Қазір, Құдайға шүкір, құлдықтың жойылған заманы. Жасырын түрде адамды құл қылу оқиғалары орын алып жатқанымен, жалпы  заңнамалық деңгейде құлдыққа тыйым салынған.

Қазіргі өркениет тұрғысынан алғанда құлдыққа рұқсат беру – барып тұрған сорақылық, нағыз артта қалушылық болып табылады. Ал, қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадистеріндегі құлдық туралы сөздер – хақ діннің тереңіне бойлап, байыбына бармағандардың  сенімін шайқайтыны шүбәсіз. «Егер Ислам – ақиқат дін болса, онда неге құлдық рұқсат етілген? Неге оған мүлде тыйым салынбаған?» деген сауал талай сананы сарсаңға салған.

 Басы ашық жәйт: құлдықты Ислам әкелмеді. Керісінше, заман мен мекен жағдайын, адам (көпшілік) психологиясын ескере отырып, бірте-бірте жою тәсілін жүзеге асырды. Ислам үкімдері құл ұстаудан гөрі азат етудің артықшылығын дәріптеді; осылайша, құлдардың жағдайын жеңілдете отырып, оны мүлде жоюды жүзеге асырды. Ойланған жанға мына хадис көп нәрсені аңғартады:

«Ақиқатында, қызметшілерің мен құлдар – бауырларың. Сондықтан оларға өз жеген тамақтарыңнан жегізіп, өздерің киген киімдеріңнен киіндіріңдер. Шамасы келмейтін істерді жүктемеңдер. Егер оларға ауыр іс тапсыратын болсаңдар, міндетті түрде өздерің де көмектесіңдер». (Бұхари мен Муслим жеткізген)

Асыл дініміз әуелі құлдардың – сауда немесе ойын-сауық құралы емес, ең алдымен адам екендігіне назар аудартып: «Сендер бір-біріңненсіңдер» деді («Ниса» сүресі, 25-аят.). Мына аятта бүкіл адам баласының бір атадан тарағанын, бауыр екенін дәйектеді:

«Әй, адам баласы! Күмәнсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңмен танысып-білісулерің үшін сендерді ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлдік. Расында, Алланың құзырында ең ардақтыларың – ең тақуаларың. Шүбәсіз, Алла — толық Білуші, әр нәрседен Хабардар» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят.). 

Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадистері бұл ұстанымды нақтылай түсті:

«Сендер адам баласысыңдар. Адам болса топырақтан» (Әбу Даууд, Әдәб, 120.); «Ешқандай арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықпен өлшенеді»  (Муслим, Тирмизи жеткізген).

Бұл қағидаттар барлық адам баласы жаратылысында – тең құқылы, артықшылық пен қадір-қасиет – адамның ары мен мінез-құлқының көркемдігінде екендігін тұжырымдады. Ислам дінінің осы ізгі ұстанымының арқасында құлдық қамытын киіп, жарым көңіл болып жүрген жандардың еңсесі тіктеліп, ел қатарына қосылды.

Алла елшісінің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадистері адам баласының дәрежесін нақтылап, құл туралы қате түсінікті түбірімен күйретті:

«Кімде-кім құлын өлтірсе егесін де өлтіріңдер; кімде-кім оны қамаса яки тамақ бермесе, егесін де қамап тамақ бермеңдер; кімде-кім оны піштірсе, егесінің де еркектігін тарттырыңдар» (Әбу Даууд, Тирмизи, әл-Хаким жеткізген хадис); «Ешқайсың: «Мынау құлым, мынау күңім» демеңдер, «қызым», «ұлым» немесе «бауырым» деңдер» (Муслим жеткізген).  

Осы тәрбиені санасына сіңірген саңлақ сахабалар қоғамдағы қисық қалыпты бұзып, өнегелерімен үлгі болды. Мысалы: хазіреті Омар (Ол кісіге Алла разы болсын!) Ақса мешітін қабылдап алу мақсатымен шыққан сапарында Мәдинадан Ақсаға дейін қызметшісімен бірге бір түйені кезектесіп мініп барған. Тіпті, Ақса қаласына, өтінішіне қарамастан, кезегі келген қызметшісін мінгізген күйі, түйесін жетектеп кірген! Әбу Зәр (Ол кісіге Алла разы болсын!) атты сахаба құлымен бірдей киінген…

Бұл әлемнің бір қиырында өзімен-өзі өмір сүріп жатқан, надандық батпағына батқан қоғам үшін үлкен төңкеріс еді! Иә, Ислам өзіне дейін қалыптасқан, құлды адам деп санамайтын озбыр, жабайы жүйені жөнге салды. Соғыс жағдайында

«Әуелі иман келтіруге шақырыңдар, қабылдамаса – салық төлеуге шақырыңдар, оған да болмаса – сонда ғана соғысыңдар;  қару алып қарсы шықпағандарды, қариялар мен жас балаларды, әйел кісілерді, ғибадат жасаушыларды өлтірмеңдер; ғибадатханаларды, ғимараттарды қиратпаңдар, ағаштарды отамаңдар, егіндерді өртемеңдер» деп бұйырса, тұтқындарға қатысты «Оларға жақсы қараңдар, қорламаңдар» деді.

Бадр шайқасында қолға түскендерді түйелеріне мінгізіп, өздері жаяу жүрген, тамағы мен сусынын әуелі тұтқындарға беріп, қалғанын өздері ішкен сахабалар әрекеті – Құран үкімі мен Пайғамбар бұйрығының жүзеге асқан көрінісі еді…

Құл иелену құбылысының басты себептерінің бірі – соғыс. Азғырушы шайтаны бар мына сынақ өмірде ашкөздік пен зұлымдық бар болғандықтан, соғыс пен құлдық – біз қаласақ та, қаламасақ та орын алып отыратын іс. Сондықтан амалсыз істің шешімі – сол істі жеңілдету.

Мемлекеттер немесе ұлттар арасындағы соғыстар мен теке-тіресті жою үшін – не адам табиғаты өзгеруі керек, немесе бүкіл адам баласы рухани биік деңгейге жетуі керек. Міне сол себепті, өмір шындығын ескерген, асыл дініміз құлдықты құртудың кілті – әуелі адамның ішкі дүниесінде, санасы мен мінезінде жүзеге асатынын дәйектеді…

Тарихқа қарасақ, тұтқындарға жасалатын қарым-қатынастың бірнеше түрі бар екен:

  1. Түгел қырып тастау,
  2. Лагерлерге қамау;
  3. Елдеріне оралуға мүмкіндік тудыру;
  4. Тұтқындарды соғысқа қатысқандарға олжа ретінде, бөліп беру.

Енді осыларды жеке-жеке қарастырайық:

1-ші шара – адамшылыққа жат, өркениетке теріс.

2-ші шара: күні кешегі советтік өкіметтің түрмелері мен Екінші Дүниежүзілік соғыстағы тұтқын лагерлерінің жағдайынан белгілі; жабайылық пен жауыздықтың жарқын мысалдары.

3-ші шара: тұтқындарды айырбастау немесе құнын төлету арқылы жүзеге асатын оң шешімнің бірі; тараптардың өзара келісімімен жүзеге асатын бұл тәсіл бұрын да, қазір де қолданыста. (Мысалы: Бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындарға «10 адамға жазу үйретіп, сауатын ашқан адам – азат» деген талап қойылған…)

4-ші шараны – мұсылмандар кең қолданған, яғни уақытша тұтқынға алу жолын таңдаған. Бұл жерде жаппай қырып‑жояға, лагерлерге қамап азаптауға жол жоқ, сондай-ақ дұшпан жағын күшейтуге де мүмкіндік берілмейлі…

Адам баласының азаттығы мен тең құқылығы – Исламның басты ұстанымдарының бірі.

Негізінде, бұл тәсіл арқылы тұтқынға ақиқатты жеткізу, сол арқылы оған жақсылық жасау әрекеті жүзеге асты. Мұсылманның шаңырағындағы тұтқын Исламды жақыннан тану мүмкіндігіне ие болды. Мұсылмандардың тұрмысы мен мінез-құлқын көріп, адамшылықтарына жүрегі жібіп, тура жол тапқандардың мысалы мыңдап саналады… Дегенмен бұл әдіс-тәсіл де «уақытша жол» деп танылады. Өйткені, адам баласының азаттығы мен тең құқылығы – Исламның басты ұстанымдарының бірі.

Бұл ұстанымның толық жүзеге аспауының бір себебі –  жаңа құндылықтарды қоғамның әлі де жете түсінбеуінде еді. Мәселенің бір түйткілі – тікелей құлдардың өзіне қатысты. Яғни, адам табиғаты, құлдықта өскен жанның психологиясы ескерілді.

Шындығында, әдет – адамның екінші болмысы. «Әдетің – жендетің» дейді қазақ. Құлдық та – бір әдет. Ол адамның түпкі болмысына сызат түсіреді. Оның зардабын жою едәуір уақытты талап етеді. Мұсылмандар осы факторларды ескерген. Олар «бауырым» деп бауырына басқан құлдарын жеке өз басы үшін жұмыс істеу, шаңырақ құру, отбасын басқару тәрізді мәселелерге үйретіп, бостандық оларға зиян емес, керісінше пайда әкелетініне көздері жеткенде ғана босатып отырған.

Ұзақ жылдар бойы құлдықта болып, құлдығын табиғи жәйт секілді қабылдаған адамдарды бірден босатса – зоопарктегі клеткадан босатылған аңдар секілді абдырап, қоғамның қым‑қуыт тіршілігін түсіне алмай, дел-сал күйге түсетінін, тіпті қайта қашып өз еріктерімен құлдығына қайтатынын тарих та, ғылым да дәлелдеген.

Мысалы, Америка президенттерінің бірі – Авраам Линкольнның тұсында құлдарды жаппай азат ету – олардың бұрынғы қожайындарына қайта оралуымен аяқталған болатын. Біздің заманымызда осы секілді құбылысқа арналған «Бостандықтан қашу» деген (Эрих Фромм жазған) еңбек жарық көрген…

Бұл азаттығын жоғалтқан құлдар үшін ғана емес, бодандықта болған мемлекеттерге де қатысты мәселе. Халқын перғауынның езгісінен алып шығып, 40 жыл шөл кезген Мұса пайғамбардың (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) әрекетін еске түсіріңіз. Иә, теперішті көп көріп, өзіндік болмысын жоғалтқан елдерге қайтадан есін жидырып, еңсесін тіктету – құлдарды азат өмірге үйретуден әлдеқайда қиын іс. Бұның дәлелін алыстан іздеудің қажеті жоқ…

Мінеки, сондықтан құлдыққа қарсы күресте Ислам әуелі құлдың адамдық санасын, ар-намысы мен рухын оятуды, оның бойындағы бостандыққа деген талпынысы мен құштарлығын оятуды жолға қойған. Содан кейін ғана оларды азат еткен.

Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Зәйт ибн Харисәні тәрбиелеп, сосын азат етуі, текті қызға үйлендіруі, кейіннен құрамында беделді сахабалар бар әскер тобына қолбасшы етуі – жүйелі түрде ойластырылған харекеттің тамаша бір мысалы!

Бұдан бөлек, алғашқы азаншы хабашилік Біләлдің құрметті адамдардың қатарына қосылуы, Хузайфаның құлы Сәлімнің мұсылмандардың абыройлы тұлғаларының біріне айналуы, Сәлман Парсының (Ол кісілерге Алла разы болсын!) Пайғамбар отбасының бір мүшесі деп саналуы – Ислам дінінің  құлдарға ашқан мүмкіндігі мен берген дәрежесінің көркем мысалдары.

Шын мәнінде, Ислам – құлдарды азат етудің ең жарқын үлгілерін көрсетіп, Жол салды. Қожайыны мен құлдың арасында сантүрлі келісім түрлерін белгіледі. Бұл іс алғашқы кезеңдерде жеке адамдардың байлығы, ықпалы арқылы іске асса, кейіннен құлдарды азат ету мәселесін мемлекет тікелей өз міндеті ретінде қолға алды.

Тіпті, Омар ибн Абдулазиз (Ол кісіні Алла жарылқасын!) халифа болған кезеңде зекеттің бір бөлігі қолға түскен тұтқындарды азат етуге арнайы бөлінді. Бұдан басқа да құл азат ету арқылы кейбір діни міндеттемелер мен күнәлардан тазару көзделді.

Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында қателік-күнәнің өтемі ретінде құл азат ету амалы бекітілсе, хадистерде құлды азат еткен адамның Ақырет азабынан құтылатындығы сүйіншіленген. Мұсылман адам берген антын бұзса, «зиһар»[1] мәселесінде, адам өлтірсе – құлды азат ету керектігі міндеттелген. Мысалы Құранда:

«Кімде-кім қателесіп бір мұсылманды өлтірсе, оның кәффараты бір мұсылман құлды азат ету әрі өлген адамның иесіне құн төлеу» деген аят бар («Ниса» сүресі, 25-аят.).

Бұл қылмыстың қоғамға да, қайтыс болған жанның отбасына да қатысты тұстары болғандықтан, құн – өлген кісінің үй-ішіне төленсе, бір құлды азат ету – қоғамға төленген ақы есебінде. Яғни, өлген кісінің орнына бір құлды азат ету – бір адамды тірілткенмен бірдей харекет…

Бұдан бөлек «муқатаба» және «тәдбир» деп аталатын келісімдер арқылы құлдар азат етілді. «Муқатаба» бойынша: қожайын мен құл арасында «пәлен өтемақыға азаттық беріледі» деп келісімшарт жасалады. Құранда бұл мәселе айқын көрсетілген: құлдың ұсынған шартын қожайыны қабыл алғаннан кейін, құл сол уәде етілген қаржыны табу арқылы азаттығын алады.

«Тәдбир» бойынша: қожайынының қайтыс болуы себепті немесе уәде етілген басқа бір кез-келген оқиғаға қатысты құл азаттық алады. Бұларға қосымша сауап мақсатымен азат ету бар. Алла Тағаланың рақымынан үміт ете отырып, әсіресе ораза кезі секілді мүбәрак айлар мен қасиетті күндерде бірден жүздеген, мыңдаған құлдарды азат ету жүзеге асқан…

Жалпы, қалыптасып қалған әдет пен дәстүр іспетті болып кеткен істерді өзгерту – қиынның қиыны. Міне, сондықтан араққа қатысты үш мәрте аят түсіріліп, ең соңғысында ғана тыйым салынды. Яғни, жамандықты бірте-бірте жою тәсілі қолданылды. Құлдық институты да осылай шешімін тапты.

Шариғат заңы бойынша құл ұстағаннан гөрі оны азат ету – жеңіл әрі сауапты іске айналды. Басында қандай да бір қателіктер мен күнәлардың өтеуі ретінде құл азат ету – ең жақсы өтем болып бекітілсе, бара-бара құлыңа, қызметшіңе жәрдем беру, тіпті өзің не ішсең – соны ішкізіп, өзің не кисең – соны кигізу бұйырылды. Яғни, құл – отбасының бір мүшесіне айналды; енді оны бағып-қаққаннан гөрі бас бостандығын беру тиімді болып қалды!..

Ислам бүкіл адам баласының бір ата, бір анадан тараған бауыр екенін, артықшылық – тақуалықта, адамгершілікте екенін дәріптеді: ақыры адамзат қоғамындағы қалыптасқан жағдай осылайша, ақырын-ақырын түзеліп, «құл, күң» десе шошитындай өркениетке жеттік.

Иә, азаттық – адам баласының ажырамас сипаты, адамдық абыройының басты көрсеткіштерінің бірі. Сол себепті хақ дін Исламда азат адамды құлға айналдыру, сол арқылы табыс табу – ең үлкен күнәлардың қатарында…

Қорыта айтқанда: егер адамзат өмірінде соғыс секілді сұрқия істер болмағанда, онда Ислам құлдыққа біржола тыйым салар еді; алайда, азғырушы шайтаны бар мына сынақ өмірде ашкөздік пен зұлымдық бар болғандықтан, соғыс пен құлдық – біз қаласақ та, қаламасақ та орын алып отыратын іс; сондықтан амалсыз істің шешімі – сол істі жеңілдету. Өмір шындығын ескерген хақ дін Ислам құлдықты құртудың кілті – әуелі адамның санасы мен мінезіндегі құлдықты жою екендігін дәйектеді.

Құдіретті де Мейірімді Иеміз баршамызды Өзіне ғана құл болған Азат ерлердің қатарына қоссын! Егеменді еліміздің көк туы мәңгілік желбіресін!

Алғадай Әбілғазыұлы

[1] Зиһар – Исламға дейінгі дәуірде арабтар арасында кездескен көне әдеттердің бірі. Әйеліне ерінің «Ендігәрі маған шешем секілдісің» деп айтуы ажырасуға негіз болып есептелген. Құран Кәрімнің «Мүжәдәлә» сүресінің 1-4-аяттарында бұған тыйым салынып, жазасы – құл азат ету, т.с.с. болып бекітілген.

Пікір жазу