Мақтаарал: «Салиқалы ұрпақ» қоры 20 үйдің құрылысын бастады

    50

    Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған Мырзакенттегі жаңа шағын ауданнан белгілі меценат Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 20 үйдің құрылысын бастап кетті.

    Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бүгінде құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жуырда іргетасы қаланып, үйдің қабырғасы көтеріледі.

    «Салиқалы ұрпақ» қорының ресми өкілі Нұрлан Байымбетовтің айтуынша, 20 үйдің құрылысы ағымдағы жылдың шілде айының соңында толық аяқталып, тұрғындарға кілті табысталады.

    «Мырзакенттегі біздің қор атынан салынып жатқан үйлерді жергілікті «Нұр ел» және «Тіней-құрылыс» компаниялар жүргізуде. Қазіргі таңда жерді қазу, құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы күндері іргетасын қалап, 20 үйдің құрылысын шілде айының 20-ы күні толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді ол.

    Бұдан өзге, қор атынан Мақтаарал ауданындағы ағайындарға көмек ретінде 20 тонна азық-түлік келген болатын. Сондай-ақ, «Салиқалы ұрпақ» қоры судан зардап шеккен жағдайы төмен 100 отбасыға 100 мың теңгеден үлестірмек. Балаларға да базарлық ретінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 оқушыны Алматы облысындағы жазғы лагерьлерге жөнелтетін болады.

    Пікір жазу