«Машалланы» қалай қолданып жүрміз?

    254

    Жуырда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан «Қашқын» телехикаясы көрсетілді. Осы телехикаядан жайсыз бір көріністі көзіміз шалып қалып, сол туралы әңгіме қозғамақпыз.

    Фильмде иегінде сақалы бар, қолында тәспі ұстаған, тілінен «машалласы» түспейтін бір кейіпкер бар. Есімі – Фархат. Түсінуіміз бойынша, Фархат – есірткі саудасымен айналысатын біреу. Есірткілерді жұмсақ ойыншықтардың ішіне жасырып, сұраған жерлеріне жеткізіп береді. Ара-арасында тапсырыстың түсіп тұрғанына риза боп, «машалла, машалла!» деп те қояды.

    Тағы бір бөлімінде сауданың басында жүргендермен кәсіптерінің қызып, табысқа кенелгендерін «жуу» үшін шампан атып, жетістіктерін атап өтеді. Ішіндегі сақалды да: «Бастамасы жаман емес, машалла! Келіңдер», — деп қасындағыларын стақан соғыстыруға шақырады. Арасындағы шампан ұстаған тағы біреуі «Машалла!» деп қояды.

    Жалпы харам кәсіптің алға басқанын харам ішімдікпен «тойлап» отырып, кейіпкерлерге «машалла» дегізумен фильмнің сценарисі мен режиссері көрермендерге не көрсеткісі келді екен?

    Телеарнаның сайтында телехикая жайлы «туынды қоғамның өзекті мәселесіне айналып отырған жемқорлық, теріс діни ағымдардың әсері, дәстүрдің құнсыздануы, отбасы құндылықтары сияқты сан түрлі тақырыптарды арқау етеді» делініпті.

    Сонда «теріс діни ағымдардың әсерін» көрсету үшін «машалла» сөзін міндетті түрде харам тірлікке араластыру керек пе еді? Әлде фильм түсірушілер бұл сөзді дұрыс қолданбаған жағдайда діннен шығып кету қаупі бар екенін, осыншалықты дәрежедегі күпірлік екенін білмей ме?

    Білмесе, біле жүрсін деген мақсатта біз мақаламызда «машалла» сөзіне аз-кем тоқтала кетуді жөн көрдік. «Қашқын» телехикаясын көрген көрермен ертеңгі күні қолына ішімдік құйған стақанын ұстап, телехикаядағы кейіпкерге еліктеп, «машалла» дейтін болса, не Алланың құп көрмейтін ісінде немесе харам жолмен жеткен жетістігі үшін «машалла» сөзін орынсыз қолданатын болса, күпірлікке түсіп, діннен шығып кететінін біліп жүрсін дедік.

    «Машалла» сөзі – арабшада шылау, етістік және зат есімнен құралған тұтас бір сөйлем. Мағынасы «Алланың қалағаны, тілегені болды» дегенге саяды. Бұл сөз – Пайғамбарымыздың «Алланың қалағаны болады, қаламағаны болмайды» (Әбу Дәуіт, «Әдеп», 101) деген хадисіне де меңзеген бір сөз.

    «Машалла» сөзі Құран Кәрімнің 4 жерінде кездеседі.

    1. «Оларға: «Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын…» – деп айт» («Ағраф» сүресі, 188-аят).

    2. «Оларға: «Алла қаламайынша, мен басыма келетін бірде-бір кесапаттың бетін қайтара алмаймын, өз-өзіме ешбір пайда да келтіре алмаймын» («Юнус» сүресі, 49-аят).

    3. «Тек Алла басқаша қалайтын болса, оның жөні бөлек. Шүбәсіз, Ол жария болғанды да, жасырын болғанды да біледі» («Ағлә» сүресі, 7-аят).

    4. «Бақшаңа кіргеніңде, «Бұл – бір Алланың қалауымен болған дүние. Шексіз күш-қуат пен құдірет бір Аллаға ғана тән» деп айтуың керек емес пе еді?!» («Кәһф» сүресі, 39-аят).

    Мұсылмандардың бір нәрсеге сүйсінгенде, тамсанғанда, таңғалғанда көз, тіл тимес үшін, берекетінің артуы үшін айтатын «машалла» сөзі де осы «Кәһф» сүресінің 32-44-аяттарындағы оқиғадан алынады. Оқиғаны қысқаша баяндайтын болсақ, сүреде Алла Тағала жүзім бағы бар екі адамды біздерге ғибрат ретінде мысалға келтіреді. Біреуі Алланың берген осыншама нығметіне масаттанып, дандайсып, дәулет пен әулет тұрғысынан екіншісінен зор екенін айтып тәкәппарлық танытады әрі күпірлікке бой алдырып:

    «Мына (мың құлпыра жайнаған) бақша, менің ойымша, ешқашан бүлініп, жоқ болып кетпейді. Сондай-ақ, қиямет-қайым орнайды деп те ойламаймын. Ал егер (сенің айтқаның келіп) қиямет орнап, Раббыма бара қалсам, онда бұдан да қайырлы нәтижеге қол жеткізетіндігіме күмәнім жоқ», – деп асылық сөйлейді. Сонда досы оның бұл сөзінің күпірлік екенін ескертіп, Алланың берген бұл нығметі үшін не деу керек екенін үйретіп:

    «Бақшаңа кіргеніңде, «Бұл – бір Алланың қалауымен болған дүние. Шексіз күш-қуат пен құдірет бір Аллаға ғана тән» деп айтуың керек емес пе еді?!» – дейді.

    Осы аяттан алып Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға көңіліне ұнаған нәрселерге «ма ша Алла, лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ» (Алланың қалағаны болды, Шексіз күш-қуат пен құдірет бір Аллаға ғана тән) деу керектігін өсиет етеді. Содан бастап мұсылмандар көз тимес үшін немесе ісінің оңға басып, берекетінің арта беруі үшін «ма ша Алла» сөзін айтуды әдетке айналдырған.

    «Машалла» сөзі мұсылмандарға «әрбір нәрсе Алланың мүлкінде» деген сана қалыптастырып, қолындағы мал-мүліктің сақталуын да Аллаға тапсыру керектігін үйретеді.

    «Машалла», яғни, «Алланың қалағаны болды» деумен мұсылмандар «қанша тырыссаң да, басыңа берілетін нығмет те, ырзық та Алланың қалағанынша ғана болады» деген түсінікке қол жеткізіп, шүкір етуге, қанағатшыл құл болуға тәрбиеленеді әрі Алланың «әр-Раззақ» есім сипатына ғана арқа сүйеуге үйренеді.

    «Машалла» деуі арқылы мұсылмандар «барлық нәрсе адамның айтқанымен, жоспарымен болады» деген тәкаппарлыққа бастайтын теріс түсініктен құтылып, барлық күш-құдірет жалғыз Алланың қолында ғана екенін мойындап, соған бойұсынуға әдеттенеді. Бұл да адамды тағдырға шағымданудан сақтап, Алланың жазғанына риза болуға бастайды.

    «Машалла» деген мұсылман менменшілдік, өзімшілдік дертінен арылып, өз нәпсісінің құлы болудан құтылады.

    Міне, қазақтың «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген сөзіндей, «ма ша Алла» сөзі де дініміздің тұтас бір сенім негіздерін құрайды.

    «Машалла» дұға ретінде «Қорғану дұғасында» да кездеседі. Пайғамбарымыз үмбетіне таңертең тұрғанда не кешке жатпастан бұрын «ма ша Аллаһу кәәнә уә мә ләм яшә ләм якун» (Алланың қалағаны болады, қалағаны болмайды) деген дұғаны оқуды өсиет еткен.

    Бұл «машалла» сенімі талай батыр-бағландарымызды соғыс майдандарында оқ пен жаудан да аман сақтаған. Кеше ғана дүниеден озған даңқты ұшқышымыз Талғат Бигелдинов өзінің бір сұхбатында:

    «Ұшаққа келдім де, «Механик, готов к полету» дедім. Механик маған парашют кигізеді. Мен де парашютті киіп жатқанда «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Ма ша Алллаһу кәәна уә мәә ләм яша ләм якун. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллааһу әлайһи уә салам» дұғасын оқимын. Содан маған оқ тимейді. Осы дұғаны 305 рет оқыдым. Соның құдіреті болды ғой сонда. Соны оқып, сонымен аман қалдым. Соның нәтижесінде бір ұшақты да, бір ұшқышты да жоғалтқан жоқпын», – деп бұл дұға мен сенімнің қаншалықты күшті екенін тарихи шындықпен бізге дәлелдеп береді.

    Шалкиіз жыраудың да:

    «Жапырағы жасыл жаутерек

    Жайқалмағы желден-дүр,

    Шалулығы белден-дүр,

    Төренің кежігуі елден-дүр,

    Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,

    Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,

    Кешу кешмек сайдан-дүр,

    Батыр болмақ сойдан-дүр,

    Жалаңаш барып жауға ти,

    Тәңірі өзі біледі,

    Ажалымыз қайдан-дүр!» – деуі «машалла», яғни «Алла қаласа, ажалың келіп өлесің, қаламаса, онда өлімнен қорқудың қажеті жоқ» деген сенімі оларды ержүректікке тәрбиелеп, талай ерліктерге жетелеген.

    Осындай қасиетті сөзді енді келіп харам іс пен харам астың басында сөйлетіп қоюымыз мүлдем қисынсыз һәм орынсыз.  

    Ислам сенімінде Алла Тағала – жақсылықтың да, жамандықтың да жаратушысы. Бірақ, жамандықты қалаушы емес. Кімде-кім «Алла жамандықты қалайды» десе, күпірлікке түсіп, діннен шығады. Фильмдегі көрініс те осы жағдайға келеді. Сондықтан да, дін – ойыншық емес. Егер теріс діни ағымдағы адамдарды көрсеткісі келсе, оның басқа да жолдары бар. Бірақ, діни ұғымдарды теріс қолдануға жол жоқ.

    Салтан САЙРАНҰЛЫ

    Пікір жазу