Мұнайшыларға жат ағымнан сақтану жолдары айтылды

    418

    16 тамыз. KAZISLAM – Атырау облысы «Қайнармұнайгаз» АҚ мекемесінің вахталық қызметтегі мамандарына «Шапағат» ҚҚ қызметкерлері Әйелдер клубының мүшелеріне кездесу өткізіп, жат ағымдардың әлеуметтік желілерде жұмыс жасау жүйесі, олардың сипаттары және сақтану жолдары, «Отбасы тәрбиесі» тақырыбында түсіндірме жұмыстары мен семинар-тренинг өткізді.

    Аталмыш жиынға «Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік саясаты және инфрақұрылымдық нысандарды басқару департаментінің аға маманы Мекеева Гаухар Оңғарқызы, «Шапағат» ҚҚ психолог маманы С.Нұрбекова, тарихшы Е.Абзалов, бөлім басшысы Ж.Жұмағалиева, қақтығыс аймағынан елімізге оралған отбасы мүшесі А.Тергеусизова қатысты.

    Жиынды «Шапағат» ҚҚ бөлім басшысы Жаннат Қанатқызы кездесудің мақсатына тоқталып, жүргізіп отырды. Тарихшы Ернар Абзалұлы тұшымды әңгіме өрбітіп, өзара тіл табысып, диалог орнатқан «Қайнармұнайгаз» мекемесі қызметкерлерінің сауалдарына жауап берді.

    Психолог маманы Салтанат Темірғалықызы түсіндірме жұмыстардан кейін, бой сергіту үшін «Отбасы тәрбиесі» төңірегінде түрлі тренинг ойындар өткізіп, интерактивті сауалдар жүргізді.

    Сондай-ақ, Айнұр Қажымқызы қақтығыс аймақтағы бастан өткен қиындығы мен тағдырымен бөлісіп, деструктивті ағымның жетегіне түсудің жолдарын атап, слайд арқылы түсіндіріп өтті.

    Кездесу соңында қатысушылар ризашылықтарымен қоса жалпы жұртшылықта діни білімнің жоқтығын айтып, бұндай кездесулерге ауыл тұрғындарының бірі қалмай келуі керектігін жеткізді.