Кітапты мұқабасына қарап сынама!

    282

    Күндердің күнінде 25 жастағы баласын жетектеген ақсақал пойызға отырады. Біршама уақыттан кейін олардың жанына қызметкер кісі келіп отырады. Пойыз қозғалып жүре бастағанда ақсақалдың баласы терезеге қарап:

    — Әке, қарашы, талдардың барлығы артқа кетіп жатыр, — дейді. Әкесі күлімсіреп отырады. Мұны көрген көрші кісі еңгезердей жігіттің өзін бұлай ұстауын түсінбейді. Сәл уақыттан кейін жігіт тағы:

    — Әке, қарашы қандай әдемі жануарлар мен өзендер! — дейді. Кенет жаңбыр жауып, күн күркірейді. Жігіт қуаныштан терезеден қолын шығарып:

    — Әке, менің қолыма жаңбыр суы тамып жатыр, қарашы, — дейді. Әкесі әдеттегідей күлімсірейді. Мұны бақылап отырған әлгі кісі ақсақалдың жанына жақындап:

    — Әкей, бұл балаңызды емханаға апарып емдетпейсіз бе? — дейді. Сонда ақсақал:

    — Біз қазір ғана ауруханадан келе жатырмыз. Ұлымның бүгін ең алғаш рет көзі ашылып, қоршаған ортамен танысып жатыр. Мен оны мұндай жағдайда қолдауым керек, — деген екен.  

    Жалғас АСХАТҰЛЫ,

    дінтанушы