– Мұхан Баймұратұлы, еліміздің Конституциясында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілген. Біздің ел зайырлы мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді ме? Зайырлылық тақырыбын зерттеп жүрген маман ретінде осыған не айтасыз?

– Сіз нұсқап отырған құқықтық норма 1995 жылғы Атазаңымызда бекітілді. Әсілі, зайырлылықты ұстануымыздың тарихы одан сәл әріреректе жатыр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қабылдап, мемлекет пен дін қатынасын реттеуде зайырлылық қағидаттарды басшылыққа алатынын паш етті. Одан бұрынғы Кеңес үкіметінің тұсында діндар азаматтар атеизмді ұстанған билік тарапынан теперіш көріп, адам құқығы аяққа тапталғандығы баршаға мәлім.

Ал, тәуелсіздіктің халыққа жасаған соқталы сыйының бірі, ол – діни-сенім бостандығы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Қазір, кейбір шариғатшыл бауырларымыз зайырлылықты атеизммен шатастырып, мінбеде тұрып ашық айтпаса да, жасырын өз топтарының ішінде зайырлылықты «бидға» немесе «тағұт» деп айыптап жүргенін естіп қалып жатамыз. Бұлай ойлау – мемлекетшілдіктен жұрдай адамның таяз ой-өрісінің көрінісі.

Естеріңізде болса, тәуелсіздік алған жылдары да кейбір саяси топтар (Алаш партиясы) «Ислам мемлекетін құруымыз керек» деген тұжырымдарды алға тартты. Егер, осындай ой-пікірлерге ерік бергенімізде, азаматтық қақтығыстардың орын алуымен қатар, Қазақстанның теріскей аймақтарының тұрғындары бөлектенуі әбден мүмкін еді. Мұндай қадамдар – мемлекетімізді тұтастығынан айыратыны айдан анық-тын.

Біз дін қатынастарын реттеуде зайырлылық қағидаттарды басшылыққа алғандықтан, яғни ел тұрғындарына діни қысым көрсетпегендіктен, дінге сенуге немесе сенбеуге еркіндік бергендіктен, тәуелсіздік алған жылдарда мемлекетіміздің біртұтастығын сақтап қала алдық. Бұл сөз жоқ, мемлекетіміздің дамуына зайырлылық ұстанымның тигізген оң әсері болатын.

Десе де, әдепкіде діни мәселелерді реттеуде тәжірибенің жоқтығынан бірқатар шалағайлықтарға да жол беріп қойдық…

 Ол қандай шалағайлықтар, нақты атап өтесіз бе?

– 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша 10 адамның бастамасымен діни бірлестік құруға рұқсат етілді. Осының әсерінен Қазақстанда жүздеген дәстүрлі емес діни секталар пайда болды. Аталмыш заңда діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметіне шектеу қою, тыйым салудан көрі, олардың діни қызмет жасауына мүмкіндік қарастыру және еркіндік беру сипаттары басым болды. Зайырлылықты «шектен тыс діни еркіндік» деп түсіну немесе «мемлекет пен дін бір-бірінен бөлінген» деген жалпақшешейлік ұғым діни секталардың бақылаудан шығып, заңға қайшы әрекет етуіне жол ашты. Діни секталар мемлекеттік рәміздерді құрметтемейтін. Олардың діни қызметінен ұлттық құндылықтарымыз, халықтың денсаулығы, отбасы институты орасан зор зиян шекті. Тіпті, еркінсіп алғандығы соншалықты діни содырлар бірнеше рет теракті де жасады.

 Осындай шетін мәселелер орын алғаннан кейін «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді ме?

– Иә, ұлт зиялылары баспасөзде жиі-жиі дабыл қағып, бұл мәселені күн тәртібіне қойғаннан соң «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға 2001, 2005, 2008 жылдары ішінара бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ, еліміздегі діни ахуал күннен күнге күрделене түскен еді.

Әсілі, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы қабылдаған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңындағы мемлекет мен дін қатынастары Францияның зайырлылық (лайцизм) үлгісіне сай реттеуді қарастырды. Аталмыз заңда ұлтымыздың тарих сорабында қалыптасқан діни құндылықтары мен діни тәжірибесі және этатистік һәм идентификациялық мемлекет құру негіздері мүлде қаперге алынған жоқ. Яғни, елдегі діни ахуалды толық реттеу үшін зайырлылық мәселесін концептуальді тұрғыда қайта қарастыру күн тәртібіне қойылды.

 Францияның зайырлылық үлгісінің біздің елге тиімсіз екенін айтып отырсыз. Осы тұста, әлемдік қолданыстағы зайырлылық үлгілерінің аражігін ажыратып өтсеңіз?

– Жалпы, «зайырлылық» түсінігінің ауқымы өте кең. Оны бір сұқбаттың аясына сыйдыру қиын.

Қазіргі заманғы зайырлылық аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді.

Зайырлылық діни таным және өзгеде рухани құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Зайырлылық деп әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындауды айтамыз.

Яғни, зайырлы мемлекет осы әртүрлі діни сенімдер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Осы мағынадағы зайырлылық алғаш рет Франциядағы буржуазиялық төңкерісі кезінде қабылданған «Адам және азамат құқықтары декларациясында»  көрініс тапты. Сол себепті, Франция классикалық зайырлылықтың отаны саналады. Ал, протестанттық мәдениетін сіңірген герман, англо-саксондық елдерде (Германия, Ұлыбритания, АҚШ т.б.) зайырлылық «секуляризм» ретінде қабылданған.

Әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге (бір конфессияға немесе бір діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе береді.

Бүгінгі таңда әрбір субекті өзіне тән (локальді) мемлекет пен дін қатынастарын реттеу методологиясы мен концепциясын қалыптастырған. Мәселен, зайырлылықтың отаны саналатын Франция мен секуляризмге көбірек басымдық беретін Германияның мемлекет пен дін қатынастарын реттеудегі тәжірибесі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондай-ақ, Ұлыбритания мен Скандинавия елдерінің де дін қатынастарын реттеудегі тәжірибесі бір-бірінен бөлек-бөлек сипатқа ие. Зайырлылық қағидаттарын мемлекеттік басқаруға енгізген Түркия, Алжир, Мысыр, Морокка, Малайзия сынды мұсылман елдерінің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Яғни, ғалам тарихында зайырлылықтың көптеген локальды тұрпаттары тарих сахнасына шықты. Бұл әлем елдеріне зайырлылықтың бір ғана тұрпатының прецедент бола алмайтынын, әрбір мемлекет өзінің тарихи тәжірибесіне сай мемлекет пен дін қатынастарын дербес реттеу керек екеніне көз жеткізеді.

 Қазақстан 2011 жылы қазанның 11-де ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын қабылдады. Бұл құқықтық актіде сіз айтқан ұлтымыздың діни тәжірибесі ескерілді ме?

– Толық ескерілді деп айта алмаймын. Дегенмен, бұл заңға зайырлылықтың преференциялық үлгісінің белгілері енді. Атап айтар болсақ, заңның приамбуласында «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын» айтып, халықтың байырдан келе жатқан дәстүрлі сенімін нақтылап өтті.

Сонымен қатар, жаңа заң бойынша діни бірлестіктердің жергілікті, өңірлік және республикалық деген үш санаты бекітілді. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік – жергілікті діни бірлестік мәртебесін иеленді.

Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік – өңірлік діни бірлестік мәртебесіне ие болды.

Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 12 бабында көзделген құқықтық нормалар бойынша 2012 жылы Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктерді әділет басқармасынан қайта тіркеу барысында көптеген дәстүрлі емес діни бірлестіктер жергілікті және өңірлік статусқа ие болып қалды.

Ал, республикалық діни бірлестік мәртебесін тек екі ғана діни ұйым ала алды. Олар: ҚМДБ мен Орыс православ шіркеуі еді. Сондай-ақ, қайта тіркеуден кейін Қазақстан Республикасындағы 45 діни конфессияның саны 18-ге дейін қысқартылды.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданғаннан кейін көптеген заңға теріс әрекет етуші діни ұйымдарға, әсіресе көше кезіп немесе әр үйдің есігін қағып діни әдебиет таратушыларға, культтік емес орындарды уағыз-насихат айтушыларға, халық денсаулығына нұқсан келтірушілерге, мемлекеттің конституциялық құрылысы мен рәміздерін мойындамаушы діни секталардың қызметіне құқықтық тұрғыдан бөгеу қойылды. Мемлекеттің маңызды функциясы атқарылатын салаларда дін насихатын жасауға және діни ритуалдарды орындауға шектеу жасалынды Жалпы, бас-аяғы Қазақстанда соттың шешімімен 23 ұйымның қызметіне тыйым салынды. Біз осындай құқықтық санкциялар арқылы туындауы мүмкін көптеген қауіптердің алдын алдық.

 Сіз, жоғарыда дін мәселесін реттеудегі тарихи тәжірибені басшылыққа алу керектігін айтып өттіңіз. Біздің тарихымызда мемлекет пен дін қатынастары қалай реттелген?

– Тарихқа назар салсақ, Қазақ халқында ешқашан шариғатттық жүйе үстемдік құрмаған. Қазақ халқы ислам дінін қабылдап, мұсылман болып өмір сүрген Қарақан, Алтын Орда, Моғолстан, Көшпелі Өзбек мемлекеті (Шайбанилер), Қазақ хандығы дәуірлерінде әдет-ғұрыпқа негізделген дінді ұстанды.

Қазақ халқы ғибадатта (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық) ханафи мәзһабының ережелеріне мойынсұнғанымен, мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастар (азаматтық және қылмыстық істер) ісінде көшпелілердің байырғы әдет-ғұрып заңдарын басшылыққа алды.

Отбасы құқығының кейбір элементтері ғана шариғаттық сипат алды. Қожа-молдалар тек діни рәсімдерді (дін үйрету, азан шақыру, неке қию, антты қабылдау, жаназа шығару т.б) ғана атқарды. Ал, мемлекеттік басқаруды хан-сұлтандар атқарса, қоғамдық қатынастарды реттеудегі негізгі билік – билердің құзыретінде болды. Табиғи түрде қалыптасқан синкретті (дәстүрлі түркілік және мұсылмандық мәдениет) бұл жүйе – Қазақ қоғамының рухани дамуына өз септігін тигізді.

Жалпы, қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін көбіне-көп «саясат-ул шариямен» басқарылды. «Саясат-ул шария» деп – дін негіздеріне нұқсан келтірмей, қоғам мүддесін ескере отырып, зайырлы құқықтық актілер қабылдауды айтамыз. Ибн Тағырберди және Тақуиддин Мақризи секілді ғұламалар «саясат-ул шарияның» Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» бастау алатынын айтады. Көшпелілердің азаматтық һәм қылмыстық істері «Ұлы Ясаға» негізделген әдет-ғұрып нормаларымен өз шешімін тапты. Бабаларымыз исламды қабылдағаннан соң «Ұлы Яса» нормаларын әр ғасырда сын-тезден өткізіп отырды. Осыдан келіп тарихтың әр дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заңдар қабылданды. Яғни, хандық дәуірлерде шариғат жүйесі орнаған жоқ. Оның орнына қоғамның зайырлы (дүниелік) мүддесі мен дін мүддесі қатар ескерілген саяси-құқықтық жүйе қалыптасты. Шариғат соты саналатын қазы немесе фақиһтердің қызметін бізде толығымен билер атқарды.

Хандық билік жойылған ХІХ ғасырдағы Қазақ қоғамының ахуалына назар салатын болсақ, Қазақстанның Ресей патшалығына, Бұқар, Хиуа, Қоқан билігіне қарасты аймақтарында өмір сүрген тұрғындар ескіден қалыптасқан дін мен дәстүрді қатар ұстану салт-жорасын сақтап қалды. Халық саяси тәуелсіздігінен айырылыса да, қоғамдық қатынастарды реттеуде қазақ билері арнайы құқықтық мәртебеге ие болып, азаматтық және қылмыстық істерді өз заңдарымен шешіп отырды. Әр аймақта билер съездер өткізіп, сол заманның шарттарына сай әдет-ғұрыпқа негізделген құқықтық шешімдер (Мысалы, 1886 жылғы «Шар» ережесі) қабылдады.

ХХ ғасырдың басында Қазақ халқының тәуелсіз ел болуын мақсат еткен Алаш партиясы және олар құрған Алаш Орда үкіметі де өз бағдарламаларында мемлекет пен дін қатынасын реттеуде зайырлылық үлгіні қолға алғысы келді. Алаш қайраткерлері рухани тәуелсіз болу үшін дербес Қазақ мүфтилігін құруды көздей отырып, Қазақ халқының дүниелік және діни мүддесін қатар қанағаттандыратын зайырлылықтың преференциялық тұрпатын ұстануды алға тартты. Олардың идеясындағы мемлекет пен дін қатынасын реттеу үлгісі бабаларымыз ұстанған зайырлылықтың (саясат-ул шария) дәстүрлі модельіне өте жақын әрі онымен мазмұндас еді.

– Сонымен, сіз айтып отырған Қазақтың дәстүрлі зайырлылық үлгісін жаңғырту үшін не істеуміз қажет?

– Бүгінгі таңдағы Қазақ елі зайырлы мемлекет ретінде орнығу үдерісінде діни экстремизм мен радикализмнің құқықтық актілер арқылы қатаң түрде жолын кескенімен, халықтың жалпы діни сеніміне шектеу қойған емес.

Қазақстанда діни сенім бостандығы толығымен қамтамасыз етілген. Осы ретте еліміздегі дінге бақылау жасайтын мемлекеттік құрылым өкілдері діни радикализмнің алдын алу үшін халыққа балама діни ұстаным ретінде Ханафи мәзһабының канондық негіздерін ұсына бастады. Халқымыздың тарихтағы діни тәжірибесін ескергенімізде, бұл қадамды қай жағынан алып қарағанда да дұрыс шешім деп қабылдауға болады.

Республикалық діни бірлестік мәртебесіне ие ҚМДБ-ның діни идеологиясы Қазақ халқының мың жылдан астам уақыттан бері ұстанып келе жатқан Ханафи мәзһабының үкімдеріне негізделген. Алайда, Кеңес Үкіметі тұсында Қазақстанда дәстүрлі діни мектептердің жабылуына байланысты, тәуелсіздік алған жылдары елімізде Ханафи мәзһабын насихаттайтын төл дінтанушылар мен исламтанушылар жоқтың қасы еді. Біздегі діни мамандардың көпшілігі шетелдерде оқып, білім алған азаматтар болатын.

Олар елімізде Қазақ халқының дәстүрлеріне негізделген діни ұстанымды емес, Ханафи мәзһабының шетелдердегі тәжірибелерін насихаттауды қолға алды. Осының әсерінен соңғы жылдары Қазақстанда салафилермен қатар қатқыл діни ұстанымдағы ханафилік прозелетизм белгілері көрініс беруде. Бұл жағдай қоғамда белгілі бір деңгейде (бітеу жара) қарама-қайшылықтарды туындатып, дәстүрлі Қазақ қоғамының біртұтастығына сына қаға бастады.

Шетелдік тәжірибеге назар аударатын болсақ, Ханафи мәзһабын ұстанатын Ауғанстаннан «Талибан», Пәкістаннан «Таблиғ», Үндістаннан «Деобент», Палестинадан «Хизбут-Тахрир» және т.б. да радикальді діни топтар мен архайкалық (керітартпа) мектептердің тарих сахнасына шыққандығы белгілі. Біздің елімізде әзірге Ханафи атын иеленген арнайы діни ағым қалыптаспағанмен, қазіргі қоғамымызда көрініс тауып жүрген қасаң діндарлықтың соңы осыған әкеліп соғатынын аңғару қиын емес. Қазақстан кеңістігінде келешекте өзге діни ағымдармен күресуден қарағанда Ханафи атын жамылған діндарлармен күресу аса қиын мәселе болатыны анық. Себебі, діндарлар өздерінің қатқыл діни ұстанымына дәлелді Ханафи мәзһабының қайнар-көздерінен келтіреді. Ал, қарапайым халық өзінің дәстүрлі діни ұстанымын Ханафи мәзһабы деп біледі.

Мұсылман әлемінің Ханафи мәзһабы таралған кеңістіктерінде орын алып жатқан діни радикализм көріністері біздің елімізде қайталанбас үшін мемлекет пен дін қатынасын реттейтін Қазақстанның дәстүрлі зайырлылық үлгісін халықтың санасында қайта жаңғыртуымыз керек.

Жоғарыда, айтып өттім, дәстүрлі қазақ қоғамында мемлекеттік басқару ісі хан-сұлтандардың, қоғамдық қатынасты реттеу билердің құзіретімен шешіліп отырған. Ал, діндарлар діни рәсімдерге (ғибадат) ғана жауапты болып келген. Бұл саяси жүйені ешкім күпірлікпен айыптамаған. Айыптай алмайды да.

Яғни, діндарлар мемлекеттік басқару (идара), қоғамдық қатынастарды реттеу істеріне (муамала) араласпауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың төл зайырлылық үлгісі дегеніміз осыған саяды.

Сайып келгенде айтпағым, егер қазақтың дәстүрлі зайырлылық үлгісін халықтың санасында қайта жаңғыртпасақ, онда ұлттық бірлік пен мемлекеттің тұтастығына жарықшақ түсуі бек мүмкін. Шариғатшылдарға салсаң билікке де, қоғамдық қатынасты реттеуге де ауыз салғысы келеді. Бұл дегеніміз – үлкен катастрофа! Ал, мәселені осыған жеткізбес үшін мемлекет пен дін қатынастарын дәйім пысықтап отыруымыз шарт.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Kazislam.kz