Наурызбай қажы Тағанұлы: «Пара беру – Пайғамбар лағынеттеген қылмыс»

    0
    7

    Астана. 12 ақпан. KAZISLAM – Бүгін Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетінде «Діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру саласында заңнама бұзушылығына жол бермеу» тақырыбында өткен семинарда ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, жемқорлықтың шариғаттағы үкімін атап өтті.

    — Ислам діні – жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлғалық және ұжыммен бірлесе жүзеге асырған болатын. Сондай-ақ, шариғаттағы жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Ал Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі – Құран аяттары мен хадистерге жүгіне отырып шығарылады. Алла Тағала «Бақара сүресінің»188-аятында:

    «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар»-деп бұйырады. Мінеки, бұл – Алла Тағаланың сыбайлас жемқорлыққа тыйым салып тұрғандығына бірден-бір дәйек,-дейді наиб-мүфти.

    Сонымен қатар, Н.Тағанұлы шариғатта жемқорлық, парақорлықтың ауыр күнәлардың қатарына жататынын тілге тиек етіп:

    — Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген. Тәпсір дереккөздеріне сүйенсек, параны талап етіп, оны қабыл алып, сондай-ақ қолдау көрсеткен пара алушы мен беруші арасындағы тасымалдаушы дәнекердің ісі де қарғысқа ұшырағандардан болып, сыбайлас жемқорлық барысында пара беруші мен алушы арасындағы делдалдың ісіне де тыйым салынғандығы баяндалады,-деді ол.