НИҚАБ – ДІНИ МІНДЕТ ЕМЕС!

    0
    82

    Араб тіліндегі «Ниқаб» сөзі – бетті бүркемелеу, бетті жауып тұратын перде деген мағынаны білдіреді. «Ниқаб» кию көбінесе, Сауд Арабиясында, Йеменде, Бахрейнде, Біріккен Араб әмірлік елдерінде кең таралған. Сонымен қатар, өзгеде араб елдері мен Сомали, Пәкістан, Үндістан және Ауғанстан елдерінде де әйелдер киеді. Соңғы жылдары елімізде бетіне ниқаб тартып, қара киім киетіндердің де саны артып келе жатыр. Бұл жерде біз, әуелі фықһи (шарғи үкімі) тұрғыдан хиджаб пен ниқабтың арасын ажыратып алғанымыз жөн. Яғни, хиджабтағы әйел адамның бет-бейнесін көруге, оның кім екенін анықтауға болады. Ал ниқаб киіп, бет-аузын тұшалап алған әйелдің кім екендігін анықтау мүмкін емес. Қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салынуының басты себебі де осы. Мүмкін қап-қара киіммен тұмшаланып жүрген ер адам шығар, мүмкін террорист шығар. Кейде БАҚ арқылы ниқаб немесе паранжы киіп алып, астына жасырынған террорист ұйымдарының адамдары, соның ішінде кейбірі ер адам болып шыққандығы да айтылып жүр.

    Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде, дін саласындағы қоғамдық санаға қатысты бірқатар шешімін табуды қажет ететін мәселелерді атап көрсеткені белгілі. Соның ішінде елімзде деструктивті діни ағым өкілдерінің бет-әлпетін жабатын қара киім киетіндерін және мұны реттеу қажет екеніне назар аударды. Қазақстанда бетті жауып тұратын киімдер киюге (ниқабқа) тыйым салу азаматтардың қауіпсіздігін сақтаудан туындап отыр. Бұл туралы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қолға алынып жатыр», — деді еліміздің дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бір сөзінде.

    Әлемдегі Бельгия, Франция, Латвия, Австрия және Болгария сынды кейбір елдердің ниқабқа тыйым салуға тырысып жатуы адамзат қауіпсіздігін сақтаудан туындап отырғаны анық. Әрине, ниқабқа тыйым салынады дегендік хиджабқа тыйым салынады дегенді білдірмейді. Екеуінің екі бөлек нәрсе екендігіне жоғарыда да тоқталып өттік. Сондай-ақ, қоғамда ниқаб мәселесін ислам дінінің негізгі міндеттері ретінде көрсету, тықпалау ислам дініне жасалған қиянат болып табылады. Яғни, мұсылман еместердің кейбір мәселелердің мәніне жетпестен ислам дінін кінәлап, айыптаулары зорлық-зомбылық, қиянатқа жатса, ал мұсылмандардың исламның негіздерінен алшақтап, кейбір істерде әсірешілдікке бой алдырулары, діннің рухына үңілместен кесіп-пішіп үкім шығарулары да дінге жасалған қиянат деуге болады. Ниқаб киюді парыздық деңгейге көтеру де  соның бір айғағы болып табылады.

    Мәселенің түсінікті болуы үшін шариғаттағы үкімдік орнына тоқтала кеткен дұрыс. Ханафи мәзһабы бойынша, «Әйел адамның денесі түгелдей – әурет (жабылуы тиіс жерлер). Тек қана жүзі, қолы мен аяғы (табаны) әурет болып саналмайды. Алла Тағала: «Мүмін әйелдер зинатын (ұятты жерін) ашпасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс» (Нұр сүресі, 31-аят) деген. Яғни, әдетте әйел адам жүзін, қолы мен аяғын бөгде адамдардың алдында ашып жүреді. Бұл мүшелердегі зинатты көрсетпей жүрудің жолы жоқ. Сүрме – жүздің зинаты. Жүзік тағу – қолдың зинаты. Сондай-ақ, әйел бір заттарды қолымен беріп, алады. Жүзді ашып жүруде де қажеттілік бар. Әсіресе, куәлік ету және сот кездерінде. Ал жүрген кезде екі қадамның (табанның) ашылуы да тәбиғи іс. Бұл жағдай кембағал әйелдерде көп кездеседі»[1] деген.

    Демек, әйел адамның жүзі, қолы мен аяғы әуретке жатпайтындықтан, әйел адамның бетін жабуы шарғи бір міндет емес. Немесе ниқаб киюге (бетін бүркемелеуге) міндетті емес. Міне, осы тұрғыдан бүгінгі таңда дінді ниқаб киюмен өлшеу радикалды топтардың ұстанымдары екендігін көрсетеді.

    Ниқаб кию үрдісі кең таралған мұсылман елдерінің бірі болған Сауд Арабиясы да бүгінде бұл мәселеге обьекті баға беріп отыр. Сауд Арабиясы үшін осындай ерекше ойды көпшілік алдында белгілі Құба мешітінің имамы, шейх Салих әл-Магасами: «Кейбір ғалымдар әйел адам бетін жабуы керек дейді, енді бір ғалымдар бұлай деуге негіз жоқ екенін айтады. Сондықтан, өз ойларыңызға салып, бет-жүзі ашық болу азғындыққа алып келеді деп тыйым салудың жөні жоқ. Әйтпесе, өздеріңіз Жаратқанға қарсы келесіз»[2] десе, Әл-Азһар университеті пәтуалар жөніндегі Кеңесінің бас хатшысы Халед Омран, әйелдердің паранже және ниқаб киюі туралы: «Ниқаб – көз тұсынан басқа, жүзді түгел жауып, жасырып тұратын бас киімді атайды. Бұл никаб туралы айтар болсақ, Құранда да, Сүннетте де оны киюге қатысты ешқандай нұсқау жоқ, мұсылман қыз-келіншектер никабпен жүруге міндетті емес. Сондықтан, біздің ұстанымымыз мынадай: никаб — кейбір елдердің әдет-ғұрпынан туындаған, сол халықтар үшін міндетті шартқа айналған дәстүрлі киім түрі, ал мұсылмандық құқықтың негізгі ережелерінде никаб туралы ештеңе айтылмаған»[3] деген.

    Қорыта айтар болсақ, ислам діні – адамзат өмірін жан-жақты қарастырған бірден-бір кемел дін. Әйел адамның жүзін, қолы мен қадамын ашық ұстауға рұқсат беруі соның бір дәлелі. Күнделікті тіршілік өмірде адам қарсысындағы адамның кім екендігін тану арқылы онымен қарым-қатынас жасайды. Оған сеніммен қарайды. Қарапайым бір мысал келтірер болсақ, бет-аузын бүркемелеп алған бір ана мектептегі баласын алып кетуге келді делік. Баланың мұғалімі беті-аузын бүркемелеп алған адамның түрін көре алмағандықтан, ол адам қасындағы баланың шынайы анасы ма, әлде басқа біреу ме қайдан біледі? Мүмкін басқа біреу шығар. Сондықтан, ислам діні – дінде әсірешілдікке баруға ешуақыт жол бермейді. Әсірешілдік әрекеттер өзге адамдардың көңіліне ислам діні жайлы қате түсінік қалыптастыратын негізгі фактор. Сол себепті, діни бір міндет болмаған ниқабты парыздық деңгейге көтеріп, дінді құбыжық етіп көрсетуді де дінге жасалған қиянат деуге болады.

    Абдусамад Оқан

    [1] Имамул Ханафи Нуриддин Әли Молла қари әл-Һарауй, Фатху бәбил ғиная фи шархи китәбин ниқая, 1-том, 208-бет.

    [2] http://kazislam.kz/songy-janalyktar/item/13937-saud-imamy-nikab-kiyuge-mazhb-rlemeuge-shakyrdy

    [3] http://www.aktobegazeti.kz/?p=46076