«Ислам» және «террор» сөздерін бірге қолдану әділдік пе?

    0
    540

    Бүгінде «ислами террор» деген сынды атаулармен Ислам дінін «қан төгіс» діні ретінде көрсетуден өткен әділетсіздік жоқ деуге болады. Адамзат өміріне зиянын тигізіп жатқан мұндай әділетсіз бағалаулар, яғни, «ислами террор» деген сынды ұғымдар адамдар арасын жарастырудың орнына түсінісе алмауға, өзара қан төгіске әкеліп соғып отырғаны ақиқат.

    Нұрбек Хайрмуханмедов, соңғы жылдары батыстық алпауыт бұқаралық ақпарат құралдарында «ислами террор» сөзі жиі қолданылатын болды дей келе: «Дін ретінде «ислам» мен «террор» арасында себепті байланыс құру шарт болса онда басқа дін өкілдері тарапынан жасалған қатыгездіктер неліктен террормен байланыстырылмайды? Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Ричард Фолк 2000 жылдан бері Израиль армиясының 1300-ден астам палестиналық баланы өлтіргенін алға тартты. Осыған қарап Израильдің Палестиналықтарға қарсы жасаған әрекеттерін «Еврей терроры» деп атау қаншалықты орынды? Ирландияда католиктер мен протестанттықтар қаншама бейбіт адамның өмірін қию арқылы бір-бірімен аяусыз қақтығысты. Алайда, мұны ешкім христиандықпен байланыстырмады. АҚШ-та неокондар билік құрған кезде кіші Буш Ауғанстан мен Иракқа қарсы басқыншылықты «крест жорығы» ретінде сипаттады. Нәтижеде жүздеген мың жазықсыз адам өлді. Осы басқыншылық әрекетті ешкім «христиан терроризмі» деп атамады. Тіпті алысқа бармай-ақ 2010 жылы Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздіктер белең алғанда этникалық өзбектермен қырғыздар арасында қантөгіс болды. Мұны да ешкім «қырғыз терроризмі» деп атаған емес. Аталмауы әбден орынды. Террорлық әрекетті жасаған адамның діні, ұлты мен террорлық әрекет арасында себепті байланыс құру мүлдем қате, сыңаржақ пайым. Өйткені, террордық діні яки ұлты жоқ»[1], — дейді.

    Өкінішке орай, бүгінде террорлық әрбір істің соңын мұсылмандықпен байланыстыру үрдіске айналды деуге де болады. Бұл Ислам дініне жасалған қиянат болып табылады. Сондықтан, әрбір адам дін мәселесінде әділ баға беруге міндетті. Әділ баға берілгенде ғана қоғамда өзара түсіністік, сыйластық және бейбітшілік орнайды.

    Адам өлтіру – мұсылмандыққа жат іс-әрекет. Соған қарамастан, террорлық әрекетке барып жатқандар адамзат қоғамының бір бөлшегі немесе өз арамыздан шыққан балаларымыз бен туысқандарымыз да бар. Олардың радикалды болуына кім кінәлі? деген сұрақты әуелі өзімізге қояр болсақ, ешқандай бір діннің кінәлі емес екендігін, бәлки, оларға дұрыс таным-түсінік қалыптастыра алмаған өзіміз кінәлі екендігімізді ұғамыз. Сол себепті, радикалдықтың алдын алудың басты шарты жас ұрпаққа дұрыс тәрбие, дұрыс білім беруден басталады.

    Адам баласының ішкі жан дүниесінде бір құдірет күшке деген сенімнің бары ақиқат. Әркімнің Жаратушысын іздеуі әр кезеңде, яғни, біреулер мектептен кейін, енді біреулер орта жасқа келіп ақыл тоқтатқан кезінде немесе рухани күйзеліске ұшыраған сәттерінде болуы мүмкін. Бала кезінен өзге білімдермен бірге рухани білім мен тәрбиені қатар алмаған адам, кейінгі өмірінде діни немесе саяси бір идеологияның құрбанына айналып кету ықтималы басым болады. Сондықтан, білім беру жүйесінде балаға кішкентайынан ұят, ибалық, имандылық және отан сүйгіштік ата-баба жолын жадына сіңіре білу маңызды рөл атқарады. Бұл жолда әуелі, қазақ даласынан шыққан рухани тұлғалардың имандылық көзқарасы мен халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилік-матуридилік мәзһаб ара-қатынасын салыстыра отырып, мектептегі дінтану пәнінің оқулығын дайындау қажет. Діни бағыттағы тарихымыз бен бүгінімізді сабақтастырып, келешекке дұрыс бағыт-бағдар көрсете алсақ, жастарымыз өзге идеологияның ықпалына түспейді. Егемендігіміз баянды болмақ!

    [1] Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы, Құрастырған, 211-212 бб.