Нұр-Сұлтан. 27 маусым. KAZISLAM – Дін саласы бойынша қолданыстағы заңнамаға қатысты азаматтардың жиі толғандыратын мәселелерге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Нұрлан Шубаев alashainasy порталында шыққан мақаласында кеңінен тоқталған.

Басқарма басшысы Нұрлан Шубаев «еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады. Бұл жерде зайырлылық ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті болып табылмайтын мемлекеттік құрылысты білдіреді. Яғни, азаматтар арасындағы қатынастар, жалпы қоғамдық қатынастар мемлекет тарапынан заңдарда белгіленген құқық нормалары негізінде реттеледі» – дейді.

Сонымен қатар, «Ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Егер қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы тиісті тіркеуден өтпей, діни жиналыстар өткізетін болса мұндай жағдайда олардың қызметі заңға қайшы деп танылады және әкімшілік жазаға әкеп соғады. Атап айтқанда, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі — ӘҚБтК) 490-бабының тиісті бөліктері бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландырғаны үшін тиісінше 50, 100, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» –  дейді ол.

Қазіргі таңда Қазақстанда 18 конфессияны білдіретін 3700-ден астам діни бірлестіктер өз қызметтерін заңды негізде жүзеге асыруда. Олардың басым көпшілігін исламдық және православтық христиандың бірлестіктер құрайтын болса да, елімізде протестанттық, католиктік, буддистік, кришнаиттік, иудейлік және өзге де де діни қауымдар әрекет етеді.

Басқарма басшысы «Дінге сенушілер ғибадат үйлеріне дұға оқу, өздерінің құдайға деген сезімдерін білдіру, рухани жетілу үшін келетіндігін білеміз. Бұл әркімнің жеке басының ісі, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек. Өкінішке орай, кейде мешітке баратын жекелеген азаматтар тарапынан мешіттердің ішкі тәртібін бұзу, имамдармен дін мәселесінде дауласу тәрізді көріністер орын алып, оған жұртшылық куә болып жататын жағдайлар ұшырасады. Бірқатар өңірлерде жекелеген адамдардың зираттардағы қабір үстіндегі тастарды қирату секілді вандализм актілерін жасауға дейін барғанын да білеміз» – дейді.

«Ғибадат үйлерінің ішкі ережелерін бұзатын, имамдарға, сондай-ақ басқа діндердің діни қызметшілерінің жұмыстарына кедергі келтіретін адамдардың әрекеттері заңға қайшы деп танылады. Мұндай іс-әрекеттер нақты жағдайларға байланысты заңды діни қызметке кедергі келтіру (ӘҚБтК 490 б. 2 т.), бұзақылық (ұсақ бұзақылық – ӘҚБтК 434 б., қылмыстық – ҚР Қылмыстық Кодексінің 293 б.) ретінде бағаланады» – дейді Нұрлан Шубаев.

«Заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес, діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады және олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс. Яғни, Заң бойынша тіркеуден өткен миссионерлер ғана еліміз аумағында діни ілімдерді тарата алады. Яғни, көшеде, таксиде, автобуста, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда (базарда, жатақханада, сауда-cаттық орталықтары және т.б.) тиісті рұқсаты жоқ кез-келген адам қандай да бір діннің артықшылығы туралы уағыз, үгіт-насихат жүргізген жағдайда мұндай адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл — заң бұзушылық. Миссионерлік қызмет талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-ның 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қазақстан азаматтарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салатын, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға айыппұлға қоса еліміздің аумағынан шығарылып жiберілетін әкімшілік жауапқа тарту көзделген» дейді басқарма басшысы.

Елімізде діни әдебиетті тарату тәртібіне  қатысты «Азаматтар және діни бірлестіктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды сатып алуға және пайдалануға құқылы. Алайда, Заң талабы мұндай материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға рұқсат береді. Діни бірлестіктерге діни әдебиетті тарату үшін елімізге алып келу тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін рұқсат етіледі» – дейді ол.