Көктем келіп, көкке ілінген жұрттың көңілінде үміт бар… Сонан да болар, қытымыр қыстан  аман шыққан жұрт жер бетін әсемдікке бөлейтін Наурыз айы келгенде бір желпініп қалады. Көктемнің бұл күндерінде кешегі қыстан қалған жердің тоңы жібіп, бәйшешектер гүл атады.

«Ұлыс күні кәрі-жас, Құшақтасып көріскен», — дегендей, бұл күні көңілдегі өкпе-ренішті қуанышқа алмастырып, ағайын-туыс арқа-басын кеңге салып ерекше күйде болады.

Міне, қарап отырсаңыз, осынау ақ ниетті ағайынның көздегені жақсылықтың бастауы іспетті. Бір-бірімен құшақтасып, бауырласып, алғы күнге ақ тілек ақтару – тамаша көрініс.

Шығыс халықтары да наурызды жыл басы мерекесі ретінде тойлап, ерекше күн ретінде атап өтеді. Парсы тілінде «нау» – «жаңа», «руз» – «күн» деген ұғымдарды білдіреді. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн.

Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Үлкен әжелер мен аналарымыз бұл күнді «Самарқанның көк тасы еріген күн» демеуші ме еді?!

Наурыз мейрамы қалай тойланған?

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында көне замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Сумейрамы», татарлар «Нардуган», тәжіктер «Гүлгардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи»,  буряттар «Сагаансара» деп түрліше атаған.

Ал Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Омар Хайям, Әбу Райхан Бируни еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері жеті кесемен дәстүрлі ұлттық көже – «сумаляк» ұсынады; жамбы атысып жарысады; тозған киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны ыдыстарын сындырады; бір-біріне гүл ұсынып, үйдің тіреу ағашына гүл іледі екен.

Ал ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады екен.

«Ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді» деген де деректер бар.

Ал, қазақ жерінде сан ғасырлардан бері 21/22 наурызда тойланып, ұрпақтан  ұрпаққа мұра болып келе жатқан жалғыз мейрам – Наурыз мерекесі.

Қазақ даласында ұлыстың ұлы күні бүкіл адамды тең санаған, құл мен күң де шаруадан босап, еркін бой жазуға мүмкіндік алған. Бұл күнгі дастарқандағы дәм, айтылар әңгіме көпке ортақ болған екен.

Наурыздау және ауыл аралап көрісу салты

«Наурыз» күн мен түн теңеліп, жердегі көкке жан бітіп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, тоң жібіп, Жер-Ана бусанатын, қыстан аман шыққан шаруа адамының еңбекке бастайтын ерекше күн деп саналған.

Жаңа жылды, Наурыздың 22-жұлдызын халық «Ұлыстың Ұлы күні» деп ұлағаттаған. Ұлыс күні қазақ үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Бұл күнгі әрбір өзгеріске үлкен мән берген, қар немесе жаңбыр жауса «нұр жауды», «туар жыл нұрлы болады», «Наурыздың ақша қарындай» деп әсем теңеулер айтып, ағынан жарыла қуанса, мал төлдесе «бір тал көк шөп артық шығады» –  деген ниетте болған.

Ал, нәресте дүниеге келсе, ұлағаттап ерекше есім қойған. Ұлыстың Ұлы күні «көлденеңнен шөпке жан бітіп, қырда саршұнақ інінен қылт етіп, бір көрініп, қайтадан ініне кіріп кетіп, жер беті әбден жылығанда шығады» дейді. Бұл сөзде дала мен табиғат арасындағы көзге көріне бермейтін терең мәнді тағылымды үйлесімділік жатыр.

Тілімізде осы күнге қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», «Көк тас еріген күн» деген сөз оралымдары сақталған. «Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған» деседі.

Наурыздау, ауыл аралап көрісу қазақ даласында үш күнге созылған. Осы күндері әрбір отбасының дастарқанынан көжесі, дәмі үзілмеген, есігі ашық, қабағы жайдар болған. Наурыз күні міндетті түрде отбасынан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу міндетті саналған.

Наурыз мерекесі – дәстүріміздің жалғасы

Бұл күні пейілі даладай дархан халқымыз дастархан жайып, қонақ күтіп, қарияларымыз бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»  деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі болып табылады.

Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанып, Жаратқанның разылығына бір табан жақындай түседі. Себебі, кешірім, татулық, бірлік болған жерде әрдайым тірлік бар. Уақыт көшіне ілесе отырып халқымыз Наурыз мейрамын ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Ұлттық киімдеріміз бен ұлттық тағамдарымыз бұл мерекеге сән беріп, мерейді арттыра түседі.

Қазақ халқы ұлан байтақ даласында наурызды халықтық мереке ретінде кеңінен тойлап келген. Наурыз күн мен түн теңелетін, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай болып саналған. Сол себептен де табиғаттың тылсымын, ғалам ғажайыптарын терең түсінген ата-бабаларымыз бұл күнді жыл басы деп есептеп, жақсылықтың жаршысы ретінде таныған.

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде осы мереке ерекше сақталған. Халқымыз Наурыз мерекесінде ән-жыр айтып, айтыс-терме ұйымдастырып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне игі бата беріп қауышып жатады. Бұл − қыстан халықтың аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, көктемді қарсы алу мерекесі. Ауылдың үлкен-кіші азаматтары бас қосып, кетпен-күректерін алып, жол жиегіндегі арықтарды тазалайтын, ағаш отырғызатын.

Ең бастысы, бұл күні бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, бір-біріне өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып, мәмілеге келетін мереке. Сондықтан ғасырлар қойнауынан бастау алған Наурыз мейрамы – ұлттық дәстүріміздің ұлық мерекесі десек, артық айтқанымыз емес.

 Наурыз: пәтуа және пайым

Бүгінгі қазақ жастарын халқының салт-дәстүрін бойларына дарыту арқылы шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолында аталмыш мерекенің орны ерекше. Бүкіл тіршілік атауының түрленіп, жаңаруы, мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздерінің  кеңінен насихатталуының  өзі халқымыздың болмысын таныта түседі. Ата-бабадан жеткен халқымыздың тамаша жоралғылары мен дәстүрлеріне құлақ салсақ, зердемізге түйіп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыра алсақ, қандай ғанибет болар еді?!

Белгілі ғалым Ғарифолла Есім: «Наурызды тойлау 9 күн жалғасатын болса, оқушылардың демалыс уақыты артады, ал студенттер үйіне барып, туған-туыстарымен көбірек уақыт өткізе алады,  — деп пікір білдірген-ді.

Расында да, өзара мейірім мен ізгілік шуағы таралатын мерекені ұрпақ санасына сіңіру аса маңызды. Дінді дәстүрден, дәстүрді діннен бөліп қарастыруға болмайды. Діні мен ділін ұштастырған ел салты мен санасын да сақтайтыны сөзсіз.

Белгілі исламтанушы  ғалым Мұхан Исахан наурыз мерекесі туралы: «Дәстүрлі Қазақ мәдениетіндегі ұлық мереке – әз-Наурыз екендігі әмбеге аян. Көшпенділер ұлыстың ұлы мерекесі әз-Наурыз мерекесін қаншама ғасырлардан бері дәстүрлі түрде тойлап келе жатыр. Тіпті, кешегі Кеңес үкіметі тұсында ресми тыйым салынғанмен, қалың бұқара Наурыз мерекесін ауыл-ауылдарда шама-шарқынша тойлап жататын. Десек те, кейінгі жылдары ұлыстың ұлы күнін тойлауды дінге қайшы деп түсінетін кержақ көзқарастағы әсіредіншілдер пайда болды. Әлбетте, мұндай теріс пікірлер бізді тосырқатпайды. Қайта, Әз-Наурыздың Хақ дінмен қабысып жатқанына көптеген дәлелдер келтіруімізге түрткі болады деп ойлаймын»,-дейді.

ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа бөлімі» жұртшылыққа мынадай жайтты түсіндіріп берді: «Наурыз мерекесін тойлау шариғатқа қайшы емес, оны бұзылған діни сенімдерге байланыстыруға да ешқандай негіз жоқ, керісінше осындай салт-дәстүрлеріміз арқылы халқымыздың ынтымақ-бірлігі күшейеді, туыстық, достық қарым-қатынастар нығаяды, сүйіспеншіліктері артады. Ендеше, әз-Наурызды жатсыну, халық арасында дау тудыру, салт-санаға шабуыл жасау – ағаттық. Діні мен дүниесін қатар ұстаған халқымыздың бұрын бөлмегенін бүгін бөлудің ешқандай мәні жоқ».

Бүгінде халықтың бітім-болмысымен үйлесіп, ұрпақтан-ұрпаққа дейін жеткен ізгіліктің сабақтастығы жоғалған дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды түгендеп берді.

Діннің атынан сөйлеп жүргендер Наурыз мерекесіне ескіліктің сарқыншағы деп қарауларын доғарар емес. Әрине, бұл мереке діни мереке емес. Алайда, салт-дәстүрмен ұштасқан ұлттық мереке деуге негіз бар.

Жақсы ой мен тілектің, адамдардың бір-бірімен татуласып, ақ тілектерін толассыз арнайтын күнін шектеу ақылға қонымсыз. Қайта жақсылыққа ұмтылып, бауырмалдылыққа жол ашатын халықтық мерекенің жоғары деңгейде өтуіне күш салайық.

Көктем шуағымен көңілдерге қуаныш ұялататын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір жазу