Ұлы Гете айтты деген сөз бар: «Талант — бір пайыз, қалған тоқсан тоғыз пайыз — еңбек». Осы сөзбен толықтай келісемін. Әкеміз бен шешеміз бізді кішкентайдан еңбексүйгіштікке баулыды. Сол себепті де болар мені биікке шығарған еңбекқорлық қасиетім деп ойлаймын. Әдетте ертеңгісін тұра сала дене жаттығу жасаймын. Дауысымды шынықтырамын. Артистің баға жетпес жауһары — дауысы мен сыртқы сұлулығын сақтау үшін физикалық жаттығудың маңызы зор. Одан кейін жаңалықтарды шолып шығамын. Әр таңым осылай басталады. Алла күш-қуат беріп тұрғанда жұмыс істеуді, еңбектенуі, ізденуді тоқтатпаймын.

— Еш уақытта қатаң жоспар құрып өзіме ауыр жүк артқан емеспін. Маған міндетті бір дүние болса, ол – дауысымды көзімнің қарашығындай сақтау. Тыңдармандарымды қуантатын, қуаныш сыйлайтын мендегі жалғыз нәрсе.

— Басты жетістігім – халықтың маған деген шынайы махаббаты мен жүрекжарды ықыласы. Халық ықыласынан артық атақ та, даңқ та, жетістік те керек емес. Мені жаңа белестерге шығарады, шабыт сыйлайды, осы үшін алғысым шексіз.

— «60 жастан астыңыз, бірақ сізде жастықтың оты алаулап тұрады» деп сұрап жататындар бар. Жастықтың құпиясы – бақытта. Бақыт дегеніміз — саған қуаныш пен шаттық сыйлайтын, үйлесімділікке жеткізетін сүйікті ісіңмен айналысу. Ал осының барлығын ішкі жан-дүниең мен сыртқы келбетің өздігінен айтып тұрады.

— Менің есімімді үлкен ағам Берік қойған. Ол кезде ағам жеті жаста ғана екен. Арыстың орталық кино клубында тура сол күндері «Дала қызы» деген фильм көрсетіліп жатқан. Кішкентай қарындасының туғанын естіген ағам сол фильмдегі Нұржамал деген басты кейіпкердің есімін маған қоюды сұрапты. Қаршадай бала болса да, фильмдегі дала қызының өрлігін ішкі түйсігімен сезсе керек. Ақыры фильмдегі Нұржамал мен Арыста туған Нұржамал тағдырлас болып шықты, елімізге өнерімізбен қызмет еттік.

— Өмірімде бақсы-балгерге, көріпкелге барып көрген емеспін. Қиын сәттерде Жаратушы ием мен жақындарыма ғана сенім артқанмын.

— Күту мен төзім туралы көп нәрсе айтуға болады. Әуелден-ақ Төлеген екеуіміздің кездесуімізде шынайы сезім жатқан еді. Бірақ тағдыр бізді бірге болуға жазбады. Өйткені жастықпен, аңғалдықпен бір бірімізді түсіне алмадық. Ақыры екі жаққа кеттік. Бірақ он жылдан соң ғана өмір біздің жолымызды түйістіріп, бас құрадық. Біз қанша алыста жүрсек те, іштей бір тартылыс, сенім жататын. Дер кезінде бір-бірімізді түсінбегенімізге өмір бойы өкінетінін Төлеген айтып отырады.

— Әке тағылымы – ұрпаққа өнеге. Дүниедегі ешбір оқу әке мен ананың тәлімін бере алмайды. Әкемнің маған үнемі айтатын сөзі бар, «Ешкімге ешуақытта ренжіме», «Өз ісіңді жақсы көріп, қуанып жүріп істе», «Халықтың сеніміне селкеу түсірме». Міне, осы айтқандарын жадымнан бір сәт шығарған емеспін.

— Адамның адамшылығы — оның түп негізінде, тәрбиесінде. Дегенмен уақыт өте келе өмірден алған мол тәжірибесі мен білімі оны сөзсіз байыта түседі. Қазақтан асырып айтқан ешкім жоқ шығар. Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқаны анық.

— Ер мен әйелді жақындастыратын махаббатың құдіреті. Бірақ еркекті ер ететін оның ақылы болса керек. Сондықтан ер адамның бойындағы зиялылығы мен әйелге деген қамқорлығын ерекше бағалаймын.

— Шығармашылық – менің өмірімнің басты ұстыны. Музыка – менің тағдырым. Бұдан өзге нәрсені ойлап көрген де емеспін. Әркім өз ісіне тиянақты болса, өз орнын білсе деймін. Билікке құмартпайтыным да осы себепті болса керек.

— Адам қашан өзін жетістікке жеттім деп ойласа, сол күні оның шаруасының біткені. Өйткені өнер мен еңбек жолы шексіздікке негізделген. Алда әлі көрмеген талай қызық белестер, сан мыңдаған асулар бар. Ізден, шаршама, алға – бұл менің өмірлік ұстанымым.

— Әкем – Пернебек Үсенбаев тарих пәнінің мұғалімі. Көп жылдар бойы орта мектептің директоры қызметінде болды. Анам – Нарша Үсенбаева да мектеп кітапханасында қызмет етті. Екеуі тату-тәтті жарастықты ғұмыр кешті. Әкем көңілі соққанда қолына қалам алып, жыр жазатын. Ал анам әнді нақышына келтіре шебер орындайтын еді. Олардың құштарлыққа толы өмір салты бізді әдебиетке, музыкаға, өнерге баулыды. Өмірлік мамандықты таңдауыма да әке-шешемнің ықпалы әсер етті деп білемін.

— Достарым көп емес. Бірақ олар аз болса да кез келген сәтте үміт артатын, сырласатын тамаша жандар! Ал көптен жырақ жүру, жалғыздық – музыканттың әдеткі салты. Ойыңды жинақтап, өзіңді келесі сахналық көрініске әзірлеуде керек нәрсе.

— Түсті жиі көремін және олар сан алуан. Бірақ қалай болғанда да, жақсыға жоримын.

— Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев секілді біртуар тұлғалардан бата алған бақытты жанмын. Ең алғаш рет бақ сынағанымда-ақ, жүздеген үміткердің арасынан ұстаздарымның үміті мені алға оздырып, Қыз Жібек рөліне мен таңдап алындым. Сонда Ғабит, Ғабең қарап тұрып, «міне, менің Жібегім осылай болуы тиіс» деген еді. Ал Нұрғиса ағамен шетелдерге көптеген іс-сапарларға бірге шықтық. Алғашқы таныстықта-ақ «Есімі «Нұр»-дан басталған адамдардың барлығы талантты келеді», деп әзіл-шыны аралас мейірлене айтқаны бар. Музыканың сайыпқыраны атанған жаннан алған осы бір ауыз сөз мені өмір бойы қанаттандырып келеді!

— Өмірдің мәні – отбасы.

— Жастар, өмірлерің мәнді де сәнді болсын десеңдер ештеңеге қарамастан еңбектеніңдер дегім келеді. Арманға ұмтылыңыздар, армандар орындалады!