Иманға жай сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?

    577

    Сұрақ: Иманға жай сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?

    Жауап: Матуриди мәзһабының белді ғалымы имам әл-Бәздауй, өзінің «Ұсулуд дин» атты еңбегінде «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген тақырып аясында сенімдік мәзһабтарының ұстанымдарына былай тоқталады:

    «Әһлу сүнна уәл жәмәға[1] көзқарасы бойынша: «Иман мәселелеріне жалпылама иман ету жеткілікті. Тек қана күмәнді бір мәселе туындаған жағдайда, білім іздеп, ой жүгірту міндет болады. Тіпті, бір адамның «Алла Тағала жалғыз, ортағы жоқ. Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі және оның Алла Тағаладан жеткізген ісінің бәрі хақ» деген жалпылама сенімі де, мұсылмандығы да дұрыс.

    Ал, Мұғтазилиттер, «Адам иман еткен ісін егжей-тегжейлі білуі шарт», — дейді. Әшғарилердің де осындай бір көзқарасы риуаят етілген. Алайда, Ислам рүкундерінің бірі жайлы толық білімі болмаған бұқара халықты мұсылман деп үкім шығарған үмметтің (ғұламалардың), Әһлу сүнна уәл жәмәғаның (Матуриди мәзһабының) ұстанымы дұрыс екендігіне ижмәғы (бір ауыздан келісімі) бар»[2] деген.

    Имам әл-Бәздауидің көтеріп отырған, «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген мәселеге қатысты Матуриди мәзһабы бойынша, адамның иман мәселелеріне жалпылама иман етуі жеткілікті делінсе, Әшғари мәзһабы бойынша, адамның иман мәселелерін егжей-тегжейлі білуі шарт болып табылады. Әр екі мәзһабтың көзқарасын қате деуге келмейді.

    Бірі бұқара халықтың сенім мәселесіне селқостық танытпай, әрбір мәселені терең білуін діттесе, екінші мәзһаб көпшілік халықтың тіршілік деңгейін ескере отырып, діндегі жеңілдікті ұсынғанын көруге болады. Яғни, тақырыпқа байланысты екі мәзһаб арасындағы екі пікір – дінді түсіндіру тәсіліндегі айырмашылықты көрсетеді.

    Матуриди мәзһабы кең таралған Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың арасында, әсіресе, діни оқу орындарында (хұжыраларда) шәкірттерге әуелі Ислам жалпылама оқытылатын. Яғни, әуелі діндегі қырық парыз түсіндіріліп, білімін ұзақ уақыт жалғастырған шәкірттерге ғана дін ары қарай тереңдетіліп берілетін.

    Хұжыраларда көп оқылатын кітаптардың бірі «Иманшарт» кітабы. Бұл кітабта негізінен Исламдағы қырық парыз баян етіледі. Күні кешеге дейін әрбір қазақ баласына жастайынан бұл кітаптағы қырық парызды жаттатып өсіру ісі әдетке айналған еді.

    Кешегі солақай саясаттың әсерінен көп медреселер жабылып, дінге деген шектеу бұл үрдісті ұмыттыра бастағаны да белгілі. Әйткенмен, қазақ халқының әуелі діндегі парыздарды жалпылама түсіндіру тәсіліне баса мән беріп, діннің негіздерін қысқаша баяндайтын «Иманшарт» сынды кітапты көшпелі өмірдің үрдістеріне ыңғайлы етіп алулары Матуриди сенім мәзһабын берік ұстанғанының нақты бір дәлелі болмақ.

    Исламдағы қырық парыз «Иманшарт» сынды діни еңбектерде былай келеді:

    «Сұрақ: Мұсылман болған адамның мойнында неше парыз бар?

    Жауап: Қырық парыз бар.

    Сұрақ: Қырық парызды айырып-айырып түсіндір?

    Жауап: Бесеуі исламда, жетеуі иманда, он екісі намазда, үшеуі ғұсылда, төртеуі дәретте, төртеуі тәяммумда, екеуі әмру бил мәғруф, нәһи ғәнил мүнкар (жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю), екеуі хайыз бен нифәста, біреуі ғылым іздеуде.

    Сұрақ: Имандағы жеті парыз қайсы?

    Жауап: 1) Алланың барлығына, бірлігіне сену, иман келтіру. 2) періштелеріне сену. 3) кітаптарына сену. 4) пайғамбарларына сену. 5) ақырет күніне сену. 6) жақсылық, жамандықтың тағдырын Алладан деп сену, 7) өлгеннен кейін қайта тірілуге сену»[3].

    Қазақ халқының діни қайраткерлері саналатын Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы сынды ұлы тұлғалардың еңбектерін оқу барысында да иманды жеті негізге бөліп түсіндіргенін көреміз.

    Мысалы, Ш.Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты шығармасында:  «Әуелі Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым, періштелерінің барлығына нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күні болмақтығына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла Тағаланың тағдырысынсыз болмайтұғынына нандым һәм өлген соң тіріліп сұрау беретініне нандым»[4], — дейді.

    Ал, бұл мәселеге қатысты Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бір өлеңінде:

    «Болғанмен жақсы-жаман, бар бір өлу,

    Хақ екен өлген(нен) соң қайта келу.

    Иманның жеті парыз біреуі – осы:

    Тағдырды жақсы-жаман Хақтан білу.

    Өлімнен еш адам(ның) қалғаны жоқ,

    Пенденің иманы бар арманы жоқ.

    Иманның жеті парыз біреуі сол:

    Өлген соң тірілмек хақ, жалғаны жоқ»[5], — дейді. Яғни, әр екі ақын да «Өлгеннен кейін қайта тірілу» ісін «Ақырет күніне иман ету» мәселесінен бөліп, иманды жеті негізде қарастырады.

    Олай болса, матуридилік мектептің өкілдері неге «Өлгеннен кейін қайта тірілу» ісін «Ақырет күніне иман ету» мәселесінен бөліп қарастырды деген сұрақтың туындауы да әбден мүмкін. Оған имам әл-Бәздауидің: «Күллі қыбла иелері мен кітап иелері, «Өлгеннен кейін қайта тірілуді хақ», — деді.

    Философтар болса, рухтың тірілуін мойындағанымен, тәннің қайта қалпына келуін қабылдамады. Ал, мүшріктер  де (арабтар) Алланы мойындағанымен, «Өлім — шіріп жоқ болу, өлгеннен кейін қайта тірілу болмайды», — деді»[6] деп, өлгеннен кейін қайта тірілуге бір бөлім адамдардың күмәнмен қарайтынын айтады.

    Яғни, Матуриди мәзһабының өкілдері қоғамдағы бір бөлім адамдар үшін түсініксіз, күмәнді болған «Өлгеннен кейін қайта тірілу» мәселесіне арнайы бөлек тоқталып, иманды жеті негізде түсіндіру арқылы адамдарды көңіліндегі күдіктен айықтыру мұрат еткенін көруге болады.

    Қорыта айтар болсақ, Матуриди мәзһабы таралған қоғамдағы халықтың дүниетанымдық түсінігі тіршілігімен үндесе отырып, өзінің алғы шарттарын ұсына білген. Сондай-ақ, «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме, әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген сұрақ төңірегінде де, иман мәселелеріне жалпылама иман етудің жеткілікті екендігін алға тарту арқылы дінді халыққа сүйдіре білді.

    Сонымен қатар, иман негіздерін жеті бөліп түсіндіру мәселесінде де бір бөлім адамдар үшін түсініксіз болған «өлгеннен кейін қайта тірілу» ісіне айрықша жауап беріп, күмәннан айықтырудың жолын қарастырды. Матуриди мәзһабының көптеген өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқы ғасырлар бойы бұл мәзһабты ұстанып келді деуге болады.

    Бұл — біздің рухани басты бағытымыз болуы керек.

    [1] Ескерту: Автор «Әһлу сүнна уәл жәмәға көзқарасы бойынша» деген сөзімен Матуриди мәзһабын мұрат етеді.
    [2] Ұсулуд дин лил имам Әби Юср Мұхаммад әл-Бәздауи, «Мәктаба әзһария лит-Турас» баспасы, Қаһира. – 2005. 271 бет. 154 б.
    [3] Қазақша түсіндірмелі Арабша әліппе (өздігінен үйренушілер үшін), Құрастырған: Ескісағат Ж.Н. Үрімжі – 1987. 71 б.
    [4] Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Шығармаларының үш томдық жинағы, Үзілмеген үміт. Алматы: Халықаралық Абай клубы. – 2008. 2-том, 422 бет. 364 б.
    [5] Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Көп томдық шығармалары, «Алаш» баспасы, Алматы. – 2003. 1-том, 504 бет. 315 б.
    [6] Ұсулуд дин лил имам Әби Юср Мұхаммад әл-Бәздауи, «Мәктаба әзһария лит-Турас» баспасы, Қаһира. – 2005. 271 бет. 160 б.