— Нұрсұлтан Берікұлы, қазіргі қоғамда жастардың дінге деген қызығушылығы жоғары. Дегенмен кейбір жеткіншектеріміз деструктивті діни ағымдардың құрбаны болып қалады. Жастар арасындағы осындай үдерістің белең алу себебі неде?

— Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдағы азаматтарды оңалту жұмыстарына көп көңіл бөлініп жатыр. Нәтижесі жаман емес. Дегенмен, жастарымыз қоғамның белсенді мүшесі болуымен қатар, кей тұстарда әлсіздік танытып, теріс пиғылды діни топтардың ықпалына ұшырап жатады. 

Қызмет барысында жастармен тығыз қарым-қатынас орната отырып, олардың дінде шектен шығуына қандай факторлар ықпал ететініне көз жеткіздім.

Алдымен, жастар өте сенгіш келеді. Олар қандай да бір ақпаратты аларда оның дұрыс не бұрыс, қауіпті немесе қауіпсіз екеніне мән бермей, ақпарат көзін тексерместен қабылдай береді.

Бүгінгі таңда кейбір жастардың деструктивті діни ағымдардың жетегінде жүргені жасырын емес. Жалған ағымдардың идеологтары діннің атын жамылып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдану арқылы халықтың, соның ішінде, жастардың ой-санасына ықпал етуде. Жастарды сендіру және көндіру жеңіл болғандықтан, олар жат ағым өкілдерінің басты нысанына айналып отыр.

Сонымен қатар жастарға ең қажетті нәрсе – мейірімділік пен жылулық, ересектер тарапынан түсіністік пен қолдауға ие болу.

Яғни, жасөспірім шақта оқушылардың бойындағы «Менікі дұрыс», «Өзім білем» деген мінез-құлықтары және ата-ана мен мұғалімдерге қарсы келу әрекеттері пайда бола бастаған шақта олардың тілін таба алмасақ, жастар жылуды сырттан іздей бастайды.

Қысқасы, отбасында орын алуы мүмкін кикілжіңдер салдарынан бала психологиялық күйзеліске ұшыраған кезде, олардың сеніміне оңай кіріп кететін деструктивті діни ағымның топтары өз теріс пиғылдарын жүзеге асыруы әбден ықтимал.

— Жастардың тез алдануына тағы қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

— Жастардың жат ағым ықпалына ұшырауының басты себептері ретінде жоғарыда аталған фактілерді атауымызға болады.

Бұдан бөлек рухани, материалдық жанама себептер де болуы мүмкін. Соның бірі — әлеуметтік мәселелерге қатысты дәлелдер Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында ашық көрсетілген: «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде».

Сол себепті мамандық таңдау, болашаққа жоспар құру кезінде жастарға ересектер тарапынан өбектеу емес, өмір сүруді үйрету қажет деп санаймын.

Десе де, тек жұмыссыз жастарға ғана емес, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған жастардың өзі діни білімсіздік пен психологиялық тұрақсыздық себепті жат діни ағым ұстанушылардың жетегіне еріп кеткендерін өздері де байқамай қалады.

— Деструктивті діни ағымның ықпалына түскен азаматтардың қоғамға кері әсері туралы мысал бере кетсеңіз?

— Ақпараттық-түсіндіру жұмысы барысында кездескен кейбір жағдайларды мысал ретінде келтіре кетейін.

Мәселен, мектепшілік шараларда домбыра тартып, өлең шығарып, қалалық және облыстық шараларда мектеп абыройын қорғап жүрген жасөспірім бала псевдосалафилік ағымға өтіп, сенімдері мен құндылықтарын лезде өзгерткен.

Домбыра тартуды харам деп танып, өзінің ақындық, айтыскерлік қабілеттеріне шектеу қойған. Ол оқушымен жүйелі түрде жүргізілген жеке жұмыстар нәтижесінде, райынан қайтып, дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызға қайта мойын бұрды.

Тағы  бір арнаулы орта білім беретін ұйымның студентімен сұхбат құру кезінде деструктивті діни ағымның сеніміне еріп, екі ай ішінде ойы өзгеріп шыға келгенін білдік.

Атап айтсақ, оның бойында әскерге бармау, алғашқы әскери дайындық сабағына қатыспау, мерекелік шараларды тойламау, сыйлық алмау, қан құйдырмау (донорлық) және мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сынды теріс түсінік қалыптасқан.

Расында, соңғы уақытта дәстүрлі емес діни идеологияға еруші жастар арасында мемлекеттік рәміздерімізді терістеушілер, соның ішінде, Әнұранымызды харам деп, оны айтуға, Әнұран айтылғанда орнынан тұруға және қолын кеудесіне қоюға қарсылық танытушылар кездеседі. Осы әрекеттері арқылы олар Мемлекеттік Әнұранға құрметсіздік танытып отыр.

Мысалы, Қазақстан Премьер лигасы аясында «Ақтөбе-Қайрат» футбол командалары арасындағы ойынның ашылу салтанатында ҚР Әнұраны орындалған болатын. Сол сәтте Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға футболды тамашалауға келген он бір мың жанкүйер орнынан тұрып, Әнұранды бірге орындағанына қарамастан, псевдосалафилік белгілері бар екі азамат қолдарын қалтасына салып, орындарынан да тұрмай, дөрекі мінез көрсетті. Қазақстандық бола тұрып мұндай құрметсіздікке жол берулеріне не себеп? Олармен салыстырғанда, футбол командаларының құрамындағы шетелдік легионерлердің өзі Әнұранның сөзі мен мағынасын түсінбесе де, тік тұрып, қолдарын кеуделеріне қойып, ұлттық құндылықтарымызға құрмет көрсете білді.

Мұндай теріс әрекет ұлттық біртұтастығымызға жасалып отырған шабуыл десек те болады. Осындай дөрекі мінез-құлық көрсету арқылы кейбір жастар осы іс-әрекеттері арқылы ел ішіне іріткі салып, ал өздері ұлттық құндылықтар мен тереңге жайылған тамырынан ажырап жатқандарын байқамауы да мүмкін. Бұл тұста аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі, жастармен өз деңгейлерінде түсінісе алуы өте маңызды.

Жас санаға ғаламтордың кері ықпалы қаншалықты?

— Интернет бұл жүздеген, миллиондаған адамды біріктіретін әлем десек те болады. Бір минутта: ютюбта 400 сағаттық видео жүктеледі, ватсапта 50 млрд. СМС хаттар жіберіледі, инстаграмда 50 мың сурет жүктеледі. Ал, гуглға минутына 4 млн рет сұраныс түседі. Әрбір минутта Вконтакте парақшасында  3,5 млн пост жасалады екен.

Қаншама жастарымыз осы әлеуметтік желіде отырамыз деп теріс діни ағымдардың қармақтарына ілініп жатыр.

Интернет арқылы «неке қияды», «талақ береді», деструктивті бағыттағы парақшаларға жазылып, лайк басады, бөліседі, репост жасайды, пікір білдіреді соңында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалып жатыр.

Мәселен, жастармен кездескен кезде олардан ВКонтакте, Инстаграм, Одноклассники желілерінен лақап (фейк) атпен жеке парақшаны қанша уақытта аша алатындарын сұраған едім. Жастар бір ауыздан 5-10 минут ішінде парақша ашып, оны қолдана алатындарын айтты. Бұндай парақшаларды ашу жеңіл болғанымен, теріс пиғылды топтардың парақшаларын анықтап, оларды ресми сараптамадан өткізіп, әрі қарайғы жұмысына тосқауыл қою біраз уақытты қажет етеді.

Сондықтан әлеуметтік желінің әлеуеті мен әлегін ескере отырып, осы салада қызмет етіп, жастарға үлгі боп жүрген әрқайсымыз интернетте белсенді болып, жастардың сауалдарына уақытылы жауап беруіміз керек. Олардың қызығушылығы мен қажеттіліктерінің дер кезінде орындалуына немесе оның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізуіне көмектесуіміз қажет-ақ. Сол себепті жастардың артында емес, алдында жүруіміз керек.

— Қазіргі таңда жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру мақсатында сіздің өңірде қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады.

Осыған орай жыл басынан бері Ақтөбе  облысы әкімінің қолдауымен «Дін. Қоғам. Жастар» атты жобамыз бекітіліп, жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты жастар арасында рухани-адамгершілік, мәдени-спорттық, шығармашылық және қайырымдылық шаралар ұйымдастыру арқылы деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылады.

Жастардың футболға деген қызығушылығын ескере отырып, бұл бағытта бір реттік емес, 2 айға созылған шағын футболдан лига ұйымдастырдық.

Ал, қыздар арасында алғаш рет үстел теннисі және «Көңілді старт» эстафетасы өтті.

Бұл спорттық шараларға мақсатты топтағы жастар тартылып, олармен еркін форматта сұхбат құрылып, тұрақты байланыс орнатылды.

Жастардың білімге деген қызығушылығын ескере отырып, оларға арнап «Ислам ғылымхалы» және «Бабалар мұрасы – бізге аманат» атты зияткерлік сайыстар өткіздік. Себебі қазіргі таңда жастардың кейбірі салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырса, енді бірі дәстүрімізді теріске шығаруда.

Сонымен қатар жастармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы жанынан «Аңсар еріктілері» волонтерлік тобын құрдық.

Аңсар еріктілерімен түрлі форматтағы шаралар ұйымдастыру арқылы басқа да волонтерлік топтармен байланыс орнатылды. Соның нәтижесінде айына бір рет ерікті жастардың басын қосып, рухани сауат ашу бойынша дәрістер өткізіп тұрамыз.

Сондай-ақ біздің еріктілердің ұйымдастыруымен қайырымдылық шаралары, қаланы абаттандыру, Мектепке жол акциясы, Қарттар және балалар үйін зиярат ету, мұқтаж отбасыларға көмек көрсету сынды әр түрлі  форматтағы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ, жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру және дұрыс діни ақпарат беру үшін әр аптаның сенбі күндері «Сoworking» орталығында «Кинотайм», «Оқырман ойы», психологиялық семинар тренинг пен «Кейіпкермен сұхбат» атты шаралар ұйымдастырып,  жастармен бас қосып тұрамыз.

Дін ұстанушы азаматтармен сұхбаттасу арқылы олардың қажеттіліктері жайында көп естимін. Жамағаттар арасында заңгерлік, жұмыспен қамту, жер, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелер өзекті болып отыр.

Осы мақсатта «Open space» және «Open day» форматында екі мәрте ашық есік күнін ұйымдастырдық. Шара көпшіліктің көңілінен шығып, тағы да ұйымдастыруға ұсыныс білдірді.

— Жастардың үлкен қызығушылығы ғаламтор деп айтып кеттік қой, интернеттегі әлеуметтік желілермен жұмыс қалай жүргізілуде?

— Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің маңыздылығы мен белсенділігі қарқынды дамуда. Біз де заман талабына сай халықпен виртуалды әлем арқылы байланыс орнату мақсатында интерактивті алаң аштық.

Ресми және жеке парақшамда да тұрғындармен кері байланыс орнату нәтижесінде өзара сенім мен шығармашылық серіктестік орнады десе де болады. Өзім басшылыққа келгеннен бері «Аңсар» орталығының әлеуметтік парақшасындағы оқырман саны 3 есеге көбейді.

Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға тіркелген оқырмандармен кері байланыс орнату және оларға дұрыс діни ақпарат беру мақсатында «Дін және жастар», «Дін мен дәстүр», «Мен және менің мінезім» және т.б. онлайн байқаулар, жастарға арналған зияткерлік сайыстар ұйымдастырылды. Бір жағынан, осындай шаралар арқылы парақшамызға тіркелушілер саны күннен күнге көбейіп, олардың діни сауалдарына да дер кезінде жауаптар беріп келеміз.

Халықтың дін мәселелеріне қатысты сауалдарына ONLINE түрде теологиялық және псиxологиялық кеңес беру мақсатында «Аңсар» орталығы жанындағы «Сенім телефонының» (741-707, 8776 074-17-07 whatsapp) қызметі жандандырылды.

Сенім телефонын кеңінен ақпараттандыру мақсатында Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерде арнайы жапсырмалар ілініп, аудан орталықтарында билбордтар орнатылды.

— Аталған мәселелер бойынша басқа өңірлермен тәжірибе алмасып отырасыздар ма?

— Сауалыңыз өте орынды. Осы мақсатта ағымдағы жылдың қазан айында «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» атты халықаралық сарапшылар алаңын өткіздік. Аталмыш шараға оңалту саласында қызмет етіп жүрген шетелдік және отандық мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде дерадикалдандыру саласына қатысты 150 терминдік глоссарий дайындалды.

Сонымен қатар Қарағанды қаласында өткен «Зайырлылық қағидаттарын нығайту – экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл негізі» атты республикалық форумда баяндама жасап, Ақтөбе өңірінің оң тәжірибелерімен бөлістім.

Мақсатты аудиторияларымыздың әр алуандығын ескере отырып, түрлі форматтағы әдіс-тәсілдерді қолдана білуіміз қажет деп санаймын. Кейбір шаралар бұған дейін де жүйелі жасалып, бірізділікке салынған болса, ал кейбір тың жобалар мен идеяларды жастардың қажеттілігіне орай іске асырып келеміз.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жылдың үздік дәріскері» атты республикалық байқауда үздік деп танылып, «Жалынды жас дәріскер» номинациясымен марапатталдым.

Жалпы, өңірдегі діни аxуалды тұрақтандыру бағытында өзімізге жүктелген міндеттер мен жұмыстарды абыроймен атқарсақ деймін.

— Сұхбатыңызға рахмет! 

Пікір жазу