Мұхтасым және әйел намысы

    0
    283

    Халифа Мұғтасым сарайында:

    «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Аммурия қаласында сұмдық оқиға болды. Базарда әдепті де иманжүзді бойжеткенді көпшілік көзінше бейәдеп біреу жағынан шапалақпен тартып жіберді. Бейшара ешбір кінәсі жоқ қыз:

    «Уа, Мұғтасым, жәрдем ет!»,-деп ислам әлемінің халифасынан басқа ешкімнен көмек сұрауға шарасыз екенін көрсетті. Сонда анау оңбаған: «Мұғтасымның қолынан не келеді дейсің? Теңбіл тарғыл атымен шауып келіп, саған қорған болады демекпісің?»,-деп мазақ етіп, онысымен қоймай тағы да ұрыпты»,-деген хабар жетті.

    Мұғтасым: «Аммурия қай бағытта?»,-деп қала тарапты анық білгісі келді. Мына жақта,-деп сарайдағылар көрсеткенде, халифа сол бағытқа қарап тұрып: «Мен сені тыңдап тұрмын, қызым!»,-деп жауап берді. Сосын көп күттірмей біркелкі теңбіл тарғыл он екі мың ат ерттеп мінген әскер әзірлетті.

    Жорыққа халифа әскерді өзі бастап шықты. Жау бекіністе берілмей жатып алды. Қоршау біршама ұзаққа созылып кетті. Сонда халифа әскердің тыныс тіршілігін бағдарлау үшін түнде нөкерлерімен әскери қонысты аралауға шықты. Теміршінің көмекшісі тақыр бас өзі реңсіз жігіт атқа таға қағып тұрып: «Мынаны Мұғтасымның басына қақсаң ғой»,-дейді. Сонда темірші: «Әй, сенің Мұғтасымда не шаруаң бар?»,-деді. Жігіт болса:

    «Өзі әскери тәсілден түк те хабары жоқ біреу екен. Мынадай әскері бола тұра қамалды әлі де ала алмай тұр емес пе? Егер әскер тізгінін маған берсе, ертең-ақ қамалдың ішінде түнейтін едік»,-дейді. Халифа Мұғтасым өз құлағына сенер емес. Нөкерінің бірін сол жігітті бақылауға қалдырып лезде шатырына кетіп қалды. Таң атқанда жігітті халифаның құзырына алып келді. Мұғтасым оған:

    «Кеше не үшін олай айттың?»,-деп сұрақты төтесінен қойды. Жігіт: «Естіген сөзіңіз рас. Егер әскер тізгінін маған тапсырсаңыз, Алла Тағала қалауымен сіз жеңіске жетесіз»,-деді. Халифа:

    «Олай болса саған тапсырдым»,-деді. Расымен де, Құдайдың қалауымен, жігіт қамалды алды. Жігіт сөзінде тұрды. Теміршінің көмекшісі әскери тәсілге шебер, қолбасшылыққа лайық екенін көрсетті.

    Халифа қамалды алған соң, «ей Мұғтасым жәрдем бер» деп көмек сұраған қызды іздеп тапты. Оны құлдықтан азат етіп, ұрған бейбақтан есесін алып берді. Бұл Ислам тарихында әйел затының қаншалықты қадірлі болғанын көрсетеді. Әйелдің намысы – тұтастай қоғам намысы. Сонау жырақта тұрып көмек сұраған қыздың намысын таптатпай қалың қол жинап, жан беруге дайын болып шықты. Бүгін де ер азаматтар қоғамда жанында жүрген қара көз қарындастарына ағалық етіп қамқор болып жүрсе екен.

    Руслан Қамбар