Мұсылман мен мүминнің айырмашылығы неде?

    396

    Күндердің күнінде мысырлық Мұхаммед Шағрауи деген ғалымнан сұрапты:

    — Мұсылмандар мен мүминдердің айырмашылығы қандай?

    — Бүгінде мұсылмандар исламның парыздарын өтейді, намаз оқиды, зекет береді, қажылық жасайды, соған қарамастан, олар қоғамның көптеген тұстарынан қиындықта өмір сүреді. Себебі, олар мүмин дәрежесіне әлі де жетпеген. Құранда бұл жайлы былай делінеді.

    1. Егер олар шынайы мүмин болғанда, олардың Алла Тағала әр істерінде жәрдем берер еді: «Мүміндерге жәрдем ету бізге міндет болды». (Рум сүресі, 47-аят)
    2. Егер олар шынайы мүмин болғанда, Алла Тағала олардың басқалардан беделдерін арттырар еді: «Босамаңдар да қайғырмаңдар. Егер мүмин болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар». (Әл-Имран сүресі, 113-аят)
    3. Сондықтан мұсылмандар бүгінде мүминдік дәрежеге көтеріле алмай келеді: «Әйтсе де, олардың көбі мүмин емес». (Шұғара сүресі, 103-аят) 

    — Ендеше мүминдер деген кімдер?

    — Құранда олар жайлы: «Ей Мұхаммед!, тәубе етушілерді, құлшылық қылушыларды, (Мені) мақтап-мадақтаушыларды, ораза ұстаушыларды, рүкүғ қылушыларды, сәжде етушілерді, жақсылыққа бұйырушыларды, жамандықтан тыйушыларды және Алланың тыйған нәрселерінен сақтанушы мүминдерді сүйіншіле!» делінген (Тәубе сүресі, 112-аят).

    Сондықтан нағыз мүмин дегеніміз – әрбір құлшылықта шынайы ықылас таныта отырып, одан ешқандай пайда іздемейтін, тек Алланың ризашылығын көздейтін, ақырет дегенде дүниені ұмытатын, адамдықтың кемелдігіне жеткен адам.

    Жалғас АСХАТҰЛЫ,

    дінтанушы

    Пікір жазу