Орамал дауы: Түйіні шешілмейтін мәселе ме?

    266

    Бүгінгі қоғамда мұсылмандық негізге сай қыз балалардың киім үлгісіне қатысты мәселелер көп. Соның ішінде орамал мәселесі діни әрі заңнамалық тұрғыдан даудан арыла алмай отыр.

    Бірінші мәселе, бет-әлпетін тұмшалап, қап-қара киім кигендердің мәселесі қоғам тарапынан алаңдаушылық туғызуда.

    Екінші мәселе, мектептерде қыз балалардың орамал тағып келу мәселесі.

    Бірінші мәселе заңнамалық тұрғыдан шешілуді талап ететін мәселе. Қазіргі қолданыстағы заңнамалар бұған тыйым салуға қауқарсыз.

    Себебі, орамал тағу барлық діндерде бар құбылыс екенін бәріміз де жақсы білеміз, сондай-ақ біздің мемлекетіміз діннің ішкі мәселелеріне ешқашан араласқан емес. Бірақ, әйелдер киімінің сипаты әр елдің тарихи дамуы барысында қалыптасқан салт-дәстүрлерімен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.

    Соның ішінде, қазақ әйелдерінің де өз ұлтының қалыптасқан дәстүріне сай бас киім кию үлгісі болған. Қазақ әйелдерінің бас киімі көшпелі өмірге бейімделіп тігілген және жас ерекшелігіне қарай бөлінетін болған. Тарихта талай қилы заманды басынан кешкен, қазақ халқының қыз-келіншектерінің бас киімі қашанда көшпелі ұлттың өмір сүру қалпына бейімделген.

    Қандай заман болса да біздің әже-аналарымыз күнделікті тұрмыста негізінен матаның ашық түсін пайдаланған. Ал жас жеткіншек қыздың, бойжеткен арудың, тұрмысқа шыққан келіншектің, балалы болған ананың сипаттарына қарай өзіндік бас киім үлгілері болды.

    Мысалы, жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Ойын-тойға барғанда, сәукелесін де киіп баратын болған. Жас келін перзентті болған соң ауыл әйелдері мен бәйбішелер жиналып келіп, келінге кимешек кигізеді. Бұл келіннің ана болған кезін білдірген. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да болып жатады. Сондықтан, бас киімнің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болды. Соғыс жағдайларында қолына найзасын, басына дулығасын киген қаншама батыр аналарымыз пен батыр қыздарымыз болды. Ал, үлкен тойлар мен салтанаттарда киетін бас киімдер оюланып, әшекей заттармен көркемделген. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастайтын болған. Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Әжелеріміз болса кимешектің үстінен жаулық тартып, «ақ жаулықты әже» атанған. Осыдан байқағанымыз, біздің ата-бабаларымыз бүгінгі біздерден діни ілімдерді әлдеқайда терең меңгерген, әрі сол замандарда қазақ әйелдері еш уақытта қара жамылмаған және бет ауыздарын тұмшаламаған.

    Әрбір ұлттың, әрбір халықтың өзінің тарих қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет ғұрыптарына сай киім үлгісі бар. Киім үлгілеріне қатысты діни үкімдердің белгілі бір талаптары болуымен қатар, халықтардың орналасу географиясы да киім формасының қалыптасуында басты факторлардың бірі болды.

    Ауа райы қыс айында +30 градус ыстық болатын географиялық аймақ пен ауа-райы қыста -50 градус болатын аймақтардың киімі бірдей бола алмайтыны белгілі. Сондықтан, бүгінгі қазақ қоғамында мұсылмандық киім үлгісі жетілдіруді талап ететіні ақиқат. Бүгінгі әпке-қарындастарымыз киіп жүрген киімдер шариғат үкіміне негізделгенімен, ол күнделікті тұрмыстың қажеттіліктеріне жауап бере алмайды.

    Мысалы, жаугершілік заманда атқа қонып ел қорғаған батыр аналарымыз болды, қыз қуу деген керемет ұлттық ойынымыз бар, осындай жағдайларға бейімделген киім болуы керек. Сонымен қатар, бау-бақшада жұмыс жасағанда оған сай киім үлгісі болуы керек. 2010-2012 жылдары дін жанашырлары мұсылмандық киім үлгілеріне қатысты байқаулар жариялап, конкурстар өткізгені белгілі. Өкінішке орай, қоғам сол кезде бұған дайын болмады ма, әлде басқа себептері болды ма, әйтеуір жалғасын таппады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы істі қайта қолға алса құба-құп болар еді.

    Сауд Арабиясы өзінің қалыптасқан дәстүріне сай, Мысыр мен Түркия өздерінің мәдениеттеріне сай киім үлгілерін киіп жүр. Енді сол елдердің киім үлгісін әкеліп біздің қоғамға нағыз мұсылмандық киім деп тықпалаудың еш қажеті жоқ. Киімнің түсі адамдарды діннен үркітіп, үрейін туғызбауы тиіс және қоғамның тұтастығына сызат түсіріп, араздыққа апармауы қажет. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде өзінің Конституциясы мен заңдары арқылы елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп отыр. Бет-ауыздарын тұмшалап алып кімнің кім екенін ажырата алмайтындай ортада эстремизм мен лаңкестік қаупі күшейеді, сәйкесінше оның алдын алуға бағытталған шаралар да күшейтілетіні белгілі.

    Екінші мәселеге мектептердегі қыз балалардың орамал тағуына келе болсақ, қолданыстағы заңнамалар мұны реттеуге мүмкіндік береді.

    Еліміздің негізгі заңы ар-ождан құқығын белгілейді, ол – рухани категориялар, ішкі әлем және наным. Мектептерде орамал тағу және діни киім кию – ар-ождан еркіндігіне жатпайтын сыртқы көріністер.

    Бұдан басқа, Конституцияның 22 бабы 2 тармағында ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс деп көрсетілген. Мұндай міндеттерге әрбір қоғамдық қарым-қатынас, оның ішінде білім беру саласындағы ішкі қағидаларды сақтау жатады.

    Мектеп формасына қойылатын біріңғай талаптар – әрбір қазақстандық үшін орта білім беру мекемелерінде міндетті түрде орындауға жататын нормативтік қағида. Мемлекет жоғарыда айтылғандай оқушының ішкі жан дүниесін шектемейді, құқығын бұзбайды, сондай-ақ ата-аналардың сеніміне араласпайды. Тек қана білім беру саласында жалпыға ортақ қабылданған ішкі мінез-құлық қағидасын орындауға үндейді.

    Әрине, әрбір мұсылман пенде орамалдың балиғат жасына толғандарға парыз, міндет екенін біледі. Оған иланады және кәміл сенеді. Сонымен қатар, оның балиғат жасына толғаннан кейін талап етілетініне назар аударады. Ислам діні балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын талап етпейді. Шариғатымыз орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай бүлдіршіннің басына жаулық жабуды міндеттемейді. Ал қыз баланың балиғатқа толуын, тек 9 жасқа келуімен шектеп қоюға болмайды. Ислам ғұламаларының пікірінше, түрлі жағдайларға байланысты қыз бала 12-13 жаста да, кейін де (14-15 жас) балиғатқа толуы мүмкін.

    Балиғат жасына толмаған қыздарымызды, соның ішінде жасы жетіге енді толып, мектеп табалдырығын жаңа аттаған өрімдей қыздарын тұмшалап, хиджаб кигізген ата-аналар болды. Осындай ата-аналар қыздардың балиғат жасына жетпегеніне да қараған жоқ. Шариғат үкімдерінде ұятты жерлерін жабу міндеттелген жас белгілі болғанына қарамастан, діни сауаты төмен бауырларымыз мектептерде дүрбелең шығарып қоғамның назарын аударды. Айтыс-тартыс басталды.

    Ал, соның зардабы орамал тағатын барша мұсылманға тиді. Конституцияның, Заңның талаптарын толық түсіне бермегендері орамал тағатын мектеп мұғалімдеріне, колледж бен университеттердің діндар қыздарына орамалдарын шешуді талап ете бастады. Осыған байланысты айтарым, дінде шектен шықпауымыз керек. Шектен шыққан кезде, ол керісінше басқа таяқ болып өзімізге тиетінін ұмытпайық.

    Бүгінгі күні біздің Конституциямыз бен қолданыстағы заңнамаларымызда діннің ішкі мәселелерін шектейтін бірде-бір бап жоқ. Сол заң талаптары шеңберінде бекітілген, оның ішінде басқа орамал тағуға қатысты ережер белгілі бір мемлекеттік органдарда жұмыс уақытында ғана шектеу қоюы мүмкін. Мысалы, елімізде қалай болса солай киіну емес, киімді таңдау еркіндігі барына ешкімнің күмәні жоқ. Дегенмен де, әрбір ұйымның немесе мекеменің киім киюге қатысты өз нормалары мен ережелері бар екені белгілі.

    Қорытындылай келе, келесі нәрселерді айта кеткен жөн:

    Біріншіден, ешкімнің де діни сенімге жататыны негізінде, құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмайды, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында киім үлгісіне қойылатын талаптар барлығына – түрлі дін ұстанушыларына, сонымен қатар дінді ұстанбайтындарға да қатысты. Екіншіден, қоғамда орамал тағатындарға жаппай бастарын ашқызу да көзделіп отырған жоқ.

    Орамал тағуға рұқсат берілмей жатыр деп байбалам салып, қоғамды дүрліктірудің орнына, заман талаптары мен салт-дәстүрімізге негізделген мұсылмандық киім үлгілерін жасауға ұмтылуымыз қажет.

    Балғабек Мырзаев

    Пікір жазу