Исламдағы пенделік құқық

    381

    Ислам діні діни әдебиеттерінде адамдардың орындауы міндеттелген «Алла алдындағы құқығымыз (Һуқуқуллаһ)» және «Пенделер алдындағы құқығымыз (Қуқуқу л-Ибад)» деген екі тақырыпта топтастырған.

    Кейбір әдебиеттерде «Алланың әрі пенденің алдындағы құқығымыз» деп үшінші құқықтың бар екеніне тоқталған. Алла алдындағы құқығымыз «Алланың әмірлеріне құрметпен қарау (Әт-Тағзим Ли-Әмруллаһ) және Алланың жаратқандарына мейіріммен қарау (Шәфкату әла Халқуллах) деген терминдік сөздермен қолданылған. Алланың әмірлеріне құрметпен қарау дегеніміз, Алланың бар және бір екеніне иман етіп және әмірлерін орындау арқылы орындалады.

    Ал пенде алдындағы құқығымыз, адамдардың жанына, дене мүшелеріне, нәсіліне және намысына, жеке басына, билігіне және лауазымына, діни сеніміне және өмір сүру салты секілді адамның жеке басына тиесілі құқықтары мен мал-мүлкі, жанұясына қатысты барлық құқықтарды қамтиды және бұларға қарсы жасалған жамандықтар, зиянды іс-әрекеттер мен қастандықтар, пенде құқығын таптау болып саналады. Бұл тапталған құқыққа діни әдебиеттерде «Мазлима» терминін қолданылған.

    Сонымен қатар, жымқыру бопсалау, адам саудасы, көтеріліс, адамның материалдық және рухани құқықтары мен мүдделері, адамның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына нұқсан келтіретін барлық іс-әрекеттер көптеген аяттар мен хадистерде тыйым салынған. Екінші жағынан, пенделік құқыққа қатысты ережелерде Алланың ережелері болғандықтан, бұлар заң аясында кең мағынада көрсетілген және бұл құқықтарды сақтау Алланың әмірлеріне құрмет ретінде де қарастырылған.

    Құран Кәрімде «Қуқуллаһ» сөзі қолданылмаған, алайда көптеген аяттарда Алланың құқығы туралы («әл-Исра» сүресі, 26-аят; «әр-Рум» сүресі 38-аят; «әз-Зариат» сүресінің 19-аяттына қараңыз), Әділдік жайында («әл-Бақара» сүресі 282-аят; «ән-Ниса» сүресі 58-аят; «әл-Әнғам» сүресі 152-аят), наразылық жайында («ән-Ниса» сүресі 127-аят және 135-аяты; «әл-Маида» сүресі 8-аят, 42-аят; «Худ» сүресі 85-аяты) және залымдық жайында («әл-Бақара» сүресі 279-аят; «ән-Ниса» сүресі 10-аят, 30-аяты; «әл-Хаж» сүресі 39-аят) аяттарында кеңінен баяндалған. Сонымен қатар, көптеген аяттарда адамдардың құқықтарына құрметпен қарау талап етілген және бұл құқықтарына қастандық жасау барлық іс-әрекеттер тиым салынды.

    Осы аяттарды ескере отырып Ислам ғұламалары, Құрандағы адам құқықтарын екіге бөліп қараған. Біріншісі, адамдардың материалдық және рухани құқықтарына қастандық жасау және зиян келтіру.

    Ал екіншісі, діни, моральдық және заңдық ережелердің талап еткен амалдарын орындамау. Нақтырақ айтар болсақ, адамдардың ұрлық, таразыда кем тарту және басқаны алдауларына, аманатқа қиянат жасау, құмар ойын және бопсалап мүлкін тартып алу сынды адамдар арасындағы әділетсіз орын алған амалдары [«Бақара»  сүресі 188-аят; «әл-Имран»  сүресі 161-аят; «ән-Ниса» сүресі 29-30-аяттар, 161-аят; «Тәубе» сүресі 34-аят; «Исра» сүресі 34-35-аяттар], адамның жанына қастандық [«Бақара» сүресі 84-85-аяттар; «Ниса» сүресі 92-93-аяттар], жала жабу, мазақ ету, жағымсыз ат қою, жамандау, кінәсін іздеу, ырзына (ар) қол салу [«Ниса» сүресі 112-аяттар; «Хужурат» сүресі 11-12-аяттар; «Қалам» сүресі 11-аят; «Хумаза» сүресі 1-аят] сынды Құран аяттары тиым салған адамдардың жеке басына қатысты құқықтары болып саналады.

    Сонымен қатар, осыған ұқсас көптеген Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен хадистер бар. Адам құқығының тапталуына байланысты ұстанымы және әрекеттерде қоғамдық, әрі жеке басқа қатысты айтылған тиымдарда осы дүниеде әрі ақыретте қайтарымы болатыны жайында сахих хадистер бар. Хадис әдебиеттеріне «Құл һаққы» бөлімде қарастырылған.

    Сондай-ақ ислам ғұламалары, Құран аяттарымен Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, үлкен күнәлардың да адам құқығының тапталатынын айтып өткен. Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте, Алла құзырында кешірілетін күнәлар, кешірілмейтін күнәлар және шартты түрде кешірілетін күнәлар деп үшке бөліп қарастырылған. Біріншісі, пенденің Аллаға қарсы жасаған күнәлары, екіншісі мойынсұнбау, үшіншісі болса пенденің тапталған құқығы екенін айтып өткен. [Мүснет VI, 240].

    Басқа бір хадисте, пенденің құқығын таптаған адамдар, ешқандай мүліктік кешірімнің болмайтынын және ақырет күні алдымен сол адамның кешірім алу шарты қойылатыны туралы айтылған [Бұхари «Мазалим» 10; «Рикак» 48]. Ислам ғұламалары, осындай аяттар мен хадистерге сүйене отырып, Алла алдында құл хаққына қатысты тәубелердің қабыл болып күнәлардың кешірілуі үшін құқығы тапталған адамдардың разылығын алу шарты бар екенін білдірген.

    Исламның әдепке қатысты жазылған әдебиеттерінде жалпы алғанда ізгілік пен инабаттылық, әділдік пен зұлымдық, достық пен дұшпандық, жомарттық пен сараңдық, мейірімдік пен ғазауат, турашылық пен жалғандық, аманат пен қиянат және қарапайымдылық пен менмендік сынды адамдар арасындағы қарым-қатынастарды қамтыған бөлімдерде кеңінен адам құқығы жайында сөз қозғалған. Солардың ішінде Ғаззалидің «Ихия Улумиддин» деп аталатын еңбегінде адам құқығының сипаты мен мазмұны жайында бірнеше бөлімде негізделіп жазылған.

    Исатай Бердалиев

     

    Библиография

    1. Ғаззали, Ихия Улумуддин, II-том, 157-221 беттер.
    2. Киуамуссунна әт-Тәйми, Әт-Тарғиб, (Нәшіреткен Әйман б. Салих б. Шағбан), Каир 1414/1993, I-том, 183-194 беттер; II-том, 360-362 беттер.
    3. Ибну л-Араби, Әл-Футухат, I-том, бет 148-149; VIII-том, 308-бет.
    4. Абдуллазиз әл-Бухари, Кәшфу л-Әсрар, Ыстамбұл 1308, IV-том, 1254 беттер.
    5. Зәһәби, Әл-Кәбаир уә тәдуину л-Махарим (Нәшіреткен Мухиддин Мусту), Димашқ-Бәирут 1407/1987, 40-181 беттер.
    6. Шатиби, Әл-Муафакат, II-том, 315-321 беттер.
    7. Нух Әли Сәлман, Ибрау з-Зиммә мин Қуқуқм л-Ибад, Амман 1407/1986, 16-20 беттер.

    Пікір жазу