Истидраж деген не?

    425

    Сұрақ: Истидраж деген не?

    Жауап: Истидраж – таңғажайып құбылыс болғандықтан, алдымен оның мұғжиза мен кереметтен қандай айырмашылығы бар екенін біліп алғанымыз жөн. Нағында, мұғжиза – пайғамбарларға, керемет жасау – әулиелерге тән. Ал, пайғамбар және әулие емес жай пенденің шайтанның уасуасына еріп таңғажайып әрекет жасауы – истидраж деп аталады.

    Алла Тағала Құран кәрімде пайғамбарлар арқылы адамзат баласына мұғжизалар жібергені туралы: «Сондықтан оларға ашық мұғжизалар түрінде; топан суы, шекіртке, бит, бақа және қан жібердік. Сонда да олар менменсіген әрі олар күнәкар бір қауым болды» (Ағраф,133) деп баяндайды. Осыған орай, Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Пайғамбарлардың мұғжизалары – хақ» (Фиқһул-Акбар) деп мұғжизаға илануды иман шарттарының бірі ретінде көрсетеді.

     Әулиелердің керемет жасайтыныдығы жайлы хадис кітаптарында да айтылады. Мысалы, Әзіреті Әбубәкірдің (р.а,) үш кісіге арнап жасаған тамағының берекеті артып, ондаған кісіні тойдырған еді (Бұхари, Әдеп, 88). Әзіреті Омар (р.а,) жылма-жыл адам жалмайтын Ніл өзеніне хат жазып, оның арнасынан асып, тасқынға айналуын тоқтатқан болатын (Мууаззаһ Илм-и кәлам, 176 б). Осы тақылеттес руаяттарды негізге алған Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әулиелердің кереметтері ақиқат» деп, кереметті кәлам іліміндегі маңызды шарттардың қатарына қосқан.

    Истидраж – ғажайып тұрғысынан мұғжиза мен кереметке ұқсағанымен, ол шайтанның уасуасымен жасалынады. Ақида кітаптарындағы анықтамалар бойынша мумин емес кәпір немесе фасық адамның жасаған таңғажайып әрекеті истидраж деп есептілінеді. Алла Тағала Құран кәрімде истидраж жасаушылар туралы: «Расында олар оны пайдалы деп ойлайды. Байқаңдар! Шын мәнінде олар, өтірікші. Оларға шайтан үстем келіп, өздеріне Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар шайтанның тобы. Байқандар! Расында шайтанның жамағаты солар; зиян тартушылар» (Мужадала, 18-19) деп баяндайды.

    Сондай-ақ, Алла Тағала: «Сондай аяттарымызды жасынға айналдырғандарды олар, білмеген жақтан бірте-бірте жоямыз» (Ағраф, 182) деп, истидраж жасаушыларды жазалайтынын ескерткен.

    Атақты Жүнайди Бағдади: «Құран мен сүннетке мойынсұнбаған бір адамның аспанда ұшып жүргенін көрсеңіз, ол күмәнсіз – истидраж» деп, шайтанның азғыруымен жасалынатын ондай таңғажайып, оқыс оқиғаларға алданбау керектігін айтады. Яғни, мұсылман баласы көпшіліктің көзіне ғажайып болып көрінетін (истидраж) көз бояу әрекеттерді кереметтен ажырата білуі керек.

     Мұхан ИСАХАН

    1 Пікір

    1. Жүрегі ғапылдықта болған адамдар ақыретті еске алмайды, арғы дүниеде өзін не күтіп тұрғандығынан, сын сағаттан секем алмайды. Тозаңның түйіріндей жақсылық не жамандық үшін жауап беретіндігін ескермейді. Өмірде бәрін көру керек дейді де, білгенін істеп бағады. Ал ақиқатында өздерінің күніге көптеген күнәға батып, тозаққа түсірер жолға қарай беттеп бара жатқандықтарын түсінбейді.

    Пікір жазу