Пайғамбардың өзге дін өкілдерінен достары болған ба?

    4359

    Сұрақ: Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзге дін өкілдерінен достары болған ба?

    Жауап: Алланың елшісі (с.ғ.с) мұсылмандарға қасыңдағы адамдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста болуды насихаттады. Ол кісі басқалармен жақсы мәміледе болып, олардың дініне қарап ажыратпаған.

    Ислам тарихында пайғамбардың (с.ғ.с.) көптеген яхудидер мен христиан өкілдеріне қатысты құрмет пен көршілік қатынаста болғаны баяндалады. Мысалы, Алла елшісінің (с.ғ.с.) яһуди көршісі бар еді. Ол үнемі пайғамбардың (с.ғ.с.) есігінің алдына үйінен шыққан қоқысты төгіп кететін. Мұны көрген пайғамбар (с.ғ.с.) ол кісіні сөкпейтін. Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) есігінің алдынан әдеттегідей қоқыс көрмейді, осылай үш күн өтті. Яхуди көршіге бір нәрсе болып қалған шығар деген оймен қал-жағдайын сұрауға үйіне іздеп барады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) іздеп келгеніне таң қалған әлгі яһуди:

    — Ей, Мұхаммед! Неге келдің? — деп сұрайды.

    Пайғамбар (с.ғ.с.) оған:

    — Сен үнемі есігімнің алдына қоқыс төгіп кететін едің. Үш күннен бері сені көрмеген соң жағдайыңды сұрап келдім — дейді.

     Сонда яһуди оған:

    — Сенің дінің осыған үйрете ме? – дейді.

    Пайғамбар (с.ғ.с.):

    — Дініміз бұдан да көп нәрсеге үйретеді — деп, жауап берді. Біраздан соң әлгі яһуди:

    — Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі! — деп, иман келтіреді.

    Сол сияқты басқа діннің көсемдері мен патшалары да пайғамбарды (с.ғ.с.) көрмесе де құрметтеген. Қарым-атынаста адал, әділ және жақсылық жасауы үшін ажырамас дос болуы шарт емес. Мысалы, Нажаши – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде өмір сүрген, хабашстан елінің христиан патшасы. Бұл кісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын естіген, бірақ, онымен жүзбе-жүз жолықпаған. Исламның алғашқы дәуірінде мүшриктердің қатты қысымынан қиындық көрген мұсылмандардың бір тобы пайғамбардың (с.ғ.с.) кеңесімен Нажаши патшаның алдына саяси баспана сұрап келеді. Нажаши патша:

    — Сендердің діндерің біздің христиан дінін құрметтейді екен. Біздің де дініміз көктен түскен, – деп оларға қол ұшын береді. Сөйтіп, оларды соңдарынан қуып келген қуғыншылардың жазасынан аман алып қалған.

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

    Пікір жазу