Нысаналы топтар арасында экстремизмнің алдын алу мәселелері

    47

    Соңғы он жылда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысының өзектілігі діни фактордың қоғамдық өмірде басымдылық танытуымен тұспа-тұс келгенімен байланысты. Осы жылдары еліміздің діни ахуалында кейбір жағдайлардың орын алуы да баршамызға мәлім.

    Мұндай мәселелер тұрғындар арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын жете түсіндіру қажеттілігін, дін атын жамылған жат ағымдардың теріс ықпалының алдын алуды күн тәртібіне қоюды талап етті. Еліміздің өңірлерінде аймақтық ақпараттық-түсіндіру топтарының құрылуымен қатар, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы (РАТТ) жүйеленіп, оның құрамына еліміздегі білікті мамандар тартыла бастады.

    Аймақтардағы жүргізіліп отырған жұмыстардың жетілдірілуіне байланысты уақыт өте келе топ құрамы өзгеріп отырды. Соңғы жылдары РАТТ құрамына әйелдер аудиториясымен жұмыс жасай алатын, бірнеше тіл білетін, қабілетті мамандар, тәжірибелі психологтар, топпен және жекелеген азаматтармен, соның ішінде түзету мекемелерінде бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жүрген азаматтармен сұхбат орнатуда танымал мамандар тартылды .

    Өңірлерде жұмыс барысында РАТТ мүшелері тек облыс орталықтарында ғана емес, жергілікті аудан мен ауылдарға да шығып, тұрғындармен кездесуде. Соңғы уақытта нысаналы топтармен, әсіресе жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар назарға алынды. Жұмыс жоспарларында еңбек ұжымдарынан бөлек, сауда орталықтарында, базарларда кездесулер қарастырылған.

    Нысаналы категорияларға байланысты тұрғылықты мекен-жайы бойынша жекелеген профилактикалық кездесулер де ұйымдастырылады. Әлбетте, аталмыш жұмыстар жергілікті дін саласындағы жауапты басқарма және оған қарасты дін мәселелерін зерттеу орталықтары тарапынан қолдау көрсетуімен жүзеге асырылады. Десек те, кейбір өңірлерде РАТТ жұмысы тиісінше ескерілмей қалуы да орын алуда.

    Айталық, кейбір өңірлерде Дін істері комитеті жанындағы РАТТ мүшелерінің келуіне байланысты нысаналы топтармен мәнді іс-шаралар жоспарланады. Ондай жағдайда екі күндік іс-сапарда кемінде үш сарапшыдан құралған жұмыс тобы бірқатар топтық және жеке кездесулерді ойдағыдай жүзеге асыра алады. Кей кезде кешкі уақытқа қарамастан деструктивті діни көзқарастағы азаматтардың тұрғылықты мекен-жайларына бару да жұмыс жоспарында бар.

    Әдетте өңірге жұмыс тобын құру барысында жергілікті дін істері бөлімшелерімен кеңесе отырып, өңір сұранысына сәйкес мамандарды тарту көзделеді. Қажеттіліктерді ескере отырып, зайырлы мамандар, теологтар, психологтардың біліктілігі, тәжірибесі негізге алынады. Мысалы, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жергілікті дін істері бөлімшелерімен үйлесімді жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің РАТТ жұмысына елеулі үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн.

    Алайда, жекелеген өңірлік басқарма немесе бөлімшелер тарапынан РАТТ жұмысын тиісті деңгейде ескермей қалу фактілері де орын алады. Кез келген өңірдің дін саласындағы мәселелі аймақтары бірінші кезекте сол өңірге мәлім екені сөзсіз. Және де сол жергілікті мамандармен тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүзеге асырылып жүргені де белгілі. Олай болса, РАТТ мүшелерінің жұмысы сол жергілікті жүйелі жұмысты толықтыруды, жетілдіруді ғана алға мақсат етіп қояды.

    Биылғы жылы министрліктің қайта құрылуына байланысты РАТТ жұмысының басым бөлігі екінші жарты жылдыққа жүктелді. Соған орай, уақыт шектеулігі салдарынан бір айда үш-төрт облысқа қатарынан іс-сапар ұйымдастыруға тура келді. Сәйкесінше, атқарылған жұмыстар бойынша есептер тапсырылады.

    РАТТ жұмыс үрдістеріндегі өзекті мәселелер

    Енді РАТТ-ның мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіруге бағытталған жұмыс үрдістеріндегі өзекті мәселелерге тоқталып өтсек.

    Біріншіден, жылдар бойы жүргізіліп отырған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының пәрмендігілі халықтың діни ахауалдың мән-жайы және деструктивті діни ағымдардың кері әсері жайында хабардар екендігімен байқалуда. Атап айтқанда, тұрғындардың көпшілігі мемлекеттің зайырлы қағидаттарын, еліміздегі дінаралық келісімнің жағымды әлеуетінің маңыздылығын қолдайды. Сондай-ақ, дін атын жамылған ағымдар туралы жалпылама түсінігі бар және олардан келетін қауіп-қатер жөнінде біледі.

    Дегенмен, тұрғындармен кездесулер барысында дін саласындағы мәселелерді реттеуге байланысты мемлекет тарапынан қабылданған кейбір ережелер діншіл азаматтар арасында дінге, нақтылап айтқанда, исламға қатысты шектеу нормалары ретінде қабылдану үрдістері байқалады.

    Екіншіден, соңғы кездері діни радикализм идеяларының қыздар-әйелдер ортасында белең таралуына байланысты 2018 жылдан бері арнайы түрде әйел жамағаттарымен, діндар әйелдер арасында түсіндірме жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл жұмыстың да өзінің спецификалық ерекшеліктері назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, жергілікті әйел жамағаттары діни сауаттылығын арттыруға деген ниеттерімен қатар психологиялық кеңестерге, қарым-қатынастар орнату дағдыларын жетілдіруге, отбасы қарым-қатынастарын реттеуге байланысты тиімді кеңестерге зәру және әлеуметтік-саяси өмірдегі орын алып жатқан жайттарға немқұрайлы емес.

    Ал, теріс діни ағымды ұстанатын әйелдер арасында дін саласындағы саясатты қолдамау үрдістері ашық түрде байқалмауына қарамастан, олардың мемлекеттің ұстанымын іштей қабылдамай, қолдамайтыны білінеді. Түсіндерме кездесулер барысында олардың тарапынан алдағы кезде мемлекетіміз зайырлы қағидаттардан бас тартып, діни мемлекетке айналуы жайында астыртын ниеттері бар екендігін білдіреді. Аталған санаттағы азаматтардың қоғамдық өмірде белсенділік танытуынан бас тартуы қауіпті құбылыс.

    Сонымен қатар назар аударарлық жайттың бірі – жекеленген профилактикалық сұхбаттар барысында діндар азаматтар ішінде өздерінің ішкі ұстанымдарын камуфляждау әдеттері орын алатыны аңғарылады. Олар сыртқы келбеттеріне зайырлылық қағидаттарына сәйкес өзгертулер енгізгенімен, бұндай азаматтар өздерін тиісті ортада қалай ұстау керектігін жете біліп, балаларын да осылайша ішкі діни ұстанымдарын жасыруға үйретеді. Аталмыш категориядағы азаматтардың осындай астыртын көзбояушылық әрекеттері алаңдатушылық туғызады.

    Сонымен қатар, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өңірлерде үйлестіру барысында түзету мекемелерінде де профилактикалық жұмыстар жүргізу күн тәртібіне қойылған. Діни экстремизм және терроризм баптары үшін жазасын өтеп жүргендер арасында бұл жағдайды Жаратушы иеден келген сынақ деп қабылдап, жасаған қылмыстары үшін өкінбейтіндер, жазаға тартылу мерзімін өтеуді ішкі діни ұстанымын шынықтыратын мүмкіндік ретінде қарайтындар кездеседі.

     Белгілі топтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу

    Қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтитын топтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу де қолға алынуда. Аталған санаттағы топтармен түсіндіру жұмыстары сауда орталықтарында, базарларда жүргізіледі. Назарға мұсылмандық тауарлар сату орындары да алынады. Кері байланыс орнату кездерінде ол саудагерлердің басым көпшілігі әйелдер, оның ішінде кәсіби мамандықтары бойынша мемлекеттік мекемелерде жұмысқа орналаса алмай, содан сауда саласында жұмыс жасап жүргендер екенін айта кету керек. Олардың тарапынан мемлекеттік ұстанымдарға деген ішкі наразылық орын алуы аңғарылады.

    Дін саласындағы мемлекеттік саясатты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын үйлестірудегі өзекті мәселелерді негізге ала отырып,  ары қарай жұмыс пәрменділігін жетілдіру үшін бірнеше ұсыныстар бар:

    — ақпараттық-түсіндіру топтары жұмысының біріңғай электронды жүйесін қалыптастыру қажет деген ойдамыз. Атап айтқанда, ондай жүйеде өңірлердегі діни ахуалдың мән-жайы, жергілікті ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстары көрініп, РАТТ іс-сапарын жоспарлауда қажетті немесе әлсіз тұстарды ескеруге мұрындық болар еді;

    — өңірлердегі діни ахуалдың әр алуандылығын ескере отырып, Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының аймақтардағы жұмыс күндерін қайта қарастыруға болар еді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарының діни ахуалын салыстыруға келмейді, дегенмен, бұл екі облысқа РАТТ жұмысы бірдей мерзімде қарастырылған;

    — әйел жамағаттарымен жұмыс жасауда жоғарыда аталған  спецификалық мәселелерді ескере отырып, деструктивті діни көзқарастағы топтардағы  әйел-лидерлерін, «Жусан» операциясымен елге оралған және түбегейлі оңалған әйелдерді профилактикалық іс-шараларға тарту керектігі де айтарлықтай маңызды деп санаймыз. Бұл орайда алдын алу жұмыстарының ықпалы арта түсуі әбден  мүмкін.

    Қорытындылай келе, қандай да бір жағымды нәтижелерге жету өңірлермен үйлесімді сабақтастықтың нәтижесі деп білеміз. Діни мәселелердің сақталуы немесе жаңа сын-тегеуріндердің пайда болуы жұмысымызды ары қарай жетілдіруге деген талпынысымызды арттыруы тиіс.

    Толғанай МҰСТАФИНА,
    Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау
    орталығының атқарушы директоры

    Пікір жазу