Мінезі жаман әйелге сабыр етудің сыйы

    622

    Тарихта һижри 352 жылы (миләди 963 жыл) Бистам қаласының маңындағы Харакан елдімекенінде дүниеге келген Әбу әл-Хасан әл-Харакани есімді әулие өткен. Тасаууф ілімінде классикалық еңбектердің бірі саналған «Мәнәзил ус-Саирин» атты мәшһүр еңбектің авторы болған Абдуллаһ әл-Ансари әл-Харауи – осы Әбу әл-Хасан әл-Хараканидің шәкірті. Харауи өзінің еңбектерінде ұстазы әрі мүршиді жайлы:

     «Тасаууфтағы ұстазым – Әбу әл-Хасан әл-Харакани. Оны кездестірмегенімде мағрифатқа жете алмас едім», – деп өзінің қол жеткізген ілімі мен рухани халін ұстазымен байланыстырады.

    Исламның дәлелі саналған ғалым Имам Ғазалидің өзі Әбу әл-Хасан әл-Хараканиге қатысты:

    «Мұндай кәміл бір мүршидті үлгі тұтудың өзі – сауап. Мұндайлардың табылуы өте сирек. Әсіресе, осы заманда…», – дейді.

    ХІ ғасыр Ислам әлемінде танымал ойшылдар мен ғалымдар шыққан бір кезең еді. Рази, Фараби секілді тұлғалар да осы дәуірде дүниеге келіп, еңбектері Шығыс пен Батысқа дейін тарап, ерекше әсер қалдырған. Осы кезде замандастары Ибн Сина да әрі медицина, әрі философия саласында атағы шыққан ғалымдардан еді. Мұнымен қатар, мағрифат және тасаууф іліміне де қызығушылығы болған. Осы қызығушылығының себебімен Ибн Сина Әбу әл-Хасан әл-Хараканиді зиярат етуге іздеп барады.

    Достарымен бірге келген Ибн Сина Хараканидің есігін қағады. Есіктің әр жағынан дөрекі бір кексе әйелдің дауысы шығады. Бұлар келген мәселесін айтып, Әбу әл-Хасан әл-Хараканиді сұрайды. Әлгі әйел де:

    «Ол алаяқ наданды не қылмақсыңдар?!» – деп күйеуі жайлы аузына келгенін айтып, біраз жерге дейін апарып тастайды. Есіктің бер жағында тұрғандар абдырап қалады. Кейбіреуі:

    «Адамды білсе, ең жақсы жұбайы біледі», – деп әлгі жерден кетуге ыңғайланады. Ибн Сина болса, сонша жерден келгенде Хараканиді көрмей кетпейтінін айтады. Басқалар да Ибн Синаның сөзін құп көріп, соңына дейін күтуге бел буады. Іштегі әйел де бұлардың кетпей күтіп тұрғанын көріп, Хараканидің отын жинауға кеткенін, тек кешке қарай ғана келетінін айтады.

    Алыстан келген зияратшылар ұстазды көріп кету үшін кешке дейін күтеді. Ақшам уақыты жақындап, күн ала көлеңке болған шақта алыстан бір қара көрінеді. Қараса, бір арыстанға отындарын артып алып, өзі де сол отындардың үстіне мініп алып келе жатқан Хазіреті Харакани екен. Күтіп тұрғандар бұл көрініске аң-таң. Харакани де зиярат етушілерінің түрлеріндегі сұраққа өздері сұрамастан бұрын жауап беріп:

    –Үйдегі «арыстанға» сабыр қылғандығымыздан Аллаһ Тағала ормандағы арыстандарды бізге бағындырып қойды. Үйдегі қатынның жүгін арқаламағанымда, бұл арыстан да менің жүгімді арқаламас еді», – дейді.  

    Міне, жаман қатынның мінезіне көрсетілген төзімділік пен сабырдың сыйы бұл дүниенің өзінде осындай болса, ақыреттегі сыйын өзіңіз де бағамдай беріңіз…

    Салтан САЙРАНҰЛЫ

    Пікір жазу