Мешіт қызметінің 80%-ы әлеуметтік мәселелерді қамтиды (Видео)

    441

    Нұр-Сұлтан. 14 мамыр. KAZISLAM – Қазіргі таңда мешіттеріміздегі қызметтің 80%-ы отбасы, әлеуметтік мәселелерге бағытталып отыр, — дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов.

    Бұл туралы ол «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Шаңырақ» ток-шоуында мәлімдеді. Баланың ата-ана алдындағы міндеті, қара шаңырақ, ене мен келін тақырыбы қозғалған бағдарламада А.Мұқанов:

    Дінімізде де, дәстүрімізде де ата-анаға қамқорлық ең бірінші ер азаматтың мойнына жүктеледі. Өйткені ақіретте ер адам өзінің анасынан, қарындасынан, жұбайынан және қызынан сұралады. Қандай жағдай болмасын қартайған ата-анаға ең алдымен ұл бала қарасуы қажет. Бабаларымыз «Әке-шешең ауру болса байлап бақ» дейді. Өкінішке қарай, қазір келіннің айтқанымен жүріп, ата-анасына көңіл бөлмей жүрген ер-азаматтар көп. Қазір мешіттеріміз құлшылық орны ғана емес, осындай отбасылық мәселелерді шешуге ат салысып жатқан жайы бар. Мәселен, 2018 жылды ҚМДБ «Отбасы жылы» деп белгіледі, соның нәтижесінде еліміздің барлық мешітінде арнайы кеңес беретін отбасы бұрышы ашылды. Біз ата-анасына қарамай кеткен жігіттерді шақырып насихатымызды айтамыз, келіндерді де шақырып, міндетін аят-хадистер арқылы жеткіземіз, қажы апаларымыз бар, олар да ақыл-кеңесін айтады. Соңында қатесін түсініп, енесін шешесіндей көріп, кешірім сұрап жатқан келіндер көп, — деді.