Араб тіліндегі «الملكية» және «الملك» сөздері дүниеге иелік ету мағынасын білдіреді. Ислам дінінде адам баласының тіршілік ету сахнасындағы мал-дүниеге қол жеткізу құқығының өлшемі бар ма, жоқ әлде кез келген жолмен тапқан дүниесінің хақиқи иесі бола ала ма? деген сұрақтардың да туындары сөзсіз.

Дін – адам өмірін реттеуші негізгі фактор. Адам өмірін реттеу барысында дүние табудың да өзіндік шарттарын ұсынады. Адам сол шарттар аясында тапқан дүние-мүлкінің хақиқи иесі болса, ол шарттарға сай әрекет етпеген жағдайда тапқан дүние-мүлкінің хақиқи иесі болып саналмайды.

Бұл туралы Өмер Насухи Білмен, өзінің «Ислам құқығы» атты еңбегінде дүниеге иелік етудің себептерін үшке бөліп қарастырады: «Иелік етудің себептері үшеу: бірі сыйлық. Екіншісі, мұрагерлік. Үшіншісі, адал жолмен дүние табу». Яғни, адам баласы өмірде дүниеге қол жеткізуі біреудің екінші біреуге тұрғын үй, көлік, ақша және т.б. заттарды сыйға тартуымен немесе жақын туысқандарынан қалған дүниеге мұрагерлік ету жолымен мал-дүниеге иелік ете алса, үшіншісі де адал еңбек етумен, өзгелердің ақысына қиянат жасамау болмақ.

Осы жерде тағы бір айта кететін жәйіт, кез келген бір адам жалпыға ортақ болған жолдар, бау-бақшалар, оқу орындары, емханалар сынды мемлекеттің мүлкінде болған заттарды жеке мүддесі үшін артық қолдануы, саудаға салуы, ұрлауы, сыбайлас жемқорлық және көзбояушылық жасау арқылы лайықты болмаған адамды мемлекеттік грантқа іліндіруі және жеке адамдар арасындағы өзгеде түрлі қарақшылық жолдармен тапқан дүние-мүлікіне хақиқи иелік ете алмайды. Сол дүниеге ақылы болған адамдардың (халықтың) ақысын жеу, өзгелердің дүниесімен баю болып табылады. Біз төменде тек қана дүниеге ету себептерінің үшіншісі, яғни, адал еңбек ету жолымен болатын тіршілікке қысқаша тоқтала кетелік.

Жеке адамдардің мүлкін иемдену: Ислам шариғатында тапқан кірістің дұрыс болуының басты шарты екі жақтың разылығы. Мысалы: біреу үйін, машинасын және т.б. қандайда бір тауарын сатуда айыбын жасыру немесе өтірік мақтаулармен алдау арқылы өткізуі дұрыс емес. Өйткені, затты алушы адам тауардың айыбын немесе сапасыздығын білген жағдайда келісілген бағаға алмауы мүмкін. Тура сол сияқты жеке адамдардың дүниесін ұрлау, таразыдан жеу, қарызын бермей кету, аманатқа қиянат қылу, бір затты жөндеу барысында жақсы заттың орнына нашар зат қойып ауыстырып алу және т.б. қаралық жолдармен тапқан дүние табу дұрыс емес. Қысқасы осындай алдау, өтірік айту арқылы тапқан дүниеде кісі ақысын жеу, өзгелердің дүниесіне разылығынсыз қол жеткізу болғандықтан, ол дүниенің хақиқи иесі бола алмайды. Хақиқи иесі сол алданған адамдар.

Мемлекеттің мүлкін тонау немесе талан-таражға салу: Бұл дегеніміз, лайықты болмаған адамның қандайда бір жолмен мемлекеттік лауазымға отыруы немесе мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізуін айтуға болады. Көбінесе мұндай жағдайлар таныс-тамыр, сыбайлас жемқорлық жолдарымен іске асады. Мысалы: биліктің айналасына сол істің маманы болмаған тамыр-таныстарының жиналуы, халық арасындағы жеңілдік бағамен тұрғын үй алуға мұқтаж жандар үшін салынған үйлерге басқа біреудің иелік етуі, грантқа түсіп тұрған бір студенттің орнына лайықты болмаған бір студенттің кіріп кетуі, халықтың рухани және экономикалық өркендеуі үшін бөлінген қаржылар толықтай тиісті орындарына жұмсалмай, көзбояушылықпен талан-таражға түсуі сынды істердің барлығында кісі ақысы желініп жатыр. Бұл мәселеде дініміз әркім жауапкершіліктен қашпай, жауапты болған ісіне адалдық танытып, шамасы жеткенше шыңына жеткізіп орындауға тырысуы керектігін міндеттейді, шамасы жетпеген істі жүктемейді.

Қасиетті Құранда: «Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ оларды (яғни мал-мүліктеріңді) өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар» («Бақара» сүресі, 188-аят) делінсе, Айша (р.ғ.) жеткізген бір хадисте, Құрайыш тайпасының текті әулеті саналатын махзумия руынан ұрлық жасап қойған бір әйелдің ісін қарастыруға батылдық ете алмағандар әйелді жазадан құтқарудың жолын іздейді. Сөйтіп өзараларында Усама ибн Зәйдті (р.ғ.) Алланың елшісіне (с.ғ.с.) қылмыскерге арашашы етіп жібереді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Усама! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап: «Ақиқатында, сендерден бұрынғы үмметтер текті адам ұрлық қылса, оны қоя беретін, ал бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері арқылы жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер менің қызым – Мұхаммедқызы Фатима да бір ұрлық қылса, оған жаза кесіледі» (Бұхари, Мүслим) деген.

Ислам – өмір сүруде, дүние табуда кісі ақысы желінбеуіне, адам құқықтарының тапталмауына баса мән бере отырып, әділдік принциптерін ұсынған бірден бір дін.

Сондай-ақ, кешегі коммунизм режиміндегі еңбек етіп тапқан жеке адамдардың дүние-мүлкін мемлекеттік күшпен барымталап, ортақ бөліске салу да шариғат талаптарына қайшы.

Бүгінгі капиталистік жүйедегі ырықты орынға шыққандардың нарықтық бағаны өзінің ғана пайдасына қарай шешіп, монополиялық күш қолдануы да шариғатқа сай келмейді. Яғни, бірінде қоғамды дамытуға үлес қосқан пысықтардың еңбегін кертартпа, жалқаулармен тек бағалау болса, екіншісінде, ырықты орынға шыққандар қолындағы мүмкіндіктерімен өзгелердің де дамуына қолдау көрсетудің орнына оларды тығырыққа тіреп, банкрот етуді көздеу көрініс тауып жүр. Міне, осы тұрғыдан әрекеуінің олқылық тұстары бар.

Қорыта айтар болсақ, біреу айласын асырып екінші біреудің ақысы болған дүниесін қандайда бір жолмен қымқырып кететін болса, кісі ақысын жеген болады. Олар мұндай қаралық жолмен жиған байлығының шынайы иесі бола алмайды, шынайы иесі ақысы кеткендер. Ақысы кеткендерге сол дүниесінің ақысы қиямет күні Алланың құзырында қайтарылатын болады.

Самет Оқанұлы,
исламтанушы

Пікір жазу