Исламның «Сендерге өз діндерің, бізге өз дініміз» ұстанымы

    0
    207

    Кейінгі уақытта теріс ағым өкілдерінің ықпалына түскен жастардың ауызынан «джаһил» (исламды білмейтін адасқан адам), «кәфир» (Аллаға иман келтірмеген адам) сияқты сөздерді естіп қаламыз. Әдетте бұған мән бере қоймайтын біз оны – жәй діндар адамның айтуы тиіс арабша сөздері шығар деп ойлап қоя саламыз.

    Негізінде мұндай іспетті сөздерді қасындағылар үшін жиі қолданатын адам, дәстүрлі исламнан алшақтай бастаған немесе уахабизм идеологиясының ықпалына түскенін білдіреді. Әдетте мұндай діни сөздерді, сөз тіркестерін теріс ағым өкілдері басқаларды кемсітіп, өздерін жоғары санап, артық етіп көрсету үшін жиі пайдаланады.

    Егер олар қасындағы (өздерімен пікірлес емес) қарапайым мұсылмандарды «кәпір», «жәһил» сөздерімен кемсітетін болса, онда өзге дін өкілдерімен қалай қарым қатынас жасамақ? Қоғамды мұсылман, джәһил, кәфир деген сияқты топтарға бөлгеніміз дұрыс па? Бұл мәселеге қатысты шынайы ислам не дейді? Мұхаммед пайғамбардың мұсылман бауырлармен, қарапайым халықпен, өзге дін өкілдерімен қарым қатынасы қандай болды?

    Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы «Кафирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Қуран).

    Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұл ұстанымды Мекке шаһарынан Мединеге келіп, жас мемлекеттің негізін қалаған кезден бастап орнатты. Ол бірінші кезекте сол қалада, қала маңында өмір сүріп жатқан өзге де дін өкілдерімен дипломатиялық байланыс қалады. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір жұдырықтай жұмдыру үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосу керек болды. Ол үшін парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» саясатын қолға алды.

    Расында да сол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, мәжусилер (отпарастар), мүшриктер (пұтпарастар) және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылары болды. Пайғамбардың «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» саясатын  тиісті деңгейде көріп, түсіне білмек үшін ислам тарихындағы «Мединелік келісім» атты парағынан мысалы келтірейік.

    Мединелік келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен. Расында да, Мединелік келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Медине шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.

    Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге «Мединелік келісім» келді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.

    Мысалы, келісімің бірінші тармағы Медине тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, мажусилер мен пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мединенің азаматтары болып табылды.

    Олар мұсылмандар сияқты мемлекет қамқорлығына алынды: «Біздің қамқорлығымызға алынған яһудилерге зияндық жасалмайды, ал олардың дұшпандарына көмек көрсетілдейді». Ертеде әр тайпаның қалада және далада да өз достары мен дұшпандары болған. Бұлардың арасында соғыс үздіксіз жалғасып, күшті тайпалар әлсіздердге, үлкен тайпалар кішілеріне зұлымдық жасап келген. Енді бұдан былай Мединеде жасаған бір тайпаның артында бірнеше тайпалардан құрылған күшті мемлекет тұрды.

    Осылайша мұсылмандар барлық тайпаларды бір басқару жүйесінің астына жинап, сол өлкедегі бүтін ұлттар мен діндерді бір араға қосты. Бұдан былай осы тайпалардың біріне немесе олардың дініне жасалған шабуыл, бүтін мемлекетке жасалған шабуыл деп саналды. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисы нақты айғақ болмақ:

    «Кім мұсылмандармен келісім жасасқан адамды өлтірсе, ешқашан жәннат иісін сезбейді» (Мүслим).

    Хадистен көргеніміздей мұсылмандар өзімен келісім сөз жасасқан тайпалардың, адамдардың нәсіліне, сенімі мен ұстанымына қарап айырмады, алаламады. Олардың барлығына мұсылмандармен тең қамқорлық және құқық берілді.

    Өйткені Мединада қабылданған «Мединелік келісімге» сәйкес егер адам мұсылман мемлекетінінің қамқорлығында өмір сүріп жатқан христианды немесе яһудиді олардың ұстанған діні үшін ғана өлтіремін деп серт беріп, кейін сол сертін орындап, олардың бірін  өлтірсе, онда ол адам үлкен күнә жасаған болады. Имам Термезидің риуаятында пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисін көреміз:

    «Мұсылмандар қамқорлығында өмір сүріп жатқан христиан немесе яһуди – Алланың және Оның елшісінің қамқорлығында болады емес пе?! Кім бұларды ұстанған діні үшін өлтіремін деп сөз беріп, кейін сол үшін өлтірсе, онда ол Алланың қамқорлығын бұзғаны. Ол адам жәннаттың иісін искемейді. Расында жәннаттың иісі елу жылдық жолдан мүңкіп тұрады». Осылайша мұсылман мемлекетінде өмір сүретін өзге дін өкілінің амандығы мен саулығына – Алла және Оның елшісі кепіл болған. Парасатты адам үшін бұл сөздердің қаншалықты маңызды әрі шешімді екені айтпаса да түсінікті.

    Қорыта келе құрметті оқырман, пайғамбар (с.ғ.с.) ешкімді дініне, тіліне, нәсіліне немесе түсіне қарап алаламады. Қасындағылар мен артынан ергендерді және қоғам мүшелерін мынау «джәһил», анау «кәфир», ал ол – «мүшрик» деп бөлмеді. Бір-бірімен қырық пышақ болмады. Керісінше, олармен бір үстөл басына отырып келісім жасасты, пайғамбарлық мөрін басып, «бір қоғам, бір мемлекет» саясатын жүргізді. Өз дініңді ұстан, өзге дінді де құрметте идеологиясын қолдады. Қоғамды бөлуге емес, біріктіруге күш салды.

    Бүгінде 18 конфессия және 130-дан астам этнос тұрып жатқан мемлекет үшін діни тұрақтылық, этносаралық қарымқатынас маңызды дүниелер. Сондықтан біз де бір-біріміздің ерекшелігімізге емес, ортақтығымызға көңіл бөлейік.

    Асыл БЕК