Орта Азияда ораза бір уақытта басталады

    0
    358

    Нұр-Сұлтан. 17 сәуір. KAZISLAM – Елордада Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің пәтуа бөлімдерінің басшылары мен мамандары бас қосты, — деп жазады muftyat.kz.  

    Алқалы жиында дін мамандары 2019 жылдағы рамазан айының басталу және аяқталу күндерін белгілеу мәселелері талқыланды, сондай-ақ зекет, пітір садақасы және підия мөлшерлерін анықтау жөнінде пікір алмасты. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов мұсылман күнтізбесін жүйелеу мәселесінің аса қажеттілігін атап өтіп, бұл жайында қонақтармен өзінің тың ойларымен бөлісті.

    Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің төрағасы А.Кадырбердиев жаңа айды белгілеу жөнінде жүргізген зерттеу жұмыстарын баяндап берді. Өзбекстан мұсылмандар діни басқармасы Пәтуа бөлімінің басшысы Х.Ишматбеков мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, жиі кездесіп тұруды ұсынды.

    Кездесу соңында пәтуа бөлімінің басшылары биылғы рамазан айын бір күнде бастауға сөз байласты. Бұл бағыттағы кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.