М.Иманбаев: Әлемде діни мәселелерге ортақ әмбебап шешім жоқ

    Назарларыңызға ұзақ жылдардан бері дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органда, одан бөлек, білім беру және ғылым саласында да біршама уақыт қызмет істеген білікті маман, саясаттанушы Мейрам Иманбаевпен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

    0
    386

    – Мейрам Өткелбайұлы, Қазақстандағы қазіргі күндегі діни ахуалға қандай баға беруге болады?

    –Мен еліміздегі діни ахуалға тұрақты деген баға берер едім. Әрине, дін саласы қазіргі күнде күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғандықтан, осы салада өтіп жатқан оқиғаларға қоғам тарапынан қызығушылық үлкен екенін білеміз. Жекелеген сарапшылар мен қалам ұстаған журналистер үлкенді-кішілі басқосуларда еліміздегі жекелеген діни бірлестіктер мен  діндарларды немесе діни радикализм мәселелері шегіндегі мәселелерді тілге тиек етіп, «діни радикализм қаупі сақталып тұрған кезде немесе жекелеген діни бірлестіктер тайраңдап жүрген кезде дін саласындағы жағдай қалай тұрақты болады» деген сыңайдағы  сұрақтар қойып отыратыны рас.

    Олардың уәжіне не айтуға болады? Жалпы, әр адамның қоғамдағы   өзекті мәселелерге баға беруде, оның ішінде дінге немесе мемлекеттің осы салада жүргізіп отырған саясатына қатысты мәселелер бойынша субъективті пікірі болуы заңды. Мұны айналып өту мүмкін емес. Осындай субъективті пікірлер объективті шынайылыққа негізделмеген жағдайда кез-келген  мәселені бұра тартуға болады. Сынның болғаны өте дұрыс, бірақ оның да өз орнымен болғанына не жетсін.

    Уәкілетті мемлекеттік органның дін саласындағы ахуалға баға берудегі ұстанымдарына келер болсақ, ол объективті өлшемдерге сүйенеді. Яғни, мемлекеттік орган діни ахуал ұғымына баға беруде еліміздегі конфессияаралық келісім, мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынас, азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтау, діни субъектілердің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнамаларды ұстану, адамдардың дін саласындағы саясатқа қатынасы және олардың осы саладағы ахуалды бағалауы тәрізді көп қатпарлы өлшемдердің нәтижелерін басшылыққа алады. Және осы өлшемдердің барлығы әлеуметтанулық пікірлерді зерттеу, осы саладағы қоғамдық үдерістерге сараптау жүргізу тәрізді ғылыми және талдау жұмыстарымен дәйектеліп отырады.

    Мысал ретінде айта кетер болсам, соңғы 2-3 жыл көлеміндегі әлеуметтанулық зерттеулердің қорытындылары еліміздің тұрғындарының басым бөлігі дін саласында жүргізіп отырған мемлекет саясатын толық қолдайтындықтарын және қоғамдағы діни ахуалды тұрақты деп бағалайтындығын көрсетіп отыр.  Мұндай көрсеткіштердің осы жылдар ішінде 85 пайыздан кем болмағандығы көзі қарақты азаматтар үшін көп жайтты аңғартады деп пайымдаймын.

    Әрине, бұл басқа да салалардағы тәрізді дін саласында келеңсіз оқиғалар орын алмайды деген сөз емес. Десек те, жекелеген мәселелер мемлекет тарапынан іске асырылып отырған жүйелі жұмыстарды көмескілей алмайтындығын да ескеруіміз қажет.

    Демек, дәл қазіргі күнде дін саласында қоғамның алаңдауына себеп болатындай ешқандай негіз жоқ. Елімізде мемлекеттік-конфессиялық тұрғыдан дәйекті қатынас орнатылған, азаматтардың діни бостандығы қамтамасыз етілген, мемлекет өз тарапынан елімізде қабылданған заңдарға сәйкес конфессиялардың толыққанды қызмет атқаруларына барлық жағдайларды жасаған, діни радикализмнің алдын алу бойынша пәрменді түсіндіру және оңалту жұмыстары жолға қойылған. Осының бәрі еліміздегі діни ахуалдың тұрақты екенінің дәлелі.

     –Қысқасы, бәрі тамаша дейсіз ғой…

    –Әрине, бұл еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмесе керек. Өкінішке қарай, дінді біржақты түсінетін радикалдық ағымдардың ұстанушылары тарапынан елімізде соңғы 7-8 жылда бірқатар лаңкестік оқиғалардың болғаны мәлім. Десек те, жоғарыда айтып өткендей, осындай оқыс оқиғалардың өзі елімізде қалыптасқан діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіре алмады. Орын алған шетін оқиғалар, бір жағынан, қазақстандық қоғамның діни экстремизм мен терроризм идеяларын мүлдем қабылдамайтындығын көрсеткен болса, екінші жағынан, мемлекеттің діни бостандық пен діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруына кепілдік беру мен  дін атын жамылған теріс ағымдарға тойтарыс берудің аражігін салиқалы ажырата алатынын көрсетті.

    Мемлекет тарапынан осы жылдар ішінде дін саласындағы үдерістер мен үрдістерді реттеу бойынша пәрменді шаралар әзірленіп, қолға алынды.

    Мен осы жерде мынаған назар аудара кеткенді жөн санап отырмын: дін саласында туындаған мәселелерді шешуде барлық елдерге ортақ әмбебап шешім жоқ. Әрбір мемлекет бұл салада өзінің тарихи дамуын, мәдени-рухани құндылықтарының ерекшеліктерін, қоғам дамуындағы сан түрлі талаптарды, халықаралық қатынастар мен міндеттемелерді және қоғамда қалыптасып отырған жағдайларды ескере отырып қимылдайды. Бұл діни бірлестіктермен қарым-қатынас орнатудан бастап діни радикализмнің алдын алуға дейінгі аралықтағы барлық мәселелерге қатысты деуге болады.

    –Ойыңызды тарқата кетсеңіз?

    –Мәселен, қазіргі күнде жекелеген азаматтар тарапынан «дәстүрлі емес діни бірлестіктерді тіркеудің қажеті не?» немесе «Олардың қызметін тоқтатып, жауып тастау керек» деген тәрізді ойлардың айтылып қалып жататыны жасырын емес. Әрине, мемлекетке діни радикализм қаупін сылтау етіп, діни кеңістікте қалыптасып отырған жағдайды қатаң бақылауға алуына болар еді. Бірақ біздің елімізде мемлекет ондай біржақты қадамдарға барған жоқ. Өйткені, жоғарыда атап өткендей, мемлекет конституцияда кепілдендірілген діни бостандықты қамтамасыз ету мен деструктивті діни көріністерге тосқауыл қоюды бір-біріне араластырмайды.

    Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай салиқалы ұстанымнан біздің еліміз ұтыла қойғаны жоқ. Бір жағынан, әлемдік қауымдастық Қазақстанды діни ұйымдардың қызметіне еркіндік берілген демократиялық ел ретінде мойындайтын болса, екінші жағынан, аймақтағы басқа елдер Қазақстанды  діни радикализмнің алдын алу бойынша мол тәжірибе жинақтаған мемлекет ретінде таниды. Бұл мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының дұрыс іске асырылып отырғанының дәлелі.

    Азаматтардың дінге сенуі не сенбеуі – олардың конституциялық құқығы

     –Мемлекет халқымыз үшін дәстүрлі емес әртүрлі діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруына  не үшін мүмкіндік береді? Оларды неге тіркемей қоймасқа?

    –Енді мен қарсы сұрақ қояйын, неге бермеске? Бұл жерде мемлекет өте қарапайым және маңызды ұстанымды – діннің сенім екенін басшылыққа алады. Яғни, мемлекет азаматтардың қай дінге сеніп-сенбеу керек екендігіне нұсқау бермейді. Азаматтардың дінге сенуі не сенбеуі – олардың конституциялық құқығы.

    Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің қоғамымызда сан ғасырлардан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан діндермен қатар, қазіргі күнде жаңа діндер де бой көрсетуде. Бұл – объективті нақтылық.

    Қазақстан конституциялық тұрғыдан зайырлы мемлекет болып табылады. Бұл мемлекет заңда көзделгеннен басқа жағдайларда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды дегенді білдіреді. Мемлекеттің бұл жердегі ең басты талабы нақты – діни бірлестіктер тіркеліп, заңды қызмет атқарса жеткілікті.

    Мен осы жерде қоғам тарапынан туындап отыратын жоғарыдағыдай  сұрақтарды, көп жағдайда, қазіргі күндегі заманауи әлемнің табиғатын түсінбеушіліктен  туындайтын қарапайым эгоизм деп қабылдаймын.

     –Бұны қалай түсінеміз?

    –Шынайы түсіну керек. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде және адам құқы мен бостандығын қамтамасыз етуге  жауапкершілік алған мемлекет ретінде басқа діни сенімді ұстанатын адамдарға және олардың мүддесін білдіретін діни субъектілерге шеттету көрсете алмайды. Бұл – мемлекеттің саналы таңдауы.

    Енді осыны күнделікті өмірге түсіріп көрелік… Мәселен, біздің еліміздің мұсылмандары Батыс елдеріндегі мұсылмандардың өз діни сенімдерін еркін ұстап жүргеніне қуанады және оған сол елдерге барғанда өздері де куә болып жатады. Жақсы ма? Өте жақсы. Енді дәл осы жағдайды кері бағытта ойлап көрелік.. Неге, сол батыс христиандары біздің елімізде өздерінің діни сенімдерін еркін өтей алмаулары керек?  Егер біз жаңа діни бірлестіктерді біздің қоғамымыз үшін дәстүрлі емес деген сылтаумен шеттете берсек, онда әділеттілік қайда қалады? Бұдан шығатын тұжырым мынау – әлем халықтары бір-бірімен белсенді араласуға түскен жаһандану заманында кез-келген қоғам өз бойындағы ұлттық, діни және басқа да ерекшеліктерден туындайтын эгоистік менмендікті тежеп, басқалармен санаса білуі керек.

    Қазіргі күнде консервативтік сипаттағы ислам елдерінің өздері өз елдерінде басқа діндерді ұстанушылардың діни ұйымдары мен мінәжат ету орындарына рұқсат беріп жатыр. Мұндай жағдай заманауи әлемдегі ауқымды өзгерістерді түсінуден туып отырған  шынайылық.

    Сондықтан, біздің азаматтарымыз да өздерінің ұлттық, діни құндылықтарын көптүрлі әлемнің идеялық плюрализмінің ашықтығы жағдайында сақтай және нығайта беруге үйренулері керек. Танымал ойшыл Арнольд Тойнбидің ой желісімен айтқанда:

    …біз Тарихтың және замана дамуының халқымызға, мемлекетімізге, қоғамымызға  қойып отырған Сауалдарына лайықты жауап бере отырып қана ұлттық дамуымызды қамтамасыз ете аламыз. Замана сауалы басқа елдермен, халықтармен білім, ғылым, технологиядан бастап рухани-мәдени және идеологиялық салаларда ашық бәсекеге түсе алу және оларға лайықты Жауап бере алу деген сөз. Ал мұны діни салаға қатысты айтар болсақ, бұл  өзіңнің ұлттық мүдделеріңді сақтай отырып, қоғамдағы діни әралуандылықты қамтамасыз ету, діни идеялардың көптүрлілігіне кепілдік беру, дінді ұстануда адам және азамат құқығы мен бостандығын басшылыққа алу деген сөз.

    Жоғарыдағы сіздің сұрағыңызға бере жауабым да осы – біздің мемлекетімізге заңды тіркелген діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруларына жағдай тудырудан басқа балама жоқ. Басты талап – діни бірлестіктер   заңды түрде тіркелулері және өз қызметінде еліміздің қолданыстағы заңнама талаптарын бұзуға жол бермеулері тиіс.

    Мемлекетіміз осы жылдар ішінде діни бірлестіктермен және қоғамдағы барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып, дін саласындағы тепе-теңдікті сақтап келді және осынау маңызды үрдіс алдағы уақытта жалғасын таба береді деп сенейік.

    Сұхбатыңызға рахмет!

     Kazislam.kz