Исламда да әйел теңсіздігі бар ма?

    441

    Жасампаз әлеуетке ие дәстүрлі діндерге «әйел теңсіздігі» ұғымы мүлде жат. Жалпы, әйел тақырыбы, соның ішінде дін және әйел мәселесі қай қоғамда, қай кезеңде болмасын өзіндік маңызға ие болған.

    Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам діні өзге діндерден оқ бойы озық тұрады.

    Ислам негіздері бойынша, ерлер мен әйелдер Алла алдында тең, яғни пенде ретіндегі міндеткерліктері бірдей. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде отбасылық қатынастарда әйел затына мейіріммен, құрметпен қарау насихат етіледі. «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталады.

    Барлық діндерде дерлік әйелдер мен ерлердің Жаратушы алдындағы міндеткерліктері мен жасауға тиіс құлшылықтары бірдей болып саналады. Құлшылық рәсімдерінің жекелеген бөліктерінде ерлер мен әйелдер үшін айырмашылық болуы мүмкін, ал рәсімнің өзі тұтастай алғанда баршаға ортақ. Исламда білім алу да әйелдер мен ерлерге бірдей парыз етілген.

    Діни қағидаттарда «ерлер мен әйелдердің теңдігі» деген түсініктен гөрі «ерлер мен әйелдердің бірін-бірі толықтыруы» деген түсінік басым қолданылатынына назар аударған жөн. Өйткені табиғи ерекшеліктеріне сәйкес ерлер мен әйелдер бір-бірінің мінезіне немесе қасиетіне ие бола алмайтыны секілді, бір-бірінің құқықтары мен міндеткерліктерін де иемдене алмайды.

    Ерлер мен әйелдер өздеріне тән мінез-құлқы, қасиеттері, құқықтары мен міндеткерліктері бар дербес тұлғалар ретінде қарастырылады. Барлық дінде дерлік әйелдердің құқықтары мен міндеткерліктерінің басым бөлігі олардың ана және жар ретіндегі отбасындағы роліне көбірек қатысты болып келеді.

    Ал ерлер отбасының асыраушысы, қоғамдағы негізгі міндеттерді атқарушы ретінде отбасынан тыс құқықтарға көбірек ие. Осы ерекшеліктерді теңсіздік ретінде бағалау дін негіздерін шынайы, терең түсіне білмеудің салдары деп білген жөн. Қазақтың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлының сөзімен айтқанда:

    Әйел жерден шыққан жоқ,

    Ол – еркектің баласы.

    Ерлер көктен түскен жоқ,

    Әйел – оның анасы.

    Әйелдер мен ерлердің құқығына деген қатынасын қазақ осылай қарапайым да түсінікті тілмен өрнектеген. Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі бір хақтары бар. Әйелдерден гөрі ерлердің дәрежесі артық», «Ерлер әйелдерден бір саты жоғары тұрады. Себебі олар әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген аяттар бар. Бұл жерде де әңгіме құқықтық басымдықтан гөрі міндеткерлікке көбірек қатысты болып отыр.

    Өйткені «дәрежесі артық», «әйелдер үшін мал-мүлкін сарп етеді» деген сөздердің астарында отбасының бүкіл іс-әрекетіне басшылық жасау, әйелге тиісті қалың мал беріп үйлену, оны асырап-бағу, онымен қоса балаларын да ішіп-жеммен, киіммен қамтамасыз ету, оларды оқытып, тәрбие беру, үй-жай ету секілді сансыз көп міндеткерлік тұр.

    Исламдағы ең ізгі қарым-қатынастардың бірі ретінде әйелдермен қатынастар көрсетіледі. Мұхаммед пайғамбардың: «Әйелдеріңмен жақсы мәміледе болыңдар. Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың», «Тіпті қолынан ине ұстау келмейтін болса да әйелдеріңізден ажыраспаңыздар» деген хадистері бар.

    Дегенмен исламда отбасы жауапкершілігі әйелдер мен ерлерге ортақ болып табылады. «Бәрің де жауапкерсіңдер және жауапкершіліктегі нәрселеріңнен сұраласыңдар. Патша қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Ер адам үй-ішіне жауапты, солар үшін сұралады. Әйел ерінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайынның мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады» деген хадистен осыны аңғаруға болады.

    Айтылғандардан аңғарылатынындай, әйел затына қатысты исламдағы көзқарастар қазіргі түсініктегі «теңсіздік» ұғымымен үйлесе бермейді.

    Пікір жазу