және Хұсайын (р.ғ.) деген екі немересі дүниеге келіп, ұрпағы тарайды.

    Алла елшісінің (с.ғ.с.) отбасында өз кіндігінен тараған балалардан тыс Хадиша (р.ғ.) анамыздың бұрынғы (қайтыс болған) екі күйеуінің, яғни, Әбу Халадан қалған Һинд пен Хала, екінші күйеуі Атыкдан қалған Һинд деген балалары әкелері дүниеден өткен соң жергілікті әдет-ғұрыпқа сай өз туыстарымен бірге өмір сүргенімен, анасына келіп-кетіп жүріп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-тәрбиесін де алып өседі. Соның бір айғағы, Һинд ибн Әбу Хала (р.ғ.) пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін риуаят еткен және ол бір сөзінде: «Мен сіздерді әкем, анам, қыз және ұл бауырларым ретінде ең жақын сезінемін. Әкем Мұхаммед (с.ғ.с.), анам Хадиша (р.ғ.), ұл бауырым Қасым және қарындасым да Фатима» [1] деген. Ол Жәмәл соғысында Әлидің (р.ғ.) жақтасы болып жүріп шәһид болады [2]. Әбу Халаның екінші баласы да ағасы сияқты мұсылман болған болса, Атыктың баласы Һинді де мұсылман болғаны айтылып, бір баласының атын Мұхаммед деп қойғаны риуаят етіледі[3].

    Алла елшісі (с.ғ.с.) шаңырақ көтеріп, отау тіккен соң көп балалы көкесіне көмектесу ниетімен Әли (р.ғ.) және Жағфарды (р.ғ.) бағады.

    Хадиша (р.ғ.) анамызға құл ретінде тарту етіліп, кейін пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берілген Зайд ибн Харисаға да (р.ғ.) азаттық беріп, баласы ретінде бағып өсіреді. Зайд (р.ғ.) кейін Мұхаммедтің ұлы деген атпен танымал болғаны, бұл туралы аят түскені де белгілі.

    Бұлардан басқа Әнас ибн Мәлік, Мусғаб ибн Умайыр және Үсама ибн Зайд сияқты балалық шағын Алла елшісінің (с.ғ.с.) отбасында өткізіп, дін жолында ерен еңбек сіңірген сахабалар аз болмаған.

    Осы жерде, Алла елшісінің (с.ғ.с.) отбасында тәрбие алып, ержеткен мына үш ғалым Абдулланы, яғни, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Мәсғуд және Абдулла ибн Зубайырді (р.ғ.) ерекше айтып өту керек.

    «Саңлақ сахабалар» деген еңбекте, хибруль-умма (үмбеттің дана ғалымы) және тәржуманул-Қур`ан (Құранды аударушы, оны бізге жеткізуші) деген лақап таымен танымал Абдуллаһ ибн Аббас (р.ғ.) кішкен-тайынан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйінде сол шаңырақтың бір адамындай болып өсті делінсе, Абдуллаһ ибн Мәсғудтің (р.ғ.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұрлы шаңырағына қалауынша еркін кіріп-шығатын. Оны көргендер әһли бәйттен (пайғамбар отбасынан) деп ойлайтын болған.

    Хазіреті Әбу Хузәйфа оның жүріс-тұрысы, өмір сүруі, жол көрсетіп, адамдарға ақиқатты үйрету тұрғысынан және мінезі жағынан Алла Расулына (с.ғ.с.) ең қатты ұқсайтын сахаба екенін айтады [4]. Ал, һижреттен кейін дүниеге алғаш келген Абдулла ибн Зубайырдың (р.ғ.) атын Алла елшісі (с.ғ.с.) өзі қойып, дүниеден қайтқанша қасынан бір елі тастамаған. Міне, бұл үш ғалым Абдулла (р.ғ.) ислам ғылымының шам-шырақтары болып саналады.

    Қорыта айтар болсақ, Алла елшісінің (с.ғ.с.) отбасында өз балаларымен бірге, сүйікті жарының бұрынғы күйеуінің балалары, кембағал көкелерінің балалары, құлдықтан азаттық алған балалар және ақсүйек отбасының балалары болып бас-аяғы жиырмадай бала бірге төлеп ұшады.

    Ислам нұрымен сусындаған әрбірі тарихта аттары алтын әріптермен жазылып, ұлы тұлғалардың сапынан орын алғанын көреміз.

    Дана Абайдың, «Қазақ байдың баласы болма, халық байдың баласы бол!» деген аталы сөзінің төркіні пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен өрілсе керек.

    Сол себепті, айналамыздағы әрбір жас өспірім, балалардың иманды, дана тұлға болып қалыптасуы жолындағы жасалған еңбекті – ертеңіміз үшін әзірленген сарқылмас қазына деп ұққан жөн!

    [1] Махмуд Әсад, 341 б.

    [2] Ибн Хажар, 6-том, 558 б.

    [3] Ибн Хажар, 7-том, 157 б.

    [4] Сахабилер ансиклопедиси, 1-том, 180 б.