Павлодарда қайырымдылық мекемесі ашылды

    129

    27 қаңтар. KAZISLAM – Ақсу қалалық мешіті жанынан «Әбдурахман» қайырымдылық мекемесі есігін айқара ашып, қызметін бастады.

    Жұма намазынан кейін басталған бұл салтанатты шараға ҚМДБ-ның қайырымдылық және уахып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп сөз сөйледі. Жиналған көпшілікке бұл қайырымдылық мекемесінің басты мақсаты ата-анасынан алыста жүрген студенттерге, және жергілікті жердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың колледжде оқитын студент балаларына көмек қолын созып, олардың жатар орны мен үш мезгіл тамағын өтеп беруге, сабақтан тыс уақытта рухани іліммен сусындатып, жат ағымдардың жетегінде кетпей дұрыс пен бұрысты айыра алатын азамат болып қалыптасуына қамқорлық қылу екенін баяндады.

    Сондай-ақ осы іске ұйытқы болған «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлына, Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаровқа және осы ғимаратты толықтай өз қаржысына салып берген кәсіпкер Нұрлан Елтайұлына бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ыстық сәлемі мен айрықша алғысын жеткізді.

    Шараны керекулік ақын Қуанышбек Шарманов жүргізіп, арнау айтты. Ақсу қалалық маслихат хатшысы Мәдениет Қабылдаұлы мен Камалжан Тұрдыбаев ашылу лентасын қиып, ақжаулықты аналар шашу шашты. Шара соңында жиналған барша жамағатқа дастархан жайылып, ас берілді.

    Пікір жазу