Алла Тағала Құранды 14 ғасыр бұрын түсірсе де оның мазмұнында ашылып жатқан жан-жақты ғылыми жаңалықтар толастар емес.

Құранның кереметтілігі сонша оны оқып, зерттеген әрбір жан алдымен жүрегіне жұбаныш тапса, кейін иләһи түрлі сырдың ашылуына себепкер болады.

Біз Құранды тілдік жағынан аяттардың байланысын анықтайтын мунасабат ілімін зерттеуде көптеген жаңалықтарға көз жеткіздік. Соның бірі  Иса (а.с.) пайғамбарға қатысты.

Алла Тағала әрбір пайғамбарды белгілі бір қауымға жіберіп отырған. Яғни, Құранда ескерілген барлық пайғамбарлардың жіберілген ортасы, арнайы қауымы болғаны баяндалған. Мәселен, Нұх (а.с.) пайғамбар туралы: «Расында Нұхты (а.с.) өз қауымына пайғамбар етіп жібердік. Сонда ол: «Әй қауымым! Аллаға құлшылық қылыңдар!» делінген (Араф-59).

Сол сияқты Һуд (а.с.) пайғамбар туралы: «Ад қауымына туыстары болған Һудты (а.с.) жібердік. Ол: «Әй қауымым! Аллаға құлшылық қылыңдар!» делінген (Һуд-50). Осы сүреді Салих (а.с.) пайғамбар жайлы: «Сәмүд қаумына туыстары Салих (а.с.) пайғамбарды жібердік. Ол: «Әй қауымым! Аллаға құлшылық қылыңдар» делінген (Һуд-60). Лұт (а.с.) пайғамбар туралы: «Лұт (а.с.) сол уақытта қауымына: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?» деді» делінген (Араф-80).

Мұса (а.с.) пайғамбар туралы кезекті аятты былай делінген: «Сол уақытта Мұса (а.с.): «Әй қауымым!…» (Бақара-54). Осы секілді барлық пайғамбарлардың жіберілген жеке қауымдары болғаны белгілі.

Алайда, Құранда Иса (а.с.) пайғамбар ескерілгенде ол ешбір жерде «қауымым», «елім», «жұртым» деген сөздер айтпаған. Керісінше мұндай сөздердің орнына «Әй Исраил ұрпақтары!» деген үндеу кездеседі. Айталық, Құранда: «Сонда Мәсих (Иса а.с.): «Әй Исраил ұрпақтары! Аллаға құлшылық қылыңдар!» делінген [Майда-72]. Сол сияқты «Саф» сүресінің 6 аятында: «Сол уақытта Мәриям ұлы Иса (а.с.): «Әй Исраил ұрпақтары! Шын мәнінде мен, сендерге Алланың Елшісімін!» делінген.

Бұның басты сыры Иса (а.с.) пайғамбар әкесіз туылуында жатыр. Себебі, әрбір туылған бала қашан да әкесінің ұлтына, тегіне байланысты сол қауымның не елдің нәсілінен болады.

Ал, мұндай нәсілдік байланыс Иса (а.с.) пайғамбарда болған емес. Өйткені, ол Алланың тікелей қалауымен Мәриям анамыздың ешбір еркекпен жақындаспай ақ жүкті болып қалуының нәтижесінде дүниеге келген.

Ал, жоғарыда ескерілген пайғамбарлар өз кезегінде арнайы әкеден, атадан тарап, белгілі бір қауымның жалғастырушы нәсілдері болғандықтан олардың қауымы болған. Сол үшін оларға қатысты Құранда «қауым», «ел», «жұрт» сөздері тіркесіп тұтас айтылады.

Сәйкесінше Иса (а.с.) пайғамбарға мұндай сөздерді теңеп айту — ол Құранның тарихи нәсілдік тұрғысынан да, тілдік тұрғыдан да қате болған болар еді. Осындай қателікті болдырмаушы Алла Тағала Құранда әрбір сөздің нақ өз орындарын тауып ескеруі оның мінсіз, әрі шүбәсіз Иләһи кітап екенін тағы бір айғақтайды.

Енді осы тұста ең әуелгі пайғамбар саналатын Адам (а.с.) туралы Құранда не айтылған? Ол да әкесіз, не анасыз туылған емес пе?, деген заңды сұрақ туындайды.

Әрине, Құранда Адам (а.с.) атаның да қауымы, жұрты деп ешбір жерде ескерілмеген. Себебі, ол да Иса (а.с.) пайғамбар секілді нәсілдік ата-бабадан тараған емес. Жалпы, Құран мазмұнында екі пайғамбар ғана яғни, Адам (а.с.) ата мен Иса (а.с.) пайғамбар ешқандай қаумсыз айтылған. Сондықтан болар бұл екі пайғамбардың мысалы Алланың алдында ерекше жаратылыс иесі әрі бір-бірімен тығыз байланысты екені. Бұл жайында: «Шын мәнінде Алла қасында Исаның а.с. жағдайы: Өзін топырақтан жаратып, содан кейін «бол!» дегенде бола қалған Адам (а.с.) атаның мысалы сияқты» деп ескерілген. Алла Тағала анығын білуші!

Жалғас АСХАТҰЛЫ — Дінтанушы