«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол»,  – дейді Абай атамыз. Шын мәнінде, дін қағидалары – адамның рухани дамуы мен қалыптасуының негізі.

Ал халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Бұл сөздің мәні терең. Себебі, қолына мүмкіндік тиген адам Құдайдан қорықпаса, қолындағы құзыретті жеке басының мүддесі үшін пайдаланып, зұлымдық пен қиянатқа барып, күнә мен обалдың неше түріне барары сөзсіз.

«Мүмин» сөзіне тоқталмастан бұрын, әуелі «мұсылман» деген кім?» деген сауалға жауап іздейік.

Мұсылман – араб тілінен аударғанда‎ (муслим) «мойынсұнушы», «көнуші» деген мағына береді.

Яғни, ислам дінін қабылдаған, Аллаға мойынсұнған адам. Мұсылман болу — ынта-ықыласымен Аллаға берілу, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқандарына толық илану, шариғат үкімдеріне мойынсыну және исламды дін ретінде толық қабылдау деген мағына береді.

Шынайы мұсылман иман шарттарына шек келтірмей ислам қағидаларын орындауы қажет.

Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де өзге мұсылмандарға зиян келтірмейді, қиянат жасамайды. Өйткені, мұсылман — мұсылманның бауыры.

Кейде тұрғындар арасында мұсылман кім, мүмин кім деген сауалдар қойылып жатады. Айырмашылығын төмендегі сілтемеден оқи аласыз.

 Оқи отырыңыз: Мұсылман мен мүминнің айырмашылығы неде?

 Мүминнің сипаты қандай?

Жалпы исламда мүминнің сипаты деген ұғым бар. Кейбір жазбаларда мүминнің қандай болатынын сипаттаған. Мүмин дінде қуатты яғни, дінді мықты ұстанады.  Жұмсақ бола тұрып – табанды. Иманда – тұрақты. Білімде – ынталы. Талапта – сабырлы. Ғылымда – саналы. Байлықта – үнемді. Кемтарлықта – шыдамды. Ынта, тілекте яғни, өзіне бір нәрсе талап еткенде – ұялшаң. Кәсіпте адал. Туралықта таупықты. Басқаруда белсенді. Құмарлыққа есті яғни, құмарлыққа елікпейді. Әрекет еткенге – қамқор болушы. Мүмин — өзін күндегендерге жәбір көрсетпейді. Жақсы көргеніне және аманатқа қиянат етпейді. Күндемейді. Масқаралап, даттамайды да тіл тигізіп лағынеттемейді. Өзіне қарсы болса да, растықты мойындайды. Жалған ат қойып, мазақ етпейді. Намазда – момын, зекетте – асығыс. Күйзелісте – байсалды да байыпты. Молшылыққа – шүкір етуші. Барына – қанағатшыл. Мүмин бөтеннің нәрсесінен дәмеленбейді және дөрекіліктен аулақ болады.

Бір жақсы іс істеуін қаласа, оған жоқшылық кедергі бола алмайды, мысалы, барымен бөлісу. Мүмин адамдармен жақсы қатынаста болып, ақылға қонатын сөз айтады. Аллаһ Тағаланың қамқорлығына лайық болу үшін зұлымдық пен қысымшылыққа сабыр етеді.

Сұрақтарға жауап іздеген мұсылман

Кім төмендегі сұрақтарға жауап іздесе шынайы мұсылман бола алады дейді ғалымдарымыз.

Мәселен, Жаратқанның алғашқы Адам атасы мен Хауа анасын жәннаттан шығарған не?

Нұх (ғ.с.) пайғамбарымыздың қауымы неліктен топан су астында қалды?

Жүректері тоқтап, жойылған Сәмуд елі ше?

Алланың қаһарымен жермен жексен етілген Лұт қауымы не болмаса отқа қырылған Шұғайып қауымы?

«Мен Құдаймын!» деп, теңіздің астында шөгілген Перғауын не болмаса кейбір тайпалардың доңыз мен маймылға айналуына не себеп?

Дүниенің бастауы мен ақырын баяндаған қасиетті Құрандағы дүниенің ақыры қандай?

Бүгінде, бірін – бірі көре алмай, таяқпен шұқыған, көрсе де аяқпен нұқыған заманды орнатқан біздер Алланың алдында қандай күйдеміз?

Күнәдан жиіркенеміз бе осы, оның азабын білеміз бе?

Мұсылман бола тұрып, күнәға неге селсоқ қараймыз?

Жүрек, тіл, дене, дүние-мүлік ғибадатымен соңғы рет қашан Раббыны еске алдық?

Кеудедегі жүректі соңғы рет қашан ақтардық? Онда ғибадат бар ма, тәубе мен қанағат ше, иман мен сабыр, тыныштық бар ма? Мүмкін өсек, құнсыз әңгіме, ғайбатқа толы ма?

Ерте ме, кеш пе әркім Алланың алдында есеп беретінін естен шығармасын. Осы дүниеде осы сұрақтардың жауабын тапсақ, шынайы мұсылман боламыз.

Тағы да оқи отырыңыз: Мұсылман адам қоғамда қандай болуы қажет?

Үлгілі мұсылман

Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір сүру мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың және адамдардың алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді.

Елімізде кез келген азаматтың дін ұстануға, діни рәсімдерді орындауына толық мүмкіндік берілген. Сондықтан азаматтарымыз да өз мем­ле­кетіндегі заңдарды сыйлауды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын тілеп, елдің эко­но­ми­калық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайратын  жұмсай білуі керек.

Мұсылман кісі елдің ке­ле­шегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді.

Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бір­де: «Егер маған Алла анық қабыл ете­тін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім» деген болатын. Сонда маңындағылар оның себебін сұрағанда: «Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге ешкімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымызға дұға етіп, оған Алланың мейірімі түссе, он­да көптеген ұлттар, ұлыстар мейірімге бө­ленер еді», — деп жауап қайырыпты.

Демек, дұға мүміннің қаруы. Әрдайым дұға етуді естен шығармаған абзал.

Ислам иманды пендеге құлшылық етуді бұйырумен қатар, ол қоғамды, Отанды қорғап, елді сүюге, адамзатқа адал қызмет етуге, жақындарың мен бауырларыңа  пайда келтіруге тәрбиелейтін парасат діні.

Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Мүмин бал арасына ұқсайды. Ол таза нәрсені (халал) жейді, таза нәрселер өндіреді (Алланың разылығына сай істер жасайды), таза жерге қонады (салих және садық адамдармен бірге болады) және қонған жерін сындырмайды, бұзбайды да» (Ахмед б. Ханбәл, II, 199).

Алла баршамызды туралықта һәм мүмін құлдарының қатарынан болуымызды жазсын!

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу