Әр ұлт өзінің рухани, мәдени және мемлекеттік қызығушылықтары мен құндылықтарын, ұлттық мүдделерін сақтауға, қорғауға хақылы. Біздің мемлекетіміз үшін де өзге елдердегі халі мүшкіл болған тарихи жәдігерлерді қорғауға ат салысуы керек деп ойлаймын.

Әрине, Нотр дам де Пари шіркеуіндегі өрт іспеттес қайғылы оқиға да орын алған жоқ. Тіпті, Құдайға шүкір, Мьянмадағыдай шіркеулерге шабуыл да болған жоқ. Әйткенмен, өз көзіммен көрген жағдай мені қалың ойға қалдырған болатын.

 Мен 2018 жылы ақпан айында іс-сапармен Омбы қаласына жол тарттым. Омбының жері бүкіл георграфиялық-геологиялық тұран тақтасындай кең, даласындай дархан екен. Әр бұрышта цех, зауыт-фабрика, өндірістік орындар қаптап тұр (көрші елдің технологиялық даму қарқыны қуантқанымен, табиғи экологиялық жағдайы оларда да мәз емес екендігін мойындау керек). Тіпті, әр аялдамасы солардың (зауыттың) атымен аталады.

Мәскеу, Санкт-Петербург Казань, Уфа, Грозный және Екатеринбургпен келмегенмен, Ресейдің жаңа мемлекеттік жоспары бойынша «артта қалушы аймақтарға көп қаражат Федералды бюджеттен бөлінуі» көрші аймақтың гүлденуінен әлі үміт бар екенін көрсетеді.

Арғындар тарихы жайлы кішігірім ғылыми жұмыс жазып жүргенімде, Омбы мұрағатынан қажетті құжаттарды іздеп бардым. Біз білетініміздей, Омбы және Орынборда осыдан бір ғасыр бұрын Алаш зиялылары мен Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уалихановтардай текті асылдар саяси өмірін бастаған еді. Сондықтан бүгінде Омбы мен Орынбор Ресейдің жері болғанмен, қазақ үшін де бұл өлке бөтен емес.

Содан мен бес арыстың рухына Құран бағыштап қайтайыншы деп, ғаламтордан мұнда қандай мешіттер бар екендігіне іздеу сала бастадым. Жұма күні әпкем екеуіміз жергілікті көне (мұражайға лайықты) Хазірет Қожахмет атындағы мешітке ниет етіп әдейі жаяу бет алдық.

     Бұным — Алтын Орда кезінде (татар, басқа түркі елдері мен моңғол халықтарымен қатар) жарты Еуразия аймағын мекен еткен бұрынғы ата-бабаларыма құрметімді көрсетейін дегенім еді. Сонымен, екі сағаттай жүрдік. Қала тұрғындарынан сұраймыз, ешкім білмейді.

Сөйтсе, ол діни, рухани және мәдени маңызға ие нысана адам таппайтын қуыста орналасқан екен. Әрі өзі (қайта жөндеу және реставрация жұмыстарынан өтпеген сияқты) кішігірім ғана аласа ғибадатхана екен. Іргесі үгітілейін деп жатқан тастардан, ал үстіңгі жағы ұзақ уақыт бойы сырланбаған ағаштан жасалған мұржасы құлап қалатын тәрізді көрінді.

    Дегенмен, тар бөлмелерінде ниет етіп жүрген мұсылман бауырларымыз бар екен. Сұп-сұр, сұп-суық, қараңғы басқан үш титтей ғана бөлме. Бірі – ас бөлме. Екіншісі – ғибадат бөлмесі. Үшіншсі – кіреберіс.

Жұрт ас беріп жатқан көрінеді, басына орамал таққан қазақ әйелдері ыдыстарды жуып, тасып абыр-сабыр жүгіріп жүр. Едені тас. Жаңылмасам, санитарлық жағдайы онша биік деңгейде емес еді. Бұл жерде реставраторларды ғана емес, санэпидемстанцияның қызметкерлерін жұмысқа тарту қажет деген ойға келдім. Тіпті күзетші, еден жуушы да артық етпес еді.

    Имам отыратын есіктің сыртында орыс тілінде “Закрыто” деп жазылып тұр. Өзі орнында жоқ екен. Біз Құран бағыштап шығайық деп едік, күте тұрсын деді. Жарты сағаттай тұрдық. Ақырындап кісілер шыға бастады. Қолдарында пакеттері бар қазақша сөйлеп бара жатқан қазақтың ата-әжелерін көріп, қастарына жақындадым.

Бір қызығы Омбыға келген сайын қазақ көрсем, жүрегім елжіреп қасына барып “Сіз қазақсыз ба?” деймін мәз болып. Алайда, қарт болмаса да,  маған кейбіреулерінің жанарлары рухсыз, сезімсіз бейқам, жансыз, суық көрініп кетті (бәлкім, жеке басының адами тағдыры қиын шығар, бәлкім сол сәтте олар да мен істпеттес мешіттің құлдыраған күйінен көңілдері құлазыған шығар).

    Көңілім судай басылды. Әлбетте, аталмыш аңғарылған келеңсіздікке Омбының жергілікті мэриясын, жергілікті қазақ диаспорасының өкілдерін, дінге қатысы бар мәдени және тарихи сарапшы-мамандарын бір уысқа жинап кінәлағым келмейді.

Дегенмен, менің ойымша, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлеріне, Ресейдегі қазақ диаспорасының мәдени жетекшілері бұл мәселеге жиірек көңіл бөлсе, орынды болар еді.

Әрине, бұл тек қазақтың мешіті болғандықтан емес, жалпы көненің көзі, тарихи жәдігер болғандықтан, барынша жағдай жасалу керек шығар деген ойдамын.

Менің арманым — келешекте Ресей мен Қазақстан дін басшылары және Үкімет басшылары немесе аймақ басшылары болсын (немесе Омбы қаласының мэрі және Петропавл қаласының әкімі деңгейінде), өзара келісе отырып, осындай екі елге де ортақ көне мешіттерге, тарихи жәдігерлерге көбірек көңіл аударса деген ой.

Бәлкім, сондай ескі ғимараттарды халықаралық ЮНЕСКО тізіміне енгізуге уақыт келген болар?!