– Мәди Әбзелбекұлы, Шымкенттің діни ахуалына берер бағаңыз қандай?

– Бүгінгі жағдайда Шымкент қаласында діни ахуал тұрақты. Қала аумағында 11 конфессияға жататын 31 діни бірлестік және олардың 1 филиалы жұмыс жасайды. Ал исламдық бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы болып табылатын 105 мешіт қызмет етуде.

Аталған діни бірлестіктер мен филиалдар заң аясында қызмет жасауда, олардың арасында өзара ынтымақтастық орныққан, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз  етуге  үлесін  қосуда.

Біз бірінші кезекте мемлекеттің, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Барлық қызметіміз тікелей тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға байланысты.

Осы бағыттағы атқарылған жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Өздеріңізге белгілі, бүгінгі жағдайда бүкіл әлемде адамзаттың бейбіт өмір сүруіне және дамуына қандай да қауіп-қатерлер болса, солардың басында діни экстремизм мен терроризм тұр.

Сондықтан да елімізде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігінің бірі болып саналады.

Алайда, Шымкент тұрғындарына, әсіресе жастарымызға түрлі бағыттағы теріс пиғылды діни ағымдардың зиянды ықпалы тимей отырған жоқ. Кереғар діни ағымдардың және оларды жақтаушы адамдардың халық арасында адасушылық тудырып, елімізде қалыптасқан ынтымақ пен бірлікке, ауызбіршілікке нұқсан келтіруге бағытталған іс-әрекеттеріне  қарсы  жүйелі  жұмыстар  жүргізілуде.

Бүгінде біздің Дін мәселелерін зерттеу орталығына 28 штат берілген. Жалпы бұл орталықта 4 бөлім қызмет атқарады.

Қалаға қажетті дін саласы мамандарын тарту мақсатында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің мүмкіндіктерін пайдалану жолдары қарастырылуда.

Қалада дін саласына қатысты жұмыс жүргізетін мемлекеттік құрылымдардың штаттық бірліктерін арттыру, жаңадан құрылымдар ашу мәселесі қолға алынды.

Қала көлемінде дін саласы бойынша халық арасында, мекеме қызметкерлері, жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқушылары арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Демек, барлық саланы қамтып жұмыс жасайсыздарғой.

– Дәл солай, сонымен қатар «Дінтану және зайырлылық негіздері пәнінің мұғалімдерін, тіпті имамдардың да біліктілігін арттыру тұрақты түрде семинарлар өткізіліп отырады.

Қала аумағында барлық мекеме, мешіт, оқу орындарымен ғана шектелмей, түзеу мекемелерінде де жұмыстарымыз жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар дінге сенуші әйел жамағаттармен де, сондай-ақ, Сириядан елге қайтарылған азаматшалармен де жұмыстар жүргізілуде.

Ал ғаламтордағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?

– Жалпы халықтың дін саласы бойынша сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмге, теріс пиғылды діни ағымдардың  үгіт-насихатына қарсы иммунитетін қалыптастыруда ел ішінде жүргізіліп жатқан кең көлемді ақпараттық насихаттық және түсіндіру жұмыстарының қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.

Ғаламтор беттерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында арнайы діни ақпараттық сайт жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, қаламызға белгілі блогер, журналисттермен бірлесе отырып мақалалар жазылып, ғаламтор беттерінде жарияланды. Бұл жұмыстан орталық мамандары да құр қалып жатқан жоқ. Мамандар тарапынан да дін мен дәстүр, экстремизм мен терроризм, дін мен жастар, зайырлылық түсінігі туралы тақырыптарда мақалалар жазылды.

Сонымен қатар түрлі тақырыптарда бейнероликтер оқырман назарына ұсынылған.

Діни ағымдардың ықпалынан сақтау, жастардың діни иммунитетін көтеру мақсатында Орталықтың www.haqjoly.kz діни ақпараттық порталы ашылып жұмыс жасауда. Бұдан бөлек фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде парақшалар ашылып, жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.

  Оңалту жұмысына тоқталып өтсеңіз?

– Деструктивті діни ағым мүшелерін (ДДА) оңалту мақсатында құзырлы органдармен бірлесе отырып, ұйымдастырылуда. Оңалту жұмыстарының алғашқы кезеңі — азаматтың діни бағытын анықтау, екінші кезең оңалту, ал үшінші кезең дәстүрлі діни бағытқа бейімдеу. Тек қана құзырлы органдар тарапынан ғана емес, ДДА жақтастарының ата-аналары немесе туыстары тарапынан келген өтініштер бойынша да теологиялық және психологиялық оңалту жұмыстары жүргізіледі.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша қала аумағындағы ірі сауда орталықтарында жұмыс атқаратын азаматтармен және деструктивті діни ағым жақтастарымен жұмыстар жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда, Шымкент қаласы аумағында 5 түзеу мекемесі орналасқан. Дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында діни экстремизм мен терроризм идеялары таралуының алдын алу бағытында  іс-шаралар жоспары жасалып бекітілген.

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтарды дәстүрлі құндылықтарға бейімдеу мақсатында ауқымды тәрбиелік мәдени іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Және де жазасын өтеуші әйел азаматшалармен психологиялық тренинг-семинарлар өткізілді.

Іс-шараға жергілікті имамдар, ішкі саясат және дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог мамандары жұмылдырылған.

Сондай-ақ, теолог мамандар тарапынан жоспарға сәйкес түзеу мекемелерінің кітап қорларына мониторинг жүргізіліп отырады.

Сонымен қатар, Сирия елінен қайтарылған азаматшалармен теологиялық және психологиялық қолдау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі оларды дәстүрлі құндылықтар мен зайырлы қоғамға бейімдеу мақсатында Түркістан облысында орналасқан тарихи-мәдени орталықтармен таныстыру жұмыстары өтті.

Шымкент қаласындағы мешіттердің жанында діни дүкендер баршылық екен. Оларға мониторинг жүргізіп отырасыздар ма?

– Қала аумағында орналасқан діни дүкендер мен кітап сөрелеріне ұдайы мониторинг жұмыстары үнемі жүргізіледі. Дүкен иелеріне әрдайым заңдылықтар мен діни кітаптарға қатысты мәселелер ұдайы ескертіліп отырамыз.

– Дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан «Сирия және қасіретті күндер» атты жаңа қысқа метражды фильм, псевдосәләфилік идеологиядан сақтандыру мақсатында «Жадынама», «100 қауіп-қатер», «10 фактор» атты әдістемелік құралдар дайындалды. «Жусан» операциясымен елге оралғандарға қатысты  және интернеттен келетін қауіп-қатерге байланысты бейнероликтер түсіріліп жатыр.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу