Алла елшісі (с.ғ.с.) жиырма жылдан астам бақытты ғұмырын бірге өткізген Хадиша (р.ғ.) анамызды Өзіне жар етіп алғанға дейін, екі күйеуі болып екеуі де қайтыс болған.

Бір қызығы бірнеше баланың анасы атанып, 40 жасқа аяқ басқан Хадишаны (р.ғ.) Мекке халқы «Таһира» (ары таза, пәк) деген лақап атымен танитын, солай шақыратын. Ал, оның өзінен 15 жас кіші соңғы күйеуі, қорғаны болған Абдуллаұлы Мұхаммедті де (с.ғ.с.) Мекке халқы өз атымен шақырмайтын, керісінше, халқының өнеге тұтарлық тұлғасы ретінде «Мұхаммадул-Әмин» (Сенімді Мұхаммед) деген лақып атымен білетін, солай шақырылатын. Яғни, халықтың сенімін ақтаған, үлкен құрметке лайықты жандар еді.

Адамзатқа Хақ дінді жеткізетін адамдардың әуелі, қара орман халық тарапынан жақсы қырынан танылуы керек болса, екіншіден, мұндай ізгі жандардың басы-қосылып отбасылық өмірдің әдемі үлгісін көрсетуі де тиісті болатын.

Адамзат тарихында қайталана бермейтін мұндай абыройлы атақтар (яғни, лақап аттар), қол ұстаса отырып өмір сүру жолын ұсыну – Алла елшісіне (с.ғ.с.) және Оның сүйікті жары Хадиша (р.ғ.) анамызға бұйырды. Алла Тағала екі дүниеде де абыройларын асқақтата бергей! Әмин.

Иә, Хадиша (р.ғ.) анамыздың өмірін үлгі етуді, оны нәсихаттауды, әуелі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі сүннеті ретінде жолға қойған болатын. Жұбайларымен отырған отбасылық әңгіме арасында Хадиша (р.ғ.) анамыздың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры жайлы ара-кідік сөз етіп отыратын. Кейбір жұбайлары, әсіресе, жасы кіші Айша (р.ғ.) анамыздың қызғанышы оянып, бұртыйып да қалатын.

Айша (р.ғ.) жеткізген бір риуаятта: «Бір күні Хадишаның (р.ғ.) сіңілісі Хала бинт Хуайлид бізді зиярат ете келіп, кіруге рұқсат сұрап есікті қақты. Осы кезде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаға ант етейін! Бұл Хала ғой», — деді. Өйткені, оның дауысы әпкесі Хадишаның (р.ғ.) дауысына қатты ұқсайтын. Бұл сәтте менің қызғанышым оянып: «Әлі ғашығын!!! Қайтыс болғанына көп уақыт өтсе де, құрайыштың қарт (күйеуге тиген) әйелін ұмыта алмадыңыз ба? Алла Сізге одан да жақсы әйел сыйлады емес пе?», — дедім. Менің бұл сөзімді естіген Алла елшісінің (с.ғ.с.) көңілі түсіп кетті. Оның (с.ғ.с.) ренішін бірден байқадым да: «Сізді дүниеге ақиқатпен жіберген Аллаға ант етейін! Бұдан кейін ол кісі (Хадиша) туралы ешқандай жағымсыз сөз айтпаймын», — дедім. Алайда, Алла елшісі (с.ғ.с.) өз реншін былай жеткізді: «Алланың маған нәсіп еткен ең қайырлы адамы Хадиша (р.ғ.) болды. Адамдар менің пайғамбарлығымды жоққа шығарып, өтірікші деген кездерінде, ол мені растады, иман етті. Адамдар дін жолына дүние-мүлкін беруден қашып, қойын-қоншына тықпалаған кездерінде, ол бар дүниесін Хақ жолына жұмсады. Әрі Алла одан маған бала нәсіп етті», — деді» [1] делінеді.

Бұл риуаяттардан, «Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайлары өзара күншіл, бастары бір қазанға сыймайтын болыпты» деген ұғым шықпайды. Керісінше, Айша (р.ғ.) анамыз әйел тәбиғатына лайық қызғаныш сезімінің болғанын жасырмайды әрі Хадиша (р.ғ.) анамыздың бойындағы адами қасиеттерді тани келе құрметі ерекше болғанын Аллаға ант ете отырып жеткізеді. Кейбір риуаяттарда Айша (р.ғ.) анамыз кейінгі уақыттарда көңілі жабығып, бір істің шешімін таба алмай қиналса, Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Маған, Хадиша (р.ғ.) туралы әңгіме етіп беріңізші?!», — деп өтінетін әрі Алла елшісінің (с.ғ.с.) тізесіне басып қойып, Хадиша (р.ғ.) туралы әңгімесін ұйып тыңдайтын болған. Яғни, Алла елшісінің (с.ғ.с.) барлық жұбайлары Хадиша (р.ғ.) анамызға ерекше құрмет танытып, өмірлерінде үлгі тұта білген.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) «пайғамбарлық» ісіне қолдау көрсетіп, қиын сәттерде қасынан табылған адал жары Хадиша (р.ғ.) анамыз бен көкесі Әбу Талип пайғамбарлықтың сегізінші жылы қайтыс болғанда, қатты қайғырады. Тарихта бұл жыл «қайғылы жыл» деген атпен есте қалды. Хадиша (р.ғ.) анамыз 65 жасында қайтыс болады, ол уақытта «жазана» шығару мүрәсімі әлі парыз етілмегендіктен, жаназа намазы оқылмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйікті жарын жер қойнауына өзі жүнелтіп, аталары Құсай, Әбдумүттәліп, Әбу Талиптер жатқан Меккедегі Жахун зиратына жерлейді. Ол жерге кейін «Жәннәтул-Мәғәли» (Жоғарғы жәннәт) деген ат берілген.

Хадиша (р.ғ.) анамыз қайтыс болған соң Алла елшісі (с.ғ.с.) төрт-бес жылдай салт, бойдақ өмір сүреді. Өзге жұбайларымен жасы елу үшке толып, егде тартқан шағында некелесу ісі орын ала бастайды. Мұның өзі Алла елшісінің (с.ғ.с.) Хадиша (р.ғ.) анамызға деген құрметінің шексіз болғанын көрсетеді. Демек, әрбір әйел бақытты әрі сый-құрметке лайық болғысы келсе, Хадиша (р.ғ.) анамыздың өмірі жеткілікті нәсихат, үлгі тұтсын.

Ерінің Хақ жолындағы мұрат-мақсатына жетуі үшін риясыз махаббат, кіршіксіз адалдық таныта отырып, барымен бөлісе білу – нағыз мұсылмандық сипат, батыр әйелдің қолынан ғана келетін ерлік іс. Ондай әйел әрқашан үлгі болуға лайықты бақытты жан болмақ!