Орынсыз сын айту – қоғам дерті

    202

    Адамзат баласының бір-бірін орынсыз айыптауы мен мінеуі тарихтың әр кезеңінде болып отырғаны ақиқат. Бұл мәселе бүгінгі күні де кеселді әдеттің біріне айналды. Кейбір адамдар өз-өзін тәрбиелеп, бұл әдеттен айырылуға тырысып жатса, басым бөлігіміз мұның зиянына аса мән бере қоймаймыз. Сондықтан болар, көбіміз кемшілікті өзімізден іздемей, басқаны кінәлауға дайын тұрамыз. Өз кезегінде бұл қоғамдағы көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктердің орын алуына және адами құндылықтарының дамуына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, асқынған жағдайда бұл әдет үлкен дау-дамайлар мен қанды қақтығыстарға дейін алып барады.

    Өзгенің кемшілігі мен оның қателіктері жайлы сөз қозғалғанда, көп адамдар мән бере бермейтін бірнеше зиянды салдарлар ортаға шығады.

    Біріншіден, кемшілігі ашылған адамға келетін зардап. Айыптау немесе ғайбаттау арқылы кез-келген адамның мәртебесіне, жеке өмірі мен қоғамдық абыройына нұқсан келтіреміз. Мысалы, бір кісінің тек жаман әрекеттерін теріп, жарияға жар сала берсек, онда оның балалары мен әйелі (немесе күйеуі) бұны қалай қабылдайды? Әрине, қуана қоймасы анық. Кейде бұл отбасылық үлкен дауға айналып, айрандай ұйып отырған отбасының бұзылуына әкеледі. Осылайша, сыртта жүрген бір «білгірдің» кесірі мыңға тиіп жатады.

    Ал жұмыста немесе достарының арасында жауапкершілігімен танылған адамның жасаған аз кемшілігін қайта-қайта бетке басу немесе сырттан ғайбаттау, қоғамдағы пайдалы әрі жақсы азаматтардың санын азайтумен тең. Яғни, біреудің сыртынан сөз айту арқылы, өзге адамдардың санасында сол адам жайлы жаман пікір қалыптастырасың. Сондай-ақ, бұл өсекке немесе сынға іліккен адамның еркін жұмыс жасауы мен қоғамдағы қатынасын төмендетесің. Ал мұндай сынға екінің бірі шыдай бермейді. Кейде мұның ақыры жұмысынан, кәсібінен айрылуына және дос-жарандары мен өзге де таныстарымен түсініспеушіліктердің орын алуына әкеп соғады. Нәтижесінде, адамның қоғамнан шеттеп қалу ықтималдылығы күшейеді.

    Екінші бір зардаптың түрі – қоғамдағы адамгершілік және материалдық құндылықтардың артуын тежеу, тіпті кері кетіру десек те, артық айтқандық емес. Мысалы, қазіргі кезде көптеген діни топтардың арасында бір-бірін сынау, қоғамға жек көрінішті етіп көрсету құбылысы анық байқалады. Өкініштісі, өздерін мұсылман ретінде көрсететін адамдардың да осы құбылыстың тұтануына қатысты болуы. Сәйкесінше көптеген азаматтарымыз осы айыптауларға сеніп, оны талқыға салып, одан әрі өршуіне өз үлесін қосуда. Бұның соңы не болады? «Діндар» деген адамдарымыз осылай бір-бірін масқаралап жатса, қоғамдағы дін құндылығына дақ түсері анық.

    Өкінішке орай, бұл үрдіс дәл қазіргі уақытта көрініс табуда. Ал материалдық тұрғыдан зардапқа келсек, олар шаш етектен. Мәселен, осы күнгі бос әңгіме мен айыптауларға кеткен уақытты адал табыс табуға немесе ғылым игеруге жұмсасақ, бәлкім, азаматтарымыздың арасында отызында орда бұзып, қырқында қамал алғандар саны бүгінгіден әлдеқайда көп болар ма еді.

    Ал енді өзгені сынап-мінеп ауызбен орақ орғандар да, өз әрекеті арқылы өзіне тікелей зиян келтіргенін сезбей қалады екен.

    Біріншіден, жоғарыда айтқандай уақытын сарп ету мен өзгені айыптаймын деп жоқ жерден қолдан дұшпан жасап алады. Содан кейін, қолдан жасаған «дұшпанымен» дауласып, айтысып өмірі мен күш-қуатын босқа сарп етеді.

    Екіншіден, ғайбат пен өсекке бейімделген және кемшілік теретін адамдардың табиғаты мен жан дүниесі қатты бұзылады және ондай адамдардың жетістікке жетуі екіталай. Жетсе де бақыт сезімі көңіліне тұрақтамайды екен.

    Үшіншіден, бұл ислам дінінде үлкен күнә болып саналады.

    Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінде:

    «Әй мүміндер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар (11). Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді (12)» дей келе, ашық әрі нақты түрде кемшілік іздеу мен ғайбаттауға тыйым салынған. 

    Мен мұсылманмын деген кісі үшін бұдан артық тыйым болмас.

    Қазіргі таңда орынсыз сын мен міннің, жалған өсек пен дағбырттың ең кең таралған жері – әлеуметтік желілер мен арзанқол басылымдар. Оған себеп – желі қолданушыларының белсенділігі мен ақпаратты дұрыс-бұрыстығын ажыратпай таратуға тырысуы. Әсіресе, әлеуметтік желідегі адамдардың «Like» пен «комментарий» жинауға құштарлығы ерекше рөл ойнайды.

    Жоғарыда келтірілген зардаптардың көбі осы әлеуметтік желелердегі жазбалар мен түрлі материалдар негізінде көрініс беруде. Сондықтан бүгінгі таңда қоғам алдында, оның ішінде желі қолданушылары үшін де аталмыш зардаптарды болдырмау мәселесі тұр.

    Мәселеден шығу жолы

    Мәселенің шешімі өте қарапайым, бірақ көп жағдайларда елеусіз қалатын тәсілдерден тұрады. Оның алғашқысы – әр адамның сыни пікірі мен өз-өзін тәрбиелеу қабілеттілігін арттыру. Ол үшін, адам өзін бақылау арқылы іс-әрекеттерін бағалап, қай жерден қателіктер жібергенін анықтап, алдағы уақытта кемшіліктерін түзетуге ниетті болуы керек. Өз кезегінде бұл адамның кемелденуіне және тақуалығының артуына, сонымен қатар өзгенің бойындағы кемшілікті іздеуге деген құмарлығының азаюына себеп болады.

    Шешімнің тағы бір жолы – әлеуметтік желі мен кез-келген ақпарат тарату құралдарында өзіңе тікелей қатысы жоқ немесе пайдасыз мәліметтерді бөлісуден тыйылу. Бұл желі қолданушылары мен өзіңнің уақытыңды үнемдеуге және зиянды мәліметтердің қоғамға әкелер зардабын кемітуге үлкен үлес қосады.

    Сын мен ұсыныс мүлдем айтылмасын деу, қателік болады. Халық аузындағы «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген сөз, қоғамға дұрыс сынның қажет екендігін білдіреді. Осы тұста дұрыс сын мен дұрыс пікірді кім айтуы керек деген мәселе ортаға шығады. Әрине, әрнәрсені тек өз ісінің мамандары айтқан жөн. Бұл туралы қасиетті Құранда:

    «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» (Нахл сүресі, 43), — делінген.

    Бұдан шығатыны, нақты іске қатысты сол мәселенің игерген білгірінің ғана сыны мен ұсынысы, жауабы пайдалы әрі жемісті болмақ. Онымен қоса сын мен ұсыныс жанашырлық пен шынайылықтан туындауы қажет. Біреуді кемсіту, оның қателігін көрсету мақсатында айтылған сынның жемісті болу ықтималдылығы өте төмен. Өйткені, келемеждеу мақсатында жасалған сынның қабылдаушы тарапқа әсері аз болады, әрі екі арада дұшпандық отын тұтату қаупі бар.

    Қорытындылай келсек, айыптаушылық мәселесі қазіргі қоғамның көзге көрінбейтін дертіне айналып отыр. Бұл әрекеттердің қоғам өміріндегі зияны да аз емес. Оған әлеуметтік желідегі зиянды ақпараттар мен желі қолданушыларының арасындағы «сыншылардың» әсері зор. Әсіресе, қозғалған мәселе жайлы мүлде білімі жоқ адамдардың «пікір» айтып, мін іздеуі жағдайды одан да қатты өршітіп отыр.

    Дін саласында да осындай әрекеттердің орын алуы, діни құндылықтарымызға кері әсерін беруде. Сонымен қатар, қоғамдағы адал азаматтардың абыройы мен жеке өміріне де зияны тиюде. Бұл мәселенің алдын алу үшін кемшілікті барынша өзімізден іздеуге, өзімізді түзетуге күш салудың маңыздылығы айқын болуда. Ал сын мен ұсынысты шыншыл, әрі жанашыр, өз ісін жетік меңгерген маманның еншісіне қалдырған жөн.

    Рахымжан Рашимбетов

    Пікір жазу