Мал аштықтан, адам тоқтықтан көтерем болады

    0
    150

    Негізінде мұсылманда үш мезгіл не төрт мезгіл тамақ ішу деген әдет болмаған. Мұсылман тек қатты ашыққанда ғана тамақ жеуі тиіс. Яғни, біз тамақты көтеріп жүру үшін емес, тамақ бізді көтеріп жүру үшін ғана жеу – мұсылмандардың ас ішу мәдениеті ретінде қалыптасқан. Алайда, барлық құндылықтарымызды ойран еткен батыс бізді бұл мәдениеттен де алыстатып жіберді. Бүгінде түскі астың уақыты келді ме, тоқ болсақ та тамақ жеуіміз керек деген сана қалыптасқан. Осындай заман туатынын біліп, көргендікпен айтып кеткен Мөңке би де:

    «Ақырзаман адамы –

    Сағынып тамақ жемейді», – дейді. Сағынып тамақ жемейді дегені де «аш болмаса да тамақ жейді» дегені ғой.

    Мынаны жақсы білуге тиіспіз, мал аштықтан көтерем болса, адам тоқтықтан көтерем болады. Мал аштықтан өз-өзін көтере алмайтындай күйге түссе, адам керісінше тоқтықтан, көп жегендіктен өз-өзін зорға көтеріп жүреді. Ал, бар жағымен үлгі болған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы бір өнегесін әлі күнге дейін ұстана алмаймыз. Өсиет бойынша, асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін суға, үштен бірін ауаға қалдыруымыз керек болатын. Бұл да мәжбүр болған жағдайда. Мәжбүр болмаған жағдайда, мүмкіндігінше оған да жеткізбеуі керек. Ал біз бұл өлшемді минимум деп алғанбыз. Пайғамбарымыз бен Оның (с.а.у.) отбасы бізге қандай үлгі еді.

    Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жары әрі анамыз Хазіреті Айша (р.а.) қанша қиыншылық күндерді басынан өткерсе де, еш уақытта таршылық көрген кездеріне шағымданбайтын. Өзінен бұрын басқалардың жағдайын ойлап, өзгелерді өзінен жоғары қоятын. Қанағат оның басты ұстанымдарының бірі еді.

    Алла Елшісі (с.а.у.) дүниеден озғаннан кейін Ислам діні кең қанат жайып, көптеген елдерге жайыла бастады. Халық та түскен олжалардың себебінен молшылыққа қауышты. Осыған қарамастан Айша анамыз (с.а.у.) өзінің өмір сүру салтын еш өзгертпестен, бұрынғы қалпынша қанағатшылықта өмір сүрді.

    Бір күні Үмран бин Зәйд Айша анамызға сәлем беру үшін келеді. Айша анамыз (р.а.) да «уағалейкумсалам» деп Үмранның сәлем қабыл алады да сол жерде көзіне жас алып, жылай бастайды. Мұны көрген Үмран бин Зәйд:

    «Уа, анашым! Неге жылайсың?» – дейді. Сонда Хазіреті Айша (р.а.):

    «Сендердің кейбіреулеріңнің түрлі тамақтан қалағанынша жеп, әрі мұндай өмірді ұнататындықтарын естідім. Осы кезде Пайғамбарларың (с.а.у.) еске түсіп, сол үшін жылап отырмын. Себебі, Ол (с.а.у.) бұл фәни дүниеден озғанға дейін асқазанын бір күнде екі түрлі аспен толтырған емес. Егер құрма жесе, нан жей алмайтын, ал нан тапса, құрма жей алмайтын. Міне, мені жылатқан да осы еді…»– дейді (Табақат, 1, 406).

    Сұлтан КЕРІМ