Жалпы, қазіргі Америка Құрама Штаттары туралы әңгіме қозғалғанда пікір білдірмей шетте тұратын адам  көрмейсің… 

Ал білдірілген пікірлердің ауқымы Американы идеалдандырудан бастап орта ұстанымдағы байсалды көзқарас пен жақтырмауға дейінгі аралықтағы кең диапазонды құрайтыны айтпаса да түсінікті.

Жақтырмаудың бір себебі, еліміздің бір кездегі Кеңестер одағындағы Америкамен қырғи-қабақ болған саясатынан бастау алса, оның  екінші себебі, біздің қоғамның көршіміздің ақпараттық кеңістігінде жатқандығымен түсіндіруге болатын шығар.

Ал қазіргі Ресейде Америкаға «тіл тигізу», жұмсақ айтқанда, адамға көрік беретін «жақсы қасиеттердің» қатарына енген. Әрине, бұл жерде бір елді мақтап, екіншісін даттау мақсат емес, өйткені Американың сыртқы саясаттағы кейбір ұшқары қадамдары жалғыз орыс елінде ғана емес, әлем елдерінде тілге тиек болып жүрген мәселе екені анық. Менің мақсатым – саяси тақырыпты қозғамайтындықтан бұл сарындағы әңгімені осы жерден тоқтатқаным абзал болар… Тек үлкен елдердің сыртқы саясатында «періштелер» жоқ екенін түсінсек болғаны…

Тақырып желісі бүгінгі Америкадағы өркениетаралық сұхбат орнату тәжірибесі болғандықтан мұны аталған елде болған жұмыс тәжірибеммен байланыстыра қарауды жөн көріп отырмын.

Осы орайда, бүгінгі дамыған Америка бір мезетте аспаннан аяғы салбырап түсе қалмағанын, ол өзінің қазіргі деңгейіне қоғамдағы нәсілдік, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-өркениеттік алшақтықтардан туындаған проблемаларды біртіндеп еңсере отырып қол жеткізгенін айта кету керек.

«Қол жеткізді» деп қорытынды шығару да асығыстық болар, өйткені қоғам ішіндегі жоғарыда айтқан алшақтықтар әлі де бар.

Десек те,  Американың салиқалығы да осында болса керек – бұл елдің азаматтары өз қоғамының ішіндегі сан жылдардан бері келе жатқан мәселелерді ашық айта алады және сол мәселелерді шешуге нақты қадамдар жасай алады. Америка жұрты бүгінде өз тарихындағы осы елдің байырғы тұрғындарын қан қақсатқан тұстарын немесе Африкадан құлдыққа әкелінген қара нәсілділерге көрсеткен қорлықтарын жылы жауып, үндемей отырған жоқ. Керісінше, соны ашық көтеріп, ел тарихындағы ақтаңдақтар үшін үндістер мен американдықтардан кешірім сұрай алады. Ең бастысы, олар бірін-бірі кешіре алады. Бұл да америка қоғамын жақсы жағынан көрсететін жақсы қасиет екені анық.

Қазіргі күнде америка қоғамы осы елдегі ислам діні мен мұсылмандарға қатысты мәселелерді өркениетті түрде еңсеруге қадам жасап отыр.

2018 жылғы сәуір-мамыр айларында американдық Өркениеттер арасындағы ынтымақтастықпен алмасу қорының (CECF) және оның басшысы Башар Арафаттың шақыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір топ өкілдерімен бірге аталған елде жұмыс сапарымен баруға жол түскен болатын.

Осы сапар барысында Американың солтүстік-шығысындағы (Мэриленд, Делауэр, Нью-Иорк, Вашингтон, Вирджиния штаттарындағы) мұсылмандар қауымдастықтарының жұмыстарымен кеңінен танысуға мүмкіндік алдық.

Қор басшысы, тегі сириялық американдық Башар Арафаттың ойға алып, іске асырып отырған жобалары ислам дінінің және мұсылмандардың Американ қоғамына интеграциялануымен байланысты өзекті мәселелерді көтеруімен құнды дер едім.

Қор басшысының айтуынша, егер американдық мұсылмандар дәстүрлі ислам қауымдастықтарына тән локальды (шектеулі) түсініктерді еңсеріп (біз ең дұрыспыз, біз тазамыз және т.б.)   ислам дінінің басқа діндегі өркениеттермен тату және қатар өмір сүре алатын көрсете алған жағдайда мұсылмандарға бұл елде кең жол ашылады. Ол үшін мемлекет тарапынан  барлық мүмкіндіктер жасалып отыр, сондықтан ендігі жүріс мұсылмандардың тікелей өздеріне байланысты.

Қор осы бағыттағы өз жұмыстарын Америкадағы христиандық, иудейлік ұйымдармен, оқу орындарымен, мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізе отырып, қазіргі күнде ислам діні мен мұсылмандарға қатысты қоғамдағы көзқарасты айтарлықтай жақсартуға қол жеткізе алған екен.

Қор басшысы американдық қоғам ішкі дүниесі тұрғысынан христиандық құндылықтарға үлкен мән беретін қоғам болғандықтан, шіркеу қызметкерлерімен және шіркеуге баратын азаматтармен ортақ тіл табысу исламға қатысты көптеген түсінбеушіліктерді еңсеруге және көпқатпарлы америка қоғамында өз өміршеңдігін дәлелдеуге жол ашатын мүмкіндік деп отыр.

СECF қоры осы мақсатта әртүрлі христиан шіркеулерінің шақыруымен жексенбілік дұғадан соң шіркеу жамағатына ислам діні мен оның құндылықтары туралы дәрістер оқып, жиналған жұрттың сұрақтарына жауап береді екен. Меніңше, өзіңді басқаларға таныстырудың тамаша жолы.

Қор сонымен қатар ислам діні қоғам өмірінде үлкен орын алатын елдерден Америкаға қоныс аударған мұсылмандармен осы ел туралы қалыптасқан келеңсіз стереотиптерді оңды бағытқа өзгерту бойынша  жұмыстар жүргізеді екен. Бұдан шығатын тұжырым – басқа өркениет ортасында «мен, мен» деп төсті ұра бергенше діни және басқа да сеніміңізге құрметпен қарайтын сол қоғаммен бейбіт әрі қатар өмір сүре алатыныңды дәлелдеуің керек. Одан басқа жол жоқ.

Осы ретте, Америкадағы мұсылман қауымдастықтарының қызметі кешенді сипатта ұйымдастырылғаны тәнті қылады. Олардың ғимараттарында мешіт, мектеп, балабақша, жексенбілік мектеп, сауат ашу курстары жұмыс істейді.

Мешіт жанындағы мектептер мемлекеттің білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды, тек бір ерекшелігі – араб тілі және исламдық мәдениет бойынша қосымша пәндер беріледі.

Ал жекелеген мұсылман қауымдастықтары жанында тегін қызмет көрсететін медициналық клиникалар жұмыс істеп отыр. Ал Америкада тегін медициналық қызмет көрсету қайырымдылықтың ең жоғары шыңы десе болатын болар.

Осы орайда, мешіт жанында жұмыс істейтін спорт үйірмелерінің, кітапханалар мен медициналық клиниканың есіктері тек мұсылмандар үшін ғана емес, сол округтегі басқа дінді ұстанатын барлық тұрғындарға ашық екен.

Мұсылман қауымдастықтарының «Ислам – мейірім діні» дейтін сөзді ісімен дәлелдеп отырған осындай қызметтері американдықтардың жүрегіне жол тауып отырғаны анық.

Жалпы, Америка үкіметі 2001 жылғы 11-қыркүйектен кейін елдегі мұсылмандарға қатысты түсінбеушіліктерді жою мақсатында елдегі исламдық орталықтармен тығыз, бірлесе жұмыс жасауды жолға қойыпты. Оны осы елде өткен кездесулерде болған мәдени орталықтар мен мешіт имамдарының барлығы айтып отыр.

Штаттар билігі, полиция департаменттері мен басқа да құрылымдар оларды жиі шақырып, ислам діні туралы дәрістер тыңдайды екен. Осындай кезде американдық жүйенің туындаған мәселені бірлесе шешуге деген ынтасы мен салиқалығына еріксіз тәнті боласың…

Осы орайда Америкадағы мешіттердің әрқайсысы дербес екенін және имамдарын мешіт жамағаты өздері сайлап алатынын айта кету керек. Мұны қандай да бір орталықтандырылған құрылымды қабылдамайтын американдық мәдениеттің өзіндік ерекшелігі ретінде қабылдау керек шығар.. мұны осы елге тән демократияның қанға сіңген құндылығы деуге де болады.

Жалпы, бүгінгі Америкадағы мұсылман қауымдастықтары басқа өркениет ортасында исламның жалпыадамзаттық құндылықтарын ілгерілете отырып, қоғамнан өзіне лайықты орындарын іздеу үстінде.

Адам құқы мен бостандығын басшылыққа алатын америка қоғамы – мұсылмандарды сәтті интеграциялай алатынына және мұсылмандардың осы елдің толыққанды азаматтары бола алатындығына еш күмән жоқ. Ең бастысы, бұған екі тараптан да үлкен ынта мен ерік-жігер бар.

Мейрам ИМАНБАЕВ,
мәдениеттанушы

Пікір жазу