Мұхан Исахан: Діни сауат радикализм мен экстремизм қаупін сейілтеді

    Қоғамда діни экстремизм және радикализммен нақты тәжірибеде жүзбе-жүз жұмыс жасап жүрген дінтанушы ғалым, сарапшы Мұхан Исахан «Kazislam» порталына сұхбат берген еді.

    459

    – Біз діни экстремизммен күресте қандай маңызды мәселені ұмыт қалдырып жатырмыз?

    – Діни экстремизм және радикализммен нақты тәжірибеде жүзбе-жүз күресіп жүрген біздер мәселенің түпкі себептерін емес, көбіне-көп салдарын жоюға күш жұмсаймыз. Діни қауіпсіздік мәселесімен шұғылданатын мемлекеттік органдар да негізінен реаблитациялық және дерадикализациялық бағытта жұмыс істейді. Бірақ, тәжірибеге қарайтын болсақ, аталмыш мемлекеттік органдар діни экстремизм мен радикализмнің көбінесе салдарымен күресіп, олардың қоғамға келтірген зияндарының орнын толтыруға басымдық беріп жатады.

    Шынтуайтында, діни экстремизм мен радикализм мәселесінің қаупін сейілту үшін салдарымен бірге оның түпкі себептерін жоюға мән беруіміз керек.

    Ал, түпкі себептерін қандай қоғамдық факторлар құрайды? Біз тек діни экстремизм мен радикализмнің салдарына басымдық берместен, осы мәселелерге де жіті назар аударуымыз қажет.

    Діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін себептерді анықтау арқылы біз мәселенің түпкі сырын біле аламыз. Ол үшін діни экстремизм және радикализмнің шығу тегі мен оған итермелейтін факторларды анықтасақ, шешімін табу қиынға соқпайды.

    – Діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін қандай факторлар бар?

    – Жалпы, діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін көптеген факторлар бар. Олардың бірсыпырасын тізбелер болсақ:

    Біріншіден, психологиялық факторларды айтып өтуімізге болады. Оған индивидтердің ой-өрістерінің дұрыс жетілмеуі, психикалық ауытқушылыққа ұрыну, отбасы бақытын сезіне алмаушылық, қылмыс жасап, одан арылу үшін діннен жұбаныш іздеймін деп діни радикализмге ұрыну, азаматтардың қоғамда өз орнын таппауы, тағдыр тауқыметін тартып, психологиялық күйзеліске түсу, өштескен адамдарынан радикалды болу арқылы кек алам деп ойлау, дінге бет бұрамын деп рационалистік пайымнан айырылып қалу және т.б. осы тақылеттес себептерді алға тартуға болады.

    Нақты деректерге сүйенер болсақ, еліміздегі 500-ден астам радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар – 18 пайыз,  психологиялық соққы алғандар – 39 пайыз, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36 пайыз, түзету мекемелерінде болғандар – 32 пайыз, маскүнемдікке салынғандар – 61 пайыз, есірткіге тәуелділер – 27 пайыз, құмар ойынына салынғандар 43 пайыз екен

    – Тағы қандай факторды айтар едіңіз?

    – Діни экстремизм мен радикализмге әлеуметтік факторлар да итермелейді деп ойлаймын. Мысалы, индивидтің өмірден әділетсіздік көруі, қиын әлеуметтік ахуалдың (кедейшілдік) ауыртпалығын көтере алмау, дін ұстануды әлеуметтік-экономикалық мүддеге айналдыру, діни адам болып көріну арқылы өз конъюнктурасын күшейту және т.б. әлеуметтік сипатқа ие факторларды негізге алуға болады. Мысалы, психолог Л.Шакимованың зерттеуінде болған лаңкестердің 52-сінің тұрақты жұмысы жоқ, 38-інің тұрмыс деңгейі төмен, 52-сінің баспанасы жоқ.

    – Тағы да қандай факторлар бар?

    Саяси факторларды алға тарта аламыз. Айталық, азаматтардың елдегі саяси жүйемен келіспеуі, қоғамдағы сыбайлас-жемқорлықты қатаң сынға алуы, зайырлылықты атеизммен шатастыруы, мемлекеттің заң шығару механизімін жоққа шығаруы және т.б. осындай саяси шетін көзқарастар діни экстремизм мен радикализмге итермелейді.

    Яғни, біз ел тұрғындарына мемлекеттің саяси жүйесінің дұрыс бағытта дамып жатқанын түсіндіре білуіміз керек. Егер, халықтың саяси санасына сенім ұялататын реформалардың жүзеге асып жатқанын жеткізе алмасақ, онда діни экстремистер оны өз пайдасына жаратуға тырысады.

    – Біраз жәйтті тізіп, бірақ діннің өзін айтпадыңыз?

    – Иә, діни факторлардың да шетін көзқарастардың орын алуына түрткі болатынын жоққа шығара алмаймыз. Оған азаматтардың дәстүрлі діни құндылықтар туралы жеткілікті мәліметтермен сусындамауын, исламдануға еліктеушілік, теріс діни ағымдардың жалған идеологиясына алдану, белгілі-бір шейх немесе жалған уағызшыны соқыр сезіммен пір тұтуды, діндегі кейбір көп әйел алу, ғанимат (әскери олжа), хижра, жихад және т.б. құндылықтарды нәпсі мен жалған намыс тұрғысынан бағалау немесе қате түсіну, ислам дінін ата-бабамыздың ұстанған жолы деп ұғып, қатты діни ұстанымға бару және т.б. себептерді атауға болады.

    Жалпы, түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан діни содырлардың басым көпшілігінің діни сауаты өте төмен. Бұл дегеніміз халықтың діни сауатын арттыру керек екенін көрсетеді.

    – Діни лаңкестікке ұрындырар себептерді тізбелеп бердіңіз. Енді осыны қалай еңсереміз?

    – Діни мәселелермен күресудің бірнеше сатысы бар. Оның алғашқысында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл сатыда жалпы халықпен, оның ішінде әртүрлі аудиториямен кездесулер өткізіп, діни қауіпті идеологиялардан құлағдар етіп, сақтандырамыз. Мысалы, елмізде заңмен тыйым салынған діни-саяси ұйымдарды, діни-ұлттық ұйымдарды, оккульттік-мистикалық діни ұйымдарды, діни-реформаторлық ұйымдарды, еліміздегі шетелден басқарылатын дәстүрлі діни ұйымдардың атын атап, түсін түстеп, олардың арбауына түсіп қалмауға шақырамыз.

    Келесі реаблитациялық сатыда қауіпті діни идеологияларды ұстанушылармен және жат діни ағымдардың жетегіне ерушілермен теологиялық, әлеуметтік-психологиялық, саяси-құқықтық тұрғыда айықтыру жұмыстарын жүргізіледі. Атап айтар болсақ, оларға кәлам, фиқһ, тәпсір, хадис, исламдағы мемлекет туралы тұжырымдарды тарқатып түсіндіру арқылы асқын діни ұстанымынан қайтарып, оңалту көзделеді.

    Үшінші дерадикализация сатысында радикалды іс-әрекекеттерді жүзеге асырғаны үшін түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен теологиялық жұмыстар жүргізіледі. Оларға түзету мекемесінің (КУИС) ішкі ережесіне сәйкес белгіленген уақыттарда балама діни қайнар-көз ретінде дәстүрлі классикалық кітаптар оқыту, белгілі пәндерді жүйелі түрде өткізу арқылы діни түсініктерін түзеп, райынан қайтару межеленеді.

    Соңғы пробация сатысында жазасын өтеп шыққан азаматтарды бостандықта қоғамдық ортаға қайта бейімдеу үшін белгіленген мерзім ішінде оған теологиялық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек беру арқылы толық тәрбиелеуді мақсат етеміз.

    – Діни экстремизмді түбегейлі жеңу үшін не істеуіміз керек?

    – Діни экстремизм мен радикализм көп қырлы құбылыс. Оның әртүрлі жіктері бар. Әлеуметтік ахуалдың төмендігі, психологиялық күйзелістер, саяси және діни мәселелер оған итермелейтін көп факторлардың бірі ғана.

    Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу үшін әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды жұмыспен қамтып, тұрмыстық жағдайын жақсартуға мемлекет реформалар қабылдауы шарт.

    Сонымен қатар, өмірден өз орнын таппаған немесе әртүрлі қиын жағдайларға төтеп бере алмай психологиялық күйзеліске ұшыраған азаматтарға рухани-моральдік көмек көрсететін орталықтар және ірі мекемелерден қызметтік штат ашып, олардың мобильді қызмет етуіне жағдай жасау қажет.

    Сыбайластық пен жемқорлықты жойып, діни тұрғыда халықты қажетті мөлшерде сауаттандырсақ, діни радикализмнің қаупі біршама сейіле түседі деп ойлаймын.

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Kazislam.kz

    Пікір жазу