Ия, білгенін бөлісу заңсыз емес, бірақ оны қалай бөлісіп жүр? Сұрақ осыған тіреледі. Қазір кейбір коучтар өз лекциясын дінмен  байланыстырып дәріс оқуы трендке айналып бара жатыр. Бұған әрине, ел азаматтарымыздың басым көпшілігі діни сенімде болғаны себеп шығар. Алайда дінді қолданып, көпшілік арасында дәріс оқу қаншалықты заңды?

Себебі Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» № 483-IV Заңының 8-бабы 1-тармағына сәйкес:

«Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.

 

Сонымен қатар, Заңның 9-бабы 2-тармағына сай діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпарттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі«

Психологтардың діни үндеуі – миссионерлік қызмет пе?

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті аталған мәселеге байланысты Психолог мамандардың діни ақпарат пен терминдерді қолдану барысында дінге үндеу сипаты анықталса, бұл өз кезегінде миссионерлік қызмет болып саналатындығын жеткізді.

Бұған қоса Дін істері комитеті «діни қызмет саласында жұмыс жасап жүрген бірқатар психолог мамандар ғана практикалық тұрғыдан дінге үндеусіз, діни терминдерді қолдана алады» дегенді алға тартып отыр. Дегенмен біздегі тренер-психологтардың барлығы дін саласында қызмет етіп жүрмегені анық.

Ал Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы әуесқой мамандардың діни насихат айтуын құптамайды.

— «Психолог мамандар өздерінің тренинг, сабақтарында қандай да бір діни ақпараттар мен үкімдерді айту үшін ҚМДБ-да жұмыс істейтін мамандармен ақылдасып, кеңес алып барып айтқаны жөн болады деп есептейміз»,-дейді Діни басқарма «Kazislam.kz» порталына берген жауабында.

Белгілі теолог Балғабек Мырзаев та дін туралы  ілімдерді меңгермеген, зерттемеген адамдардың бәленбай мың аудиторияға дәріс оқуы дұрыс емес дейді.

Сондай-ақ теолог дін психологиясы туралы айтып берді. «Бір діндар адамның бойында сезім (эмоция), сенім, ғибадат, білім және әсерлену секілді негізгі  бес категория болу керек. Осы адамға тән болған дінмен өмір сүрудің психологиялық тұрғыдан әртүрлі аспектілерін зерттейтін ғылым саласы — дін психологиясы деп аталады. Басқаша айтқанда, дін психологиясы діннің адамның рухындағы  негізгі көріністерін, әрекеттеріне әсер ететін жағдайларын қамтитын сала.

— Дін психологиясында діни сезім (эмоция), ойлану және қарым-қатынастарды зерттеу бар, яғни адамның діни өмірін терең және кең түрде жан-жақты қамтып, рухани оқиғалармен байланысын көрсетуге бағытталады

 

Бұл ғылым саласы діни сипаттар мен Жаратушының сипаты, Жаратушыға сиыну түрі, діни түсініктер, эмоциялар мен әрекеттер және оларға әсер ететін факторлар, дін мен Жаратушыға деген сенімнің пайда болуы, дінін өзгертудің үкімдері, діндарлық түрлері, діни даму, дін-құндылық қарым-қатынасы сияқты тақырыптарды қарастырады,-дейді теолог.

— Бұл жерде назар аударатын маңызды жағдай — дейді Балғабек Әбдіқайымұлы — дін психологиясы діннің бұйрықтары мен тыйымдарын талқыламайды. Оның діни үкімдерді ақтау немесе теріске шығару мақсаты жоқ.

Дін психологиясының зерттеу саласы — діннің өзі емес, дінді ұстанатын адамдар. Онда діннің адам бойындағы  көріністері зерттеледі. Ол оқиғаларды ғылыми әдіспен зерттейді және жіктейді. Дін психологиясы нормативтік ғылым емес. Дін психологиясы діни өрнектерді психологиялық даму мен процестер контекстінде қарастыратын ғылым.

Бұл айтылғандар туралы дінді қолданып дәріс оқушылардың хабарын бар жоғын білмекке психолог Құралай Ошақбаеваға хабарласып көрдік. Бұл кісі «Құралай ханым» ретінде халық арасында кеңінен танымал. Сондай-ақ оның дәрістерінің ішінде «40 күндік дұға», «Құдайға қадам» техникасы ислам дінімен байланысты.

Тіпті осы материалдың жазылуына да түрткі болған осы Құралай ханымның аталған дәрістері еді. Сайт оқырмандары бұл дәрістер туралы түсінік беруін сұраған болатын. Алайда ол кісінің жауабын білу үшін сайт тілшісі хабарласқанмен, байланысу мүмкін болмады.  Алдағы уақытта психологпен байланысқа шыға алсақ, Құралай ханымның өз пікірін сайтқа толықтай жариялай аламыз.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» № 483-IV Заңының  1-бабы 4-1-тармағына сәйкес діни ілімді тарату  — белгілі бір діннің негізгі догматтары, идеялары, көзқарастары және практикалары туралы ақпаратты жеткізуге, сол сияқты беруге бағытталған қызмет болып табылатыны көрсетілген.

Балжан Әуезханқызы

Пікір жазу