Рабиғул-әууәл айының 12-сі (биыл 9 қараша) – адамзаттың ардақты тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келген күні. Бұған дейін Мәуліт айының маңызы жөнінде айтсақ, бүгін оқырмандарымыздың сұрауы бойынша жеке адам бұл айда қандай амалдарды атқарып, мерекені қалай атап өтуі керектігіне аз-маз тоқталмақпыз.

Ең алдымен, мәуліттің мереке екенін шынайы түрде сезініп, қуана атап өту керек. Өйткені, тұтас әлемге шамшырақ болып келген әзиз пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келгенде өмірінің соңғы сәтіне дейін мұсылмандардың дұшпаны болып өткен, тіпті тозақта мәңгі қалатыны Құран Кәрімде бүтін бір сүреде айтылып кеткен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көкесі Әбу Ләһәбтің (әуелгі аты Абдулузза) өзі қатты қуанған. «Абдулла бауырымның ізбасары дүниеге келді» деп шаттанғаны соншалық, сүйінші жаңалықты күңінен естіген сәтте оған бостандық берген.

Сонымен қатар, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеден өтуі соңынан ерген мұсылмандарға ауыр тиді. Оның амандығы үшін, жасының одан да ұзақ болуы үшін өзінің жанын қиюға даяр сахабалардың қарасы қалың еді. Әділеттің жаршысы болған, ең әділ сахаба Хаттабтың ұлы Омар (р.а.) есін жоғалтып: «Кім Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлді десе, соның басын кесемін» — деп алдаспан қылышын уысында ұстап жүрді. Әйгілі азаншы Біләл Хабаши (р.а.) енді азан айтпайтынын жариялап, Меккеден біржола безіп кетті. Бұл қайғы Фатима мен Айша аналарымыздың да (оларға Алла разы болсын) қабырғасын қайыстырды. Әкесінің қазасы жанына қатты батқан Фатима (р.а.) да араға жарты жыл салып бақилық болды.

Демек, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қайтыс болуына мұсылман үмметі қалай қайғырған болса, оның дүниеге келген күніне соншалық қуануы қажет деп есептейміз. Тіпті, кейінгі мұсылмандардың Рәбиғул-әууәл айына «Мәуліт айы» деп ерекше ықыласпен қарауының өзі – пайғамбарға (с.ғ.с.) деген шынайы махаббатан туындаса керек.

Мәуліт айында не істеген абзал?

Бұл айда мұсылман баласы шамасы келгенше шариғатқа негізделген барлық ғибадат-құлшылықтарды орындай беруіне болады. Көп құран оқу, садақа жасау, дүйсенбі, бейсенбі күндері немесе әлі жетсе, пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсап бір күн ораза ұстап, бір күн аузы ашық жүру, бес уақыт намазын мүмкін болса толықтай мешіт жамағатымен бірге оқу, мәуліт дұғасына қатысу, қайырымдылық шараларына атсалысу және т.б.

Бұдан бөлек, мына 3 амал сізді Аллаға және пайғамбарға (с.ғ.с.) жақындата түседі деген сенімдеміз.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту. Ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) есімін естіген сәтте оған салауат айту мүминнің Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббатын арттырады және күнәларының кешіріліп, дұғаларының қабыл болуына, мол сауапқа кенелуіне, ең бастысы, махшарда Хазіреті пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шапағатына ие болуына мүмкіндік береді.

Салауат дұғасының бірнеше түрі бар. Солардың ең қысқасы – «солла аллаһу алейһи уәссәләм» немесе «алейһис-сәләт уәссәләм».

Ал намазда оқылатын «Уа, Алла! Ибраһим мен оның отбасына рақым еткеніңдей, Мұхаммедке және оның отбасына рақым ете гөр! Сен Хамид (мақтаулысың) Мажид (даңқтысың)» және «Уа, Алла! Ибраһим мен оның отбасына береке бергеніңдей, Мұхаммедке және оның отбасына да береке бере гөр! Сен Хамид (мақтаулысың) Мажид (даңқтысың)» деген мағынадағы дұғаны басқа уақытта да айтуға болады. Айтылуы төменде:

 «Аллоһуммә солли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммад, кәмә солләйтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһим, иннәкә Хамидум Мажид».

«Аллоһуммә бәрик ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммад, кәмә бәрактә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһим, иннәкә Хамидум Мажид».

Пайғамбардың өмірбаянымен танысу. Әлем тарихында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір жолы секілді жазылған бір де бір биографиялық кітап жоқ. Өйткені, пайғамбардың ғибадатынан бөлек, тамақты қалай ішіп, қалай киінгені, тіпті, әжетханаға қалай кіріп, қалай шыққанына дейін белгілі. Ал оның өмір жолын оқып-білу – өз алдына бір сауапқа толы амал.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өнегелі өсиетінің бірінде:

«Егер бастарыңа бір қиындық келе қалса, менің өмірімді еске алыңдар» — деген.

Бұл не деген сөз? Расында, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірінен хабары бар адам оның көрген қиындықтарының қасында өзінің басына түскен істің соншалық ауыр еместігін түсінеді. Ал тағы бір мәрте есіне алса, қиындығы жеңілдейді.

Әрі пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа пайғамбарлардан бір ерекшелігі – Құранда айтылғандай, оның бойында «…барлық адамға көркем үлгі бар». Ол – Сүлеймен (а.с.) секілді басшы әрі дәулетті, Иса (а.с.) секілді кедей де болды, Жүсіп (а.с.) секілді сымбатты әрі көп қиындық та көрді, Аюб (а.с.) секілді ауыр науқасқа шалдықты. Үлгілі әке, қамқор күйеу, ізгі бауыр, сенімді дос, жетім-жесірлерге қорған болды, көршімен көркем мәміледе өмір сүрді.

Мұның бәрін пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірбаянынан оқып отырған адам күнәдан аулақ, жақсылыққа жақын болмақ.

Пайғамбарға ұқсау. Хазіреті Жәләләддин Руми үйінде тіскебасар ештеңе табылмаған сәтте: «Міне, баспанам енді ғана пайғамбардыкіне (с.ғ.с.) ұқсай бастады» — деп шүкіршілік айтқан екен.

Рас, пайғамбар (с.ғ.с.) қарапайым өмір сүруді, қоңыр тіршілік кешуді қалады. Ол дүние байлығына емес, жан-дүниенің байлығына бас қатырды. Үмметінің де өзі секілді көркем мінезді болуын тіледі. Исламды сыртқы формадан емес, ішкі жан-дүниеден іздеу керектігін ұғындырды.

Яғни, пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсауда ең бірінші мінезді түзету керек екен. Содан кейін барып ол қалай тамақ ішті, қалай жүріп-тұрды, қоғамда өзін қалай ұстады осыған көңіл бөлген жөн.

Түйіндей келгенде, бұл айтылған үш амал иманның ләззатын сезіндіретін үш белгінің бірі – Алланы және пайғамбарын (с.ғ.с.) барлық нәрседен артық жақсы көруге жол бастайды. Сондай-ақ, тірісінде көру нәсіп болмаған пайғамбарды (с.ғ.с.) түсімізде көруге сеп болмақ. Ендеше, мәуліт айы мен мерекесі жәй күндер секілді өтіп кетпесін. Мүмкіндігімізді мүлт жіберіп алмайық!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір жазу