– Мейрам Өткелбайұлы, америкалық саясаттанушының айтқан пікіріне қатысты  не айтар едіңіз?

– Шынында да, қазіргі күнде жекелеген сарапшылар тарапынан адамзат қоғамын құрап отырған іргелі өркениеттердің болашақта қатығысқа түсу мүмкіндігі туралы жорамалдар көп айтылады.

Иә, бір қарағанда негізі бар жорамалға да келетін тәрізді көрінетіні рас.. өйткені арғы ғасырларды айтпағанда біздің ғасырымызда орын алып отырған шартты түрдегі Батыс пен Шығыс елдері арасындағы саяси, экономикалық, діни себептерге байланысты орын алған кикілжіңдер түптеп келгенде өркениеттік сипатта көрініс тауып отыр деп айтуға болады.

Жалпы, ХХ ғасырдағы танымал мәдениеттанушы-ғалымдар Арнольд Тойнби, Карл Ясперс және тағы басқа да ғалымдар өркениетке адамзаттың ғылыми-техникалық прогреске қол жеткізуін көрсететін өлшем ретінде анықтама береді.

Осыған орай, адамзат тарихында болған ірі өркениеттер (Мысыр, Шумер, Үнді, Қытай, Грек-Рим) өз заманында ғылым мен техника дамуының белгілі бір жоғары сатысына қол жеткізген ошақтар деп саналып, бертін келе осы өркениеттердің бір-бірінен ерекшеліктері діни-рухани құндылықтардан көрініс табатыны туралы пікірлер өркениеттерге анықтама берудегі негізгі өлшемдердің біріне айналды.

Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі әлемде іргелі діндердің маңайына топтасқан бірнеше ірі өркениеттер бар. Десек те, жоғарыда айтқан Батыс пен Шығыс өркениеттері ұғымының өзі тым жалпылама сипатта екенін айта кету керек.

Егер Батыс өркениетін белгілі бір түрде христиан дінін ұстанатын  халықтар мен елдер құрайтын болса, Шығыс өркениеті бір-бірінен ерекшеленетін  будда,  индуизм және ислам діндерінің маңайына топтасқан үлкен өркениеттерден тұрады.

Осы орайда қазіргі адамзат тарихын Батыс пен Шығыс өркениеттерінің немесе Шығыс өркениеті ішіндегі үнді-буддалық және ислам өркениеттерінің үздіксіз қақтығысы жүріп жатқан алаң ретінде қабылдаудың қажеті жоқ.

Осы өркениеттерді құрайтын әр елдің басқа өркениеттегі елдермен өз мүддесін көздейтін дербес саясаты бар және олардың арасында саяси, экономикалық және мәдени мүдделерден туындайтын кәдуілгі қарым-қатынастар мен бәсекелестіктер орын алып отырады.

Дегенмен екіжақты және көпжақты қатынастарда орын алатын кикілжіңдер мен түсінбестіктердің барлығына өркениетаралық қақтығыс ұғымын теле берудің еш қисыны жоқ.

Жалпы, өркениетаралық қақтығыс ұғымын қазіргі таңда белгілі бір орталарда көп айтылатын болса да, оған нақты сипат беру қиын. Өйткені жеке адамдардан бастап, халықтардың, елдер мен адамдардың арасындағы мыңдаған арна бойынша күнделікті орын алып қарым-қатынастар қандай да бір өркениетаралық қақтығыстарға жол бермейтін іргетасты құрайды. Яғни, қазіргі заманғы жаһандану жағдайында адамзат үшін әлемдегі кез-келген өркениет пен мәдениеттердің қатар дамуының негізін құрайтын ортақ дүниетанымдар мен құндылықтар маңызды орынға ие.

Десек те, тақырыбымызға қатысты айтар болсақ, діни астары бар лаңкестік оқиғалардың жиі орын алуынан, әлемнің әр аймақтарында орын алып отырған діни алауыздықтардан, дінді саясиландырудан туындайтын фундаментализм себептерінен адамзат қоғамында түсінбестіктердің артып отырғанын мойындауымыз керек.

– Дінді саясиландыру, фундаментализм тақырыбын аша кетсеңіз?

– Қазіргі әлемдегі өркениеттер арасындағы түсінбеушіліктерге белгілі бір түрде саяси идеология ретінде көрініс тауып отырған фундаментализм себеп болуда. Осы орайда, қазіргі қоғамдық пікірде фундаментализмді ислам дініне телуге мүдделі пікірлер жиі естілетін болса да, дінді саясиландыру тек мұсылмандарға қатысты құбылыс еместігі анық.

Жалпы, бұл түсінік пен құбылыс туралы айтқанда, барлық дерлік діндерден көрініс беретін фундаменталистер негізгі конфессиялық қағидаттарды саясиландыру арқылы өз түсініктеріне сай қоғамда болуы тиіс әділ тәртіп туралы идеяларды алға тартатынын ескеру қажет.

Осы ретте, терроризм құбылысынан көрініс табатын зорлық-зомбылық әрекеттерді белгілі бір түрде дүниетанымдық сипаттағы қақтығыстық әлеуеттің материалдануы десек, заманауи фундаменталистердің дінді саясиландыруын осы ой желісіне сәйкес зайырлы мемлекетке қарсы бағытталған дүниетанымдық шабуыл деуге болады. Осы жерде бұл құбылыс тек исламға қатысты көрініс таппайтындығын қайталап айтқым келеді.

Фундаментализм туралы сөз қозғалғанда заманауи БАҚ-тар мен жекелеген сарапшылар бірінші кезекте мұсылмандар тарапынан орын алған террористік әрекеттер туралы дабырлатуға бейім, ал Ирландиядағы католиктердің, Үндістандағы индуизм радикалдарының немесе Мьянмадағы буддистердің басқа дінді ұстанушыларға қатысты іске асыратын террорлық әрекеттері туралы ақпараттарды таратуға аса ынта таныта қоймайды. Әрине, мұндай ақпараттық біржақтылықты ислам дінін қаралауға бағытталған мақсатты насихат демеске лажың жоқ.

Құдайлық бастаудың абсолюттілігі дүниетанымына тұғырланған діни сенімді ашық түрде саясиландырудың көрінісі ретіндегі заманауи фундаментализм барлық діндер мен конфессияларға тән ғаламдық құбылыс.

Осы ретте, діни фундаментализм өз мақсаттарын іске асыруда тек зорлық-зомбылыққа жүгіне бермейтінін ескеру керек.

Иә, кез-келген идеядағы тәрізді олардың арасында да күш көрсетуді дінмен ақтап алғысы келетіндер бар болса да, фундаментализмді бүтіндей терроризммен байланыстырудың қажеті жоқ. Ол көп жағдайда идеялық түрде көрініс беріп, өз өзектілігін жоғалтқан кезде қоғамдық алаңнан жоғалады. Бұл күш көрсету мен зорлық-зомбылыққа жүгіну фундаментализмнің көрініс беруінің бір қыры ғана екенін және оны қандай да бір нақты діндермен, оның ішінде ислам дінімен байланысты еместігін көрсетеді.

Осы мәселе аясында ислам фундаментализміне немесе қазіргі күнде сарапшылар жұқалап айтатын исламизмге қатысты мынадай қарапайым ақиқатты түсініп алғанымыз жөн: егер ислам дінін және оның атын жамылатын  фундаменталистердің аражігін ажыратып, басын ашып алмаған  жағдайда экстремистер  ислам дінін өз мүдделеріне пайдалануды жалғастыра беретін болады.

Қазіргі таңда ислам әлемін құрайтын елдер осыны түсініп, үлкен мінберлерден ислам дінінің экстремизм мен терроризмге қатысы жоқтығын баса айтып, күмәнді тұлғалар мен ұйымдардан іргесін аулақ салуға тырысуда. Әрине, мұндай ұстанымдар жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттайтын ислам дінінің оңды бейнесін қалыптастыратыны сөзсіз.

– Біздің қоғамдағы діни фундаментализм неден көрініс табады? Сан ғасырлардан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан, оны салт-дәстүрлерімен және зайырлы қағидаттармен оңтайлы үйлестіріп отырған қоғамымызға жат діни ағымдардың енуі қашан басталды және оны еңсерудің мүмкіндігі қандай?

– Жалпы, өткенімізге көз салар болсақ, Кеңестер одағы ыдырағанға дейін біздің қоғамда кез-келген дін, оның ішінде ислам діні, саясаттан бөлек болды.

Дегенмен,  өткен ғасырдың  90-жылдарынан кейін посткеңестік елдерге әртүрлі атаулармен танылған жаңа сипаттағы ислам діні келе бастады. Осы кезде исламның бастапқы заманындағы «идеалды» экономика мен әлеуметтік әділдік орнаған мемлекеттік құрылысқа қайта оралуға уағыздайтын салафизм, уаһһабизм деген атаулармен танылған ағымның фундаменталистік ұстанымдары мен идеялары бірте-бірте біздің елімізде де тарала бастады.

Осы жерде мұсылман халықтары өмір сүретін елдер мен аймақтарда діни фундаментализмінің белең алуы барлық замандарда соған дейінгі мемлекеттік жүйе құлап, үйреншікті өмір сүру дағдарысқа ұшыраған кезеңдерге сәйкес келетінін айта кету керек.

Мәселен, ХІІІ-ХІV ғасырда Таяу Шығыстағы мұсылман әлемі бір жағы моңғолдардың, екінші жағынан батыстан келген крест жорықшыларының қыспағында қалған дәуір  өткенге қайта оралуды көксейтін және жаңашылдықты мүлдем қабылдамайтын салафизмнің туындауына түрткі болды деп айтуға болады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары орын алған бұрынғы мемлекеттің ыдырауы мен оның орнына пайда болған жаңа мемлекеттер бетпе-бет ұшырасқан әлеуметтік, экономикалық берекетсіздіктер кезінде мұсылмандар өмір сүретін посткеңестік елдерде исламның бастапқы дәуірін идеалдандыратын және соны орнатуды көксейтін ағымдардың идеологиялары тарай бастады.

Осы жерде аталған үрдіс посткеңестік елдердің әрқайсысында әрқалай өткенін айта кету керек. Мәселен, Ресейдің Кавказ аймағында ислам фундаменталистері тұрғындар арасындағы біршама қолдауға байланысты ислам мемлекетін құру идеясында көрініс тапқан болса, Волга бойындағы  татар, башқұрт халықтары арасында бұл үдеріс өздерінің  ұмытылып бара жатқан тілі мен дініне қайта оралу түрінде көрініс тапты.

Көрші орналасқан Өзбекстанда да ислам фундаменталистері айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болып, оның нәтижесі мемлекетпен тіке-тіреске ұласты.

Ресей мен Өзбекстандағы мұндай үрдістер қандай салдарларға апарып соққанын бәрімізге аян – мемлекет дінді қатаң қолға алып, дінді саясиландыруға қарсы шаралар жүргізді.

Біздің елімізде халқымыздың өміріндегі діннің алатын рөліне, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың көрші елдермен салыстырғанда тез аяққа тұрып кетуіне, ең бастысы, мемлекеттің дін саласындағы сауатты саясатына байланысты ислам фундаментализміне негізделген идеялар аса өміршеңдік таныта алмады.

Әрине, Қазақстанда да дәстүрлі емес исламдық ағымдардың деструктивті идеялары 2010 жылдар шегінде радикалдық идеяларды ұстанушылардың мемлекеттік құрылысқа ашық қарсы шыққан заңсыз әрекеттеріне ұласты.

Нәтижесінде мемлекет тарапынан дін саласын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып, идеологиялық тұрғыдан қауіпті деп танылған көптеген ұйымдардың еліміздің аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Жалпы, жоғарыда айтқан қисынды басшылыққа алар болсақ, біздің еліміздің осыған дейінгі өз дамуында саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалардағы «бұралаңы көп» кезеңдерден сәтті өте алуы, өз кезегінде, дінді саясиландыруды көздейтін фундаменталистік идеялардың қоғамда орын тебуіне мүмкіндіктер бермеді.

Алдағы уақытта да еліміздің конституциясында көрініс тапқан демократиялық жүйені орнатуды және зайырлы мемлекет қағидатын басшылыққа алуды көздейтін, жоғары экономикалық өсім мен тұрғындардың лайықты әлеуметтік деңгейін қамтамасыз ететін саясат жалғаса беретін жағдайда қоғамымызда деструктивті идеялардың таралуына негіз қалмайды деп толық сеніммен айтуға болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!